Қоғам • 24 Сәуір, 2025

Таланттарды топтастырған «Мың бала»

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың қара домбырасының құлағында ойнап, әндерін нақышына келтіре шырқайтын өзге этнос өкілдерінің көбейгені қуантады. Қазақша сөйлеп, ұлттық рухани құндылықты әспеттеп жүрген жастардың бірқатары – «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының қатысушылары. Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл игі бастамасына 10 жыл толды.

Таланттарды топтастырған «Мың бала»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның былтырғы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессиясында «Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қарым-қатынас тіліне айналады» деген еді. Байқап бағдарласақ, қоғам біртіндеп осыған келе жатыр. Мұны қазіргі кең таралған үрдіске, осы бағытта жасалып жатқан саяси қадамдарға қарап аңғаруға болады. Әрине, бұл ретте ҚХА-ның рөлі айрықша. Ұйым мемлекеттік тілді ілгерілетіп қана қоймай, ел азаматтарын ортақ құндылық аясында ұйыстыруда, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуда ауқымды жұмыс атқарып отыр.

Оның бірі әрі бірегейі – қазақ тілінде жатық жазып, еркін көсілетін жастардың басын қосқан «Мың бала» жобасы. 2015 жылы іске қосылған бастама мемлекеттік тілді меңгеруді міндеттеуден гөрі, өзің үлгі болсаң, айналаң да бой тіктейді деген ұстанымды алға тартады. Бұл ойды күні бүгінге дейін 3 млн-ға жуық өзге этнос өкілі қолдап, жобаға қатысты.

Сол ұлттық өнерді ұлықтап жүр­ген жастардың арасында ақтөбелік Александра Погорелова да бар. «Мың бала» жобасының 13 жастағы жеңімпазы жетіген аспабында кәсіби деңгейде ойнап, қазақ әндері арқылы халқымыздың рухани мұрасын дәріптеп жүр.

– Жоба поэзия, бейнероликтер жарысы, тіл үйретудегі авторлық бағдар­ламалар, шешендік оқулар сынды түрлі бағыт-бағдарды қамтитын байқаулардан тұрады. Мен жетігенде ойнап, өнер көрсеттім. Өзге қатысушылар да – өз өңірінде бас жүлде иеленген кіл мық­тылар. Қатарымызда өлең жазатын қабі­леті бар, суырыпсалма жас ақындар, сондай-ақ қазақ шайырларының өлең­деріне ән жазатын сазгер дарынды жастар болды. Біразымен жақын дос болып араласып кеттік. Бастысы, жоба қазақ халқының салт-дәстүрін тереңінен меңгеруге, поэзиясына деген қызығушылығымды арттырды, – дейді А.Погорелова.

2015–2024 жылдар аралығында аталған жоба аясында елімізде 125 мың­нан аса іс-шара ұйымдастырылған. «Мың бала» жобасының өңірлерде өтетін биыл­ғы іс-шаралары қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына, халқымыздың біртуар перзенті, күйші Нұр­ғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналады.

– Былтыр өңірлерде мұғалімдер ара­сында қазақ тілін жедел оқытуға бағыт­талған инновациялық «Тілім – тірегім» атты әдістеме конкурсы, шешен­дік өнерді дамытуға ықпал ететін, мем­лекеттік тілде сөйлеу дағдыларын жетіл­діретін «Өнер алды – қызыл тіл» атауымен тренинг, курстар, балабақша, мектеп пен жазғы лагерьде ұлттық, спорттық ойын­дар, конкурс­тар мен викториналарды қамтитын «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» ойын алаңы, «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық байқауы ұйымдастырыл­ды. Қазақстан халқы тілдері күніне арнал­ған жалпы республикалық ашық дик­тант өтті. Сондай-ақ әлеуметтік желілер­де #Мыңбала2024 хештегімен ақын Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай шығармаларын оқудан челлендж жарияланды. Осылайша, жоба жастардың ұлттық рухты сезінуіне, ең бастысы, бірлік пен татулықты терең түсінуіне жол ашты, – дейді Мәдениет және ақпарат министрлігі ЭҚДК «Қоғамдық келісім» РММ қызметкері Үмбігүлсім Ахметжанова.

Былтыр жобаның «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық байқауының жеңім­паздары дәстүр бойынша Астанаға арнайы шақырылып, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Мәдениет және ақпарат министрлігінің дипломдарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сол концертте «Мың бала» жобасының жеңімпазы Зарина Эргашбекова өз өлеңдерімен жұртты тәнті етті.

– Ұлтым – өзбек. Түркістан облысының Сайрам ауданында дүниеге келіп, қазір Павлодар облысында тұрып жатырмын. Ата-анамның шешімімен қазақ сыныбына бардым. Соның арқасында бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлеймін, ойлаймын, тіпті ішкі жандүниемді қара өлеңмен жеткіземін. Жобаға поэзия бағыты бо­йынша қатысып, 4-5 авторлық туындымды ұсындым. Осы жоба маған ерекше шабыт сыйлады. Бірлік пен татулықтың қадірін терең сезіндім, – дейді жас ақын.

Демек «Мың бала» – жай ғана жоба емес, бұл жүректерді жақындастырып, түрлі этнос өкілдерін бір ту астына біріктірген алаң. Ал тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, тұтас бір халықтың жан-дүниесін жеткізетін рухани байлық.