Энергетика • 18 Сәуір, 2025

Атом саласын дамытудың ұзақ жолы

0 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміз бейбіт атом энергетикасын бұрынғыдан әлдеқайда терең игеруге нақты қадам жасап, игілігіне пайдалануға шешім қабылдады. Негізі қазаққа атом энергетикасы бөтен сала емес. Ақтауда 1973-1999 жылдары әлемдегі алғашқы шапшаң нейтрондағы БН-350 тәжірибелік-өнеркәсіптік реакторын ойдағыдай пайдаландық. Қазіргі заманауи III+ буынды АЭС отандық ғалым-мамандарға түк те таңсық емес.

Атом саласын дамытудың ұзақ жолы

Фото: Ашық дереккөз

АЭС-ке қатысты өткен жалпы ұлттық референдумда қоғам дұрыс таңдау жасады. Ел жоғары технологиялық атом энергетикасы саласын дамытуды қолдап, өз ұстанымын ашық білдірді. Бұл қоғам санасының деңгейі мен отандық ғалым-мамандардың кәсіби білігіне деген күмәнсіз сенімін көрсетеді. Энергетикалық қауіпсіздіктің прагматикалық мақсатына сүйенсек, сондай-ақ еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші екенін ескерсек, АЭС салу – айқын әрі тиімді шешім.

«Мұндағы мақсат – энергетика саласын әртараптандыру. Энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, қолда бар энергия ресурстарының құны мен санына тәуелділікті азайтып, отын-энергетика базасын кеңейтеді. АЭС экономиканың барлық саласына, сондай-ақ ғылымға, білімге оң мультипликативтік әсері зор болады. Жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен сабақтас салалардың жедел дамуына ықпал етеді. Әлеуметтік түрлі салада күрделі мәселені тиімді шешуге көмектеседі», деді Ұлттық ядролық орталық Бас директоры Ерлан Батырбеков.

Оның айтуынша, уранды тұтынудың ішкі нарығы пайда болады. Оған қоса, АЭС жылу бөлетін жинақтарды (ЖБЖ) шығаратын қолданыстағы өндірістің қуатын ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ осы салада бұрыннан бар жұмыс тәжірибесіне қосымша ретінде атом энергетикасы саласындағы біліктілікті айтарлықтай арттырады.

Бүгінде АЭС тұрақты, жоғары технологиялық және экологиялық таза энергия көзі болып саналады. Мұндай энергия көзі мемлекетті экономикалық тұрғыдан дамытуға қажет етілетін энергияның негізгі құрамдас бөлігіне деген мұқтаждығын қамтамасыз ете алады.

«Елде АЭС салып, оны пайдалануға барлық қажетті жағдай бар. Бұл – атом саласындағы инфрақұрылым мен біліктілік. Тек ҰЯО құзырында ғана 2 зерттеу атом реакторы жұмыс істеп тұр. Оның ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар өнеркәсіптік атом реакторынан айырмашылығы жоқ. Дұрысы бұл – дайындықтан өткізілген кадр және кадр даярлауға арналған мықты инфрақұрылым. Сонымен қатар бұл – радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу тәжірибесі мен инфрақұрылымы және т.б. Еліміздің дамыған уран өнеркәсібі бар», деді ҰЯО бас инженерінің орынбасары Денис Зарва.

Бірінші кезекте, атом энергетикасы біздің елге бөтен сала емес екенін есте ұстаған жөн. Ақтауда шапшаң нейтрондардағы БН-350 тәжірибелік-өнеркәсіптік реакторы жақсы жұмыс істеді. Соның арқасында, энергетиканы әртараптандыруға, көміртегі бейтараптығына, экология мен халық саулығына кері әсерін көп төмендетуге қол жетті. Ғылым мен өнеркәсіпке қуатты серпін беретін елімізде салуға қаралған заманауи және қауіпсіз III+ буынды атом электр стансасын енгізуге барлық жағдай жасалған.

«Өткен жыл еліміз үшін барлық әлеуметтік-экономикалық даму бағыты бойынша, оның қатарында атом энергетикасы саласында да өте табысты болды. ҰЯО барлық бағыт бойынша бюджеттік және бюджеттен тыс қаржыландыруда ғылыми-техникалық бағдарлама-жобаларды жүзеге асырды. Бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландырудағы ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарлама туралы айтайын. Қазір біз шешетін ғылыми міндеттер өзекті әрі сұранысқа ие. Бағдарлама – атом энергетикасын тиімді, қауіпсіз пайдалануға, саланы дамытуға, басқарылатын термоядролық синтез технологияларын өрістетуге, оның қатарында КТМ токамагы негізінде дамытуға, климаттық өзгерісті бағалауға және климаттың өзгеру салдарын жеңілдету бойынша ұсынымдар әзірлеуге, халық шаруашылығы айналымына беруге жоспарланған ССП аумағының жер ресурстары мен су объектілерін тұрақты басқаруды негіздеуге бағытталған», деді Ерлан Батырбеков.

Бюджеттен тыс бағдарлама шеңберінде орталықтың халықаралық тапсырыс топтамасына АҚШ, Жапония, Франция ұйымымен жаңа реактордың ядролық қауіпсіздігін арттыруға, таратпау мәселесін шешуге бағытталған жобаларға жасалған келісімшарт кіреді. Жапондық ұйыммен бірге сұйық металл жылу тасығышы бар шапшаң нейтрондардағы реактордың қауіпсіздігі мәселесін қолдауға ғылыми-зерттеу жұмыстары сәтті жүргізілді. Жапонияның атом энергиясы агенттігімен жаңа Post EAGLE-3 келісімшарты жасалып, ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы қосымша келісімге қол қойылды.

SAIGA жобасы бойынша Францияның Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариатымен жұмыс жалғасты. Жобаның мақсаты – француздық шапшаң нейтрондарындағы ASTRID реакторының ауыр авария кезіндегі отын жинағының жай-күйін зерттеу. Эксперименттік құрылғының, натрий тұзағының жобасы пысықталып, SAIGA эксперименттік құрылғысының физикалық макетімен ИГР реакторы іске қосылды. Ол құрылғымен реакторды іске қосу қауіпсіздігін негіздеу бойынша есептеулер жүргізілді. Сондай-ақ, Үлбі металлургия зауытында SAIGA эксперименттік құрылғысының жылу бөлгіш жинағының жылу бөлгіш элементтерін жарақтандыруға арналған отын таблеткалары мен оның физикалық макетін дайындау ісі жүзеге асты. Қазір тұзақтық натрий контурын құрастыру жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Бұрнағы жылы ҰЯО зерттеу реакторларын конверсиялау бойынша жоспарланған барлық іс-шараны жүзеге асырды. Конверсиялау бойынша сәтті жүргізілген жұмыстан кейін бүгінде ИВГ.1М реакторы ТБУ-дағы жаңа актив аймақпен жұмыс істейді. ЖБО-ның таралу қаупін азайту мақсатында былтыр ҰЯО мамандарының күшімен ИВГ.1М реакторының пайдаланылған ядролық отынын (ПЯО) сұйылту және иммобилизациялауға жеке өз технологиясын әзірлеу жұмысы жалғасты. Негізі, теориялық ізденіспен зертханалық зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижелері МАГАТЭ сарапшыларына ұсынылды. Қазір ҰЯО тұжырымдамалық технологияны әзірлеуге кіріскен.

ТБУ отынымен жұмыс істейтін ИГР реакторының сипаттамасын сақтап қалу, оны жақсарту мақсатында реактордың жаңа актив аймағының құрамы мен конфигурациясын оңтайландыру жұмысы жалғасты. Жүргізілген есептеу мен талдау реакторды ТБУ отынына ауыстыру мүмкіндігін растады. Реактордың сақталған сәулеленбеген ЖБУ отынын сұйылту жұмысы аяқталды. Осы реактордың қолда бар сәулеленген ЖБО-ын сұйылту мен кәдеге жаратудың өзіндік бірегей технологиясын іске асырып, ҰЯО күшімен ИГР реакторының жаңа эксперименттік ТБУ отынын өндіру тәсілдерін әзірлеу ісі жалғасын тапты.

«Өткен жылдың үлкен жаңалығы – ҰЯО-қа ЖБО-ын қайта өңдеу учаскесінің жабдығы жеткізілді. «Байкал-1» ЗРК-де осы отынды қайта өңдеу учаскесін құру мен тестілеу бойынша жобалық жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ жаңа бағыттарды дамытуды жалғастырдық. Басқарылатын термоядролық синтез бен сутегі энергетикасы технологиясын дамытуды қолдау жұмысы сәтті жүргізілді. Мұнда бюджеттік және бюджеттен тыс бағдарламалар шеңберінде, оның ішінде ТМД елдерімен КТМ токамагы эксперименттік кешенін бірлесіп пайдалану туралы келісім мен Халықаралық ИТЭР ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім аясында ғылыми-зерттеу жұмысын орындаймыз. Оның шеңберінде конструкциялық материалдарды зерттеу жөніндегі төртінші жоба іске асырылып жатыр», деді ҰЯО «Атом энергиясы институты» филиалы директорының материалтану зерттеулері жөніндегі орынбасары Ерболат Қоянбаев.

Орталықта Сутегі энергетикасы технологияларын дамыту саласында биыл құрылған Сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзырет орталығы базасында метан пиролизін жүзеге асыруға арналған қондырғы әзірлеу мен баптау жұмысы сәтті аяқталды. Эксперименттік зерттеу жүргізілді. Осы бағытта ғылыми-эксперименттік база кеңейеді. Радиациялық қауіпсіздік және экология саласында үлкен жұмыс атқарылды. Қауіпсіздік пен экология саласында төтенше радиациялық қауіпті аймаққа жатқызылған аумақтардың бір бөлігіне кешенді экологиялық тексеру жүргізу жұмысы да мәресіне жетті. Қоршаған ортаның жай-күйін радиациялық мониторингілеу жүйесі құрылды. Ол ССП-дағы радиациялық жағдайдың кез келген өзгерісін қадағалап, жедел ден қоюға кепілдік береді.

«Бұған қоса жұмыс тәжірибеміз, өзіміз әзірлеген зерттеу әдістері мен жаңа технологиялар бүгінгі таңда ССП аумағында ғана емес, елдің басқа да радиациялық қауіпті объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап көрсеткім келеді. Таратпау режімін және Ядролық сынаққа жан-жақты тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) қолдау стратегиялық бағыты шеңберінде бірегей жоба іске асырылды. «Балапан» мен «Сарыөзен» сынақ алаңының аумағын зерттеу, сезімтал ақпарат болуы мүмкін нысанды іздеуде ауқымды жұмыс жалғасып отыр», деді Ерлан Батырбеков.

Жүргізілген зерттеу негізінде биыл «Балапан» және «Сарыөзен» алаңындағы 1069 және 215-ұңғымалардағы жаппай қырып-жоятын қарудың таралу қаупін азайту жобасы орындалды. «Балапан» сынақ алаңындағы пайдаланылмаған екі ұңғыманы жою жобасын іске асыруға енді кірісті. ЯСЖТШ-ны қолдау мақсатында ССП аумағында ұлттық сейсмикалық желіні калибрлеу және өңірлік сейсмикалық годографты нақтылауға ғылыми-зерттеу жүргізілді. ЯСЖТШ-ның Халықаралық мониторинг жүйесіне кіретін барлық сейсмикалық және инфрадыбыстық мониторинг стансасының үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілді. Бурабайдағы сейсмикалық станса ішінара жаңғырды. Радионуклидтік мониторинг стансасы пайдалануға берілді.