Еңбек • 18 Сәуір, 2025

Атакәсіпке адалдық

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Дала төсіндегі жылқышы отбасында өмірге келген Дәлубай қаршадайынан малдың қадірін біліп, оны бағу мен өсірудің қыр-сырына қанығып өсті. Мал бағу оңай кәсіп емес, біле білгенге үлкен ғылымды, терең парасатты, қайтпас жігер мен табандылықты қажет етеді. Дала сырын меңгеру, малдың жай-күйін түсіну, өзің мал дәрігері, өзің табиғат тамыршысы, өзің сейіс, қысқасы, жан-жақты дала академигі болуың керек.

Атакәсіпке адалдық

Дәлубайдың әкесі Қалмырза ақсақал Маңғыстауға белгілі жылқышы болды. Кеңестік кезеңдегі социалистік жарыс нәтижесінде озат атанып, аты озып, атағы аспандады. 14 жастағы бала кезінен әкесімен бірге жылқы баққан Қалмырза Төлеев 1948 жылдан бастап Қарасай, Правда, Маңғыстау, Сам ұжымшарлары мен кеңшарларында жылқышы болып, 1994 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты. 1977, 1979, 1982 жылдары «Чемпион жылқышы» атағын алса, 1973 жылы социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. 1982 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, Үкімет тарапынан машина иеленді. Жары Несібелі Нұғыманова көмекші жылқышы болып, шаруашылықтың бейнетін ерімен бірге арқалай жүріп, өмірге 7 ұл, 4 қыз бала әкелді. 11 баланың бесіншісі Дәлубай Отан алдындағы әскери борышын өтеген соң, жылқышы құрығын қолына алды.

– Қазақта баланы отау шығарады деген бар ғой. Әке-шешем де алдыма он жылқы, алты түйе, бірнеше ұсақ мал салып, мені 1998 жылы қасына бөлек отау шығарды. Әкем адал еңбек етуімді қадағалап, ақыл-кеңесін айтып отырды. Күнкөріс, бала-шаға қамы үшін осы малды өсіру керек болды. Заманның да қиындау кезі еді. Бірінші ағам Әлқуат «Қайрат» шаруа қожалығын құрды. Сол шаруашылықтың құрамында малымызды өсірдік. Кейінірек «Қайрат» шаруашылығынан «Дәлубай» шаруашылығы болып бөлініп шықтым. Мал басын көбейттім. Негізінен жылқы мен түйе малына мән бердім. Ойымыз іске асып келеді. Еңбектің жемісі, жетістігіміз әке-шешеден көрген-түйгеніміздің нәтижесі, олар берген тәрбиенің, өнегенің арқасы. Әрбір ойым іске асқан сайын аязды қыс пен аптап ыстықта белбеуіне қыстырған қамшысымен ат үстінде келе жатқан әкемнің бейнесі көз алдымда көлбеңдеп тұрады. Іштей әкеммен сырласып жүремін, сыйынып жүремін, – дейді Дәлубай.

Дәлубай жары Айтбибімен бірге бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда үлкен баласы мен келіні Мейірбек пен Салтанат сенімді көмекшілері. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, көзін ашқалы мал шаруашылығын көріп өскен, малсақ  атасы Қалмырза мен әкесі Дәлубайдың тәлі­мін көріп, тәжірибесін сіңіріп өскен ұлы малды жүдет­пей, шаруаны жұтатпай кәсіпті дөңгелетіп алып кетті.

– Үлкен балам өзімнің жолымды қуды. Ақылбек пен Жәнібек теміржолшы мамандығын таңдады, қызым Жадыра мұғалім мамандығын алды. Келіндерім Салтанат, Мөлдір, Арайлымның да мамандығы – мұғалім. Қазірде үш ұлым мен бір қызым үйлі-баранды, олардан 14 немере, жиен бар. Кенже қызым Жазира Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы университеттің тарих факультетінің 2-курсында оқиды. Балаларым шаруаның жай-күйін жақсы біледі. Шаруашылықтың қиындығы көп болады. Жалпы, шаруашылығымда 5 адам бар. Қосағым Айтбибімен бірге балаларға ақыл-кеңесімізді айтып, жөн сілтеп отырамыз. Алдағы ойымыз – мал басын көбейтіп, өнім өндіріп, халыққа ұсыну. Ет, сүттен табиғи өнім дайындап, оны сататын дүкен ашсақ деген ойымыз бар, – деп жалғады сөзін Дәлубай Қалмырзаұлы.

Өткен жылы Дәлубай Төлеев Астана қаласында өткен ауылшаруашылық еңбеккерлерінің форумына қатысып, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолынан «Еңбек даңқы» орденін алды.

– Президенттің қолынан орден алудың өзі бір қызықты оқиға болды. Орденді алғанша сенбедім. Бейнеуден Астанаға қарай пойызбен шыққанмын. Қандыағашқа жақындағанда бейтаныс адам телефон шалып, Қандыағаштан түсетінімді айтты. Айтқандай, пойыздан түсіріп, Ақтөбе қаласынан ұшаққа отырғызды. Қай жерде де жас жігіттер күтіп тұрды. Марапат алған кездегі жүріс-тұрысын, Президенттің қолын қалай ұстайтыныңа дейін түсіндірді. Бірақ 3-4 мың адамның алдында Президентке жету де мен сияқты шаруа адамына оңай емес. Дегенмен табиғат берген қалпымнан айнымай жүріп өттім. Президенттің жүзінен жылулық, қарапайымдылық көрдім. Көңілім жайланды, – деген Дәлубай сөзінен, мінезінен нағыз шаруагердің, дала адамының аңқылдаған қарапайымдылығы аңқып тұр.

Матай құмды құтты қоныс етіп, малды мыңғырту арқылы ел экономикасына үлес қосып жүрген шаруагер Дәлубайдың еңбегі ұшан-теңіз. Атакәсіпті мансұқ етпей, қасиетті құрықты қолына алған әулет жастарының дала төсінде баба жолын жаңғыртып, төрт түліктің сауабын арқалай беруіне тілекшіміз.

 

Маңғыстау облысы