Алматы • 14 Сәуір, 2025

Алматыда кенемен күрес маусымы басталды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда аумағы 2300 гектардан астам саябақтар, сквер мен орман алқаптарында кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары жасалады. Бүгін Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жалпы ауданы 1764,9 гектар болатын 8 орман массиві мен 601,6 гектардай 101 қалалық саябақ пен алаңдар өңделетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда кенемен күрес маусымы басталды

Фото: qarmaqshy-tany.kz

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының айтуынша, кенелерге қарсы бақылау энтомологиялық әдістермен де жүргізілмек. Эпидемия маусымының басында мамандар адамдардан алынған 34 кене үлгісін зерттегенде, бір кенеден энцефалит антигені табылған.

«Кене шағып алмау үшін біз алматылықтарға табиғат аясына шыққан кезде жабық киініп, репелленттер қолданып, серуеннен кейін өздерін, жеке заттарын мұқият тексеруге кеңес береміз. Кене шағып алса, төрт күннен кешіктірмей медициналық көмекке жүгіну маңызды»,  дейді Әсел Қалықова.

Сондай-ақ, маман қалада қосымша вакцинация, Денсаулық сақтау басқармасының қоймасында бельгиялық TicoVac вакцинасының 11 447 дозасы бар екендігін еске салды. Бастапқы курс үш дозадан тұрады, бірақ қыста егуге үлгермегендер үшін шұғыл схема қарастырылған.

Халықты кене энцефалитінен қорғауға бағытталған кенеге қарсы ауқымды іс-шаралар туралы Алматы қалалық дезинфекция орталығының директоры Айнұр Аққошқарова баяндай келе, биылғы өңдеу жұмыстары екі сатыдан тұратынын, кенеге қарсы 144 152 000 теңге бөлінсе, бір турға 72 миллион теңге жұмсалатынын хабарлады.

Айнұр Аққошқарова биыл жаңа «Ципертрин» препараты қолданылатынын да атап айтты. Гектарына 0,75 литр тұтыну нормасымен 3 579,6 литр көлемінде препарат сатып алынды. Кенелер бір дәріге үйреніп кетпеу үшін болдырмау үшін ол жыл сайын жаңартылып отырады. Мысалы, 2023 жылы «Фаворит В.К. Е.», 2024 жылы «Дельтекс» қолданылды.

«Өңдеу жұмыстарын арнайы дайындықтан өткен дезинструкторлар мен дезинфекторлар жүргізеді. Барлық мамандар тұрақты нұсқаулықтан өтіп, қажетті асай-мүсеймен толық қамтамасыз етілген», – дейді орталық директоры.

Қазіргі таңда Алматы қалалық дезинфекция орталығының қарамағында ыстық және суық тұман термогенераторларымен, гидропульттермен, «Фазенда» бүріккіштерімен, сондай-ақ автокөліктермен жабдықталған екі мобильді бригада бар. 2025 жылы үш жаңа жабдық,  бес мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары сатып алынған.

АЛМАТЫ