Ғылым • 11 Сәуір, 2025

Механика теориясы – технологияның негізі

190 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, PhD Мөлдір Қуатова – механика, машина және механизмдер тео­риясын меңгерген жас ғалымның бірі. 25 ғылыми жұмыс пен 7 патенттің авторы. Мақалалары «Scopus», «Web of Science» секілді халықаралық журналда жарияланған. Қазіргі таңда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетте ғылым-инновациялық департаменті директоры, академик Ө.Жолдасбеков атындағы механика және машина тану инс­титутында жетекші ғылыми қызметкер.

Механика теориясы – технологияның негізі

Жас ғалымның инновациялық жобасы – гибридті иінді пресс әзірлеумен байланысты. Өнер­табысты автомобиль, авиация және металлургия өнер­кәсібінде қолдануға болады. Ғалымның тағы бір маңызды жобасы – инженерлерге жаңа машиналар мен механизмдерді жобалауға көмектесетін рычагты механизмдер атласы. Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты аясында жүзеге асқан жоба еліміздегі машина жасау өндірісінде үлкен сұранысқа ие. Мөлдір Қуатованың жетек­шілігімен іске асқан жас ғалымдар тобының бұл жұмысы машина жасау өнеркәсібін дамыту, цифр­ландыру мен жаңа технологияларды енгізуде маңызды қадам саналады.

Ғалымның жетекшілігімен әзірленген классикалық иінді пресс дизайны дәлдікті, беріктікті және энергия тиімділігін арттырады. Мұнда қуат тұтыну 20-дан 15%-ға дейін азайып, дәстүрлі мо­дельмен салыстырғанда жаб­дықтың қызмет ету мерзімі
30 пайызға артады.

«Қазіргі кезде көптеген жаб­дықтың 80 пайызы шетелден алынады. Егер де отандық өндірісімізді дамытатын болсақ, шетелдік жабдықтарға тәуелділік 30-40 пайызға азаяр еді. Бұл еліміздің машина жасау өндірісін дамытып, шығынды азайтады. Иінді престер автомобиль, авиация, металлургия және құрылыс салаларында кеңінен қолданылады. Қазіргі уақытта технологиялық үдерісті жетілдіру және ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында пайдаланылатын эксперименттік үлгіні аяқтап жатырмыз. Енді одан әрі сынақ жүргізіп, өнеркәсіптік қолдануды бағалауға мүмкіндік беретін прототипті әзірлеу кезеңіне көшеміз. Болашақта технология­ны отандық кәсіпорындардың қажетіне қарай бейімдеп, өндіріске шығармақшымыз. Бү­гін­де елімізде иінді престердің әлеуетті тұтынушылары болатын кәсіпорындар бар. Бұл шамамен 200-ден астам машина жасау және тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі 30-ға жуық кәсіпорын», дейді жоба жетекшісі.

Ғылым жолында дұрыс таңдау жасай білгенін алға тартқан жас ғалым медициналық жоғары білімі бар алғашқы қазақ қызы Гүлсім Асфендиярова, алғашқы әйел-инженер-металлург Мәдина Бегалиева сияқты халқымыздың көрнекті тұлғаларының еңбек жолын өзіне үлгі ететінін айтады. Түркияның Афьон, Американың Огайо университетінде тағы­лымдамадан өтіп, зерттеу әдіс­темесін әзірлеу және меди­циналық робот жасайтын материалдарды таңдау негіздерімен айналысқан.

«Америкада зертханалардың материалдық-техникалық жаб­­дықталуы өте жоғары деңгейде» дейді ол. Жоғары оқу орындары өнеркәсіптік компаниялармен тығыз байланыс орнатқан, ал студенттер заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. АҚШ-та мемлекет қана емес, университеттер де жыл сайын зертханаларды жа­ңартуға айтарлықтай қаражат бөледі. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қы­тайда, Германияда, Оңтүстік Кореяда ғалымдар университет деңгейіндегі саламен тығыз байланысты (біздің жағдайда бұл ҒЗИ) және ірі кәсіпорындар нақты технологиялық шешімдерді әзірлеуге тапсырыс беру арқылы зерттеулерді қаржыландырады. Мұндай модельдер ғылымды коммерцияландыруды жедел­детуге, ғалым­дардың экономикада бел­сенді болуына мүмкіндік береді.

Елімізде де ғылым мен өнді­рісті интеграциялау бағы­тында жұмыс енді қолға алына бастады. Былтырдан бас­тап технологиялық хакатондар ұйымдастырылып келеді. Ғалымдар мен кәсіпорын­дар арасында бірлескен техни­калық міндеттер әзірленбек. Ендігі кезекте ғылыми әзір­лемелерді өндіріске енгізуге басты назар ауда­­­ру қажет. Осы орайда елімізде «PhD Industry» бағдарламасын енгізудің маңызды екенін алға тартқан Мөлдір бұл бастаманың қолданбалы ғылыми зерттеулер мен кәсіпорындармен байланыс орнатуда аса маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, алдыңғы қатарлы елдерде мұндай бағдарламалар өндіріске енгізуге дайын технологиялар мен шешімдерді әзірлей отырып, экономиканың нақты секторымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ұлыбританияда, АҚШ-та және Қытайда инженерлік және техникалық мамандықтардағы PhD бағдарламалардың 70 па­йызына дейін өнеркәсіппен бай­ланысты. Ал бізде бұл көр­сеткіш әлдеқайда төмен. Док­торантураның бұл түрі бо­ла­шақта инвестиция тартуға және өндіріске инновацияларды енгізуді жеделдетуге ықпал етеді.

 

АЛМАТЫ