
Елордада Қазақстанның халық әртісі, дәулескер күйші-композитор Дина Нұрпейісованы ұлықтау іс-шарасы өтіп, өнер мерекесі күйшінің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Мұнан соң Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік филармонияның камералық залында «Дина – күй анасы» атты концерт өтті. Оның әлқиссасында күйші хақында ескі кадрлардан аңыз тұлғаның бет-бейнесі көрерменге көрсетілді. Қазақ оркестрінің бас дирижері Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен күй анасының іргелі мұралары тыңдарманға жетті. «Тойбастардан» басталып, «Кербез» күйімен қосталған адуын күйлер өткен ғасырдағы қазақ жанының, ұлт рухының өткен-кеткенін сазға қосқандай. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова «Байжұма», Мұхит Салыбеков «Шынар», Естай Айтқұлов «Қара қасқа ат», Сағи Баймұхат «Ана», Айым Бекбаева «Бұлбұл» күйін орындап, көпшіліктің көзайымына айналды. Ал «Он алтыншы жыл» күйі қазақтың қайтпас мінезін, берік жігерін, азаттықты көксеген арман-тілегін аңғартып, жігерімізді жаныды.
«Дина әжеміздің өнеріне кезінде бүкіл Мәскеу қол соққан. Шынында, 76 жасында үлкен сахнаға алғаш рет шыққан күйші ерекше адам болған. Кезінде Ахмет Жұбановтың ұйытқы болуымен
Дина Нұрпейісованы сонау алыс ауылдан Алматыға алдырып, о кісіні қазақ интеллигенциясы күтіп алған екен. Сахнаға шығарып күй тартқызғанда ерекше тамсанған Ақаң бұрынғы күйшілерден әжеміздің тартысы ерекше екенін мойындайды. Әсіресе Құрманғазының «Төремұратын» тартқанда оң қолы сахнаға сыймай кетті деп жазады. Осы арқылы Дина Нұрпейісованың асқан шеберлігін, ұстазын насихаттаудағы еңбегін, кісілік үлгісін көрсеткен», деді күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған.
Қалалық мәдениет басқармасы, Е.Рахмадиев атындағы филармония және республикалық «Күй анасы» қоры ұйымдастырып отырған іс-шарада Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығы кеңінен дәріптеліп, музыкалық мұрасына құрмет көрсетілді.
2021 жылдың 3 шілдесінде, күйші-композитордың туғанына 160 жыл толуы қарсаңында «Домбыра күні», «Күй анасы» атауымен республикалық қор құрылып, жұмыс істеп келеді. Қоғамдық қор Астана төрінен күй анасына арнап зәулім ескерткіштің бой көтеруіне бастамашы болды. Ал ескерткіш жанынан «Қазақ елінің күйшілері мен күйші-композиторлары» атауымен аллея ашылып, ел руханиятын күйшілік өнерімен байытқан 101 күйшінің есімі мәрмәрға қашалып жазылған ескерткіш тас бой көтерді. Еліміз бойынша 800-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып, профессор К.Сахабаеваның «Әсемқоңыр», профессор Т.Қуанышевтың «Күй анасы», Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі А.Үлкенбаеваның «Дина Нұрпейісова» атты еңбектері жарық көрді.