
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейту Үкімет пен ұлттық газ компаниясы үшін басым міндет. Жаңа газ өңдеу зауыттарын салуды, сондай-ақ қолда бар өңдеу қуаттарын айналымға толық тартуды жеделдету қажет», деді Мемлекет басшысы.
Елімізде тек 12 млн адам немесе халықтың 60%-ы ғана көгілдір отынмен қамтылған. «Қашаған», «Қарашығанақ» және «Теңіздегі» қор елдегі барлық газ қорының 75%-ын құрайды. Энергетика министрлігі биыл 12 млн 400 мың адамның газбен қамтылатынын, 7 елді мекенді газдандыруға арналған 45 жобаны іске асыру үшін 65,9 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді. 2025 жылы газдандыру деңгейін 62,1%-ға арттыру (21 елді мекендегі 55 мың адам қамтылады) жоспарланған.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бізде тауарлық-материалдық қорларды толтыруға мүмкіндік бар. Бірақ оның көзін ашып, пайдалану мүмкін болмай тұр. Геология саласы стратегиялық шешім қабылдай алмайтын, құзыреті шектеулі, бюрократиялық шырмаумен байланған Үкіметтің комитеті деңгейінде жұмыс істейді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы өндірілген 29,8 млрд текше метр тауарлық газдың 19,4 млрд текше метрі елде қалды. Көрші елдермен газ транзитін арттыру жоспарда бар. Ресей газы жеріміз арқылы Өзбекстанға тасымалданады. Қырғызстанмен жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Биыл газ өндіру көлемі 3%-ға артып, 60 млрд 500 млн текше метрге жетпек.
Бұдан бұрын Үкімет отырысында министр Алмасадам Сәтқалиев болашақта зауыттар санын арттыру жоспары бар екенін айтып, катарлық инвестор Қашаған кен орнынан шикізат негізінде газ өңдеу зауытын салуға қызығушылық білдіргенін хабарлады.
«2026-2030 жылдар кезеңінде 4 газ өңдеу зауытын кезең-кезеңімен іске қосу басталады. Атап айтқанда, қуаты жылына 1 млрд текше метр және жылына 2,5 млрд текше метр Қашаған кен орнынан шикізат негізінде зауыттар салынады. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қарашығанақ кен орнындағы мұнайдың қалдық қоры мен конденсат қоры – 253,2 млн тонна, ал газ қоры – 791,7 млрд текше метр. Кен орнында 2028 жылға дейінгі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған», деді министр А.Сәтқалиев.
«Еnergy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, КСРО жүйесі кезінде қазақ еліне қажетті газ Өзбекстаннан жеткізілді. Тек тәуелсіздік алған соң ғана жеке газ кеніштерін игере бастадық. Халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарды газпен қамтамасыз ету үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырын салдық. Себебі оңтүстіктегі газ тапшылығы 15 млрд текше метр болатын. Н.Жұмағұловтың айтуынша, қазір бұл құбыр максималды режімде жұмыс істеп тұр.
«Сол құбырды кеңейтуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қатардан келген инвесторлар бұған қаржы салуға дайын. Оңтүстікте халық саны өсіп, біраз жылу электр орталықтары газға көшіріледі», дейді сарапшы.
Өткен аптада Қарашығанақта газ өңдеу зауытының құрылысын «Hyundai» жүзеге асыруы мүмкін екені айтылды. Қарашығанақ жобасында қуаты жылына 4 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысына арналған EPC-келісімшарты алдағы күндері оңтүстіккореялық «Hyundai Engineering» және «Sicim Kazakhstan» консорциумына беріледі деп хабарлады «Upstream Online» өз дереккөздеріне сілтеме жасап. Атыраудағы Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылмақ. Кәсіпорын жылына 1 млрд текше метр газ өндіруге қауқарлы. Қазір бетон жабындылары төселіп, метал құрылымдарын монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Зауыт Каспий қайраңындағы «Қашаған» кенішінен шығатын ілеспе газды кәдеге жаратуға арналған. Жобаны «GPC Investment» ЖШС іске асырып жатыр.
«Қашаған жобасы 1 млрд және 2,5 млрд текше метрлік екі газ өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Олар Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының шикізаты негізінде жұмыс істемек. Маңғыстау газ конденсаты кен орны жылына 1 млрд-қа дейін қайта өңдеуге қабілетті», дейді Н. Жұмағұлов.
АЛМАТЫ