
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Репетитор қызметіне жүгіну себебін ұстаздар қауымы «сыныпта оқушылардың көптігінен» десе, ата-аналар «уақыттың жоқтығынан» дейді. Екі пікірдің де жаны бар. Бауыр еті баласы үшін әке-шеше барын беруге дайын. Әсіресе мектеп бітірер тұста сынақтан сәтті өтуі үшін аянып қалмайды.
Астана қаласының тұрғыны Жібек Оспанова былтыр мектеп бітірген қызына аз қаржы жұмсамағанын айтады. Әйтеуір абырой болғанда үміті ақталып, грантқа оқуға түсіпті.
«Қызым ҰБТ-ға дайындалу мақсатында екі түрлі курсқа қатысты. Бірі – онлайн, екіншісі – офлайн. Онлайн сабағы 2 айға созылды. Бағасы 150 000 теңге. Бірақ нәтижесі менің де, қызымның да көңілінен шыға қоймады. Одан соң офлайн курсқа «Қазақстан тарихы» пәнінен қатысып, тестілеуден жоғары балл жинай бастады. Оқу ақысы айына 10 000 тг болды. Меніңше, тереңдетіп оқытудың пайдасы болмаса, зияны жоқ. Сол үшін бар тапқанымызды аямадық. Абырой болғанда үмітіміз ақталып, ҰБТ-дан 127 балл жинады. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз ғой», дейді Ж.Оспанова.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Аяжан Дәуренбектің айтуынша, грантқа түсу үшін репетиторға жүгініп, курсқа қатысу шарт емес.
«Оқимын деген балаға барлық білім кітапта тұр. Тестілеудегі сұрақтар да оқулықтан алынады. Сондықтан әр оқушы репетиторға жалынбай-ақ, курс іздеп сабылмай-ақ мектеп бағдарламасындағы оқулықтарды толық оқып шықса жеткілікті. Артық шығындалудың да қажеті жоқ. Қазір оқушылардың қосымша оқу орталығына жаппай баратынына таңғаламын. Әуелі өзі тырмысып, дайындалып көргені дұрыс қой. Біз үйде үш ағайындымыз. Үшеуміз де ҰБТ-ға өзіміз дайындалдық. Нәтижесінде, тестілеуден 118, 119, 120 балл алдық. Сондықтан грантқа түсуге репетиторға жүгінудің қажеті жоқ», дейді А.Дәуренбек.
Бірақ барлық оқушы Аяжан секілді болса қанеки? Мұғалім де, репетитор да сабақты мектеп бағдарламасы шеңберінде өтеді. Тек оны бір оқушы бірден ұғып алады, екіншісіне қабылдау қиынға соғады. Сол екінші жағдайда репетитордың қажеттігі туындап жатады.
Осы орайда «Нәтиже» оқу орталығының негізін қалаушы, репетитор Алуа Жөндібайқызымен тілдестік.
«Жеті жыл бойы осы салада қызмет етіп келемін. 1-5 сынып оқушыларын математика, ағылшын тілі пәндерінен дайындаймын. Бір қызығы, бұрын бізге білімін шыңдай түсу үшін өте дарынды оқушылар немесе қатарына ілесе алмайтын үлгерімі төмен балалар келетін. Ал қазір орташа деңгейдегі оқушылар да оқу орталығына келіп жатады. Өйткені ата-аналар баласын көштен қалдырғысы келмейді. «Мектептегі мұғалім оқушының меңгере алмаған тақырыбын жеке қалып түсіндіруге тиіс» деп ойлайды көпшілік. Бірақ қаншама оқушының әрқайсысымен жеке дара жұмыс істеу мұғалімге мүмкін емес. Одан бөлек өзге сыныптағы сабағы тағы бар. Осындайда репетитормен жұмыс таптырмайтын шешім болса керек. Бұл болашақта білімді маман иесінің қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Десек те анасы немесе әкесі бір мезгіл баласының үлгерімін қадағалағаны дұрыс. Ата-аналардың айтуынша, өздері ағылшын тілін білмеген соң балаларын үйде оқыту қиын немесе жұмыстан босай алмайды. Осындайда репетиторға жүгінсе несі айып? Оның үстіне тілді терең меңгеру – заман талабы. Өзім ақшадан бұрын сапалы білім беруді көздеймін. Шүкір, ата-аналар нәтиже көргендерін айтып, рахметтерін жаудырып жатады», дейді Алуа Жөндібайқызы.
Қазір үлкен қалаларда ғана емес, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарында да қосымша білім беру ұйымдары жетіп артылады. Тіпті таңдау жасау қиын. Өйткені ата-аналар балаларын ҰБТ-дан бөлек, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім-инновация лицейлері, «Дарын» секілді мамандандырылған мектептерге дайындау мақсатында қосымша білім беретін орталық іздейді. Бұрындары репетитор деген дүниенің әлі ауқымы арта қоймаған тұста мұғалімдер дарынды яки үлгерімі нашар оқушыларды сабақтан соң алып қалып, кейде бос уақытында мектепке немесе үйіне шақырып алып оқытатын. Олар мұны еш ақы талап етпей-ақ, ұстаздық борышым деп ұғатын. Себебі педагог алдына келген оқушының өзіне берілген аманат екенін біледі, жауапкершілікті сезінеді. Қазір де бар білген-түйгенін шәкіртінің бойына дарытуға тырысатын, ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Астана қаласындағы №74 мектеп-гимназияның биология пәні мұғалімі Фарида Аманғалиева.
«Кейбір ата-аналар баланың қолын бос қылмау мақсатында немесе құлағының тыныштығы үшін репетиторлардың білім-білігіне қарамай, жарнамаға сеніп, «ал дайында» деп бере салатыны бар. Бала оларға емес, ата-анаға керек. Одан соң, мектептегі білім мен дайындық орталықтарындағы әзірлік оқушыны екіұдай ойға қалдырмауы тиіс. Репетиторлықпен бала оқыту ісін жетілдіреміз деп мемлекеттік мектеп пен онда қызмет етіп жатқан ұстаздардың беделін түсіріп алмауды бірінші кезекте ойластыру қажет. Жалдамалы мұғалімге біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Оның тағы бір көлеңкелі тұсы, оқушылардың өздігінен білім алуға деген құлшынысы азайып, үнемі басқаның көмегіне жүгінуге әзір тұрады. Өз-өзіне сенімі жоғалатыны тағы бар. Сыныпта берілген тапсырманы орындаған сәтте оның дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарайтын әдет пайда болады. Оқушылардың репетиторға жүгінуі – мектеп жүйесінің әлсіздігін білдірмейді. Бұл – ата-ананың тым жоғары талап қоюынан туындап отыр. «Балам «5» деген бағаға емес, «+5» деген бағаға оқыса екен» дейді олар. Өзім оқушыларымның репетиторға барғанын көргенім жоқ. Еңбек етіп жүрген мектебімде тәжірибелі ұстаздар жетерлік. Барлығы 45 минуттық сабаққа үлкен дайындықпен келеді. Стандарт бойынша тақырыпты түгел қамтуға барымызды саламыз. Оқушының сабақта түсінбеген тақырыбын қосымша сағат кезінде түсіндіреміз», дейді Ф.Аманғалиева.
Ал «Juz40_online» білім беру орталығының мұғалімі Батыл Жанболаттың айтуынша, 2017 жылдан бері жалпы білім беретін орта мектепті Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі жауапкершілігінен алып тастағалы оқу орталығына сұраныс тіпті артқан.
«Иә мектепте талапшыл мұғалімдер бар. Бірақ айлығын алып отырған негізгі жұмысына селқос қарап, қырық бес минут уақытының «аман-есен» өткеніне қуанатын, есесіне репетиторлық қызметке бел шеше кірісетін мұғалімдер де аз емес. Тіпті ол ақылы қызметпен айналыспауы да мүмкін, бірақ мұғалімнің жауапкершілік жүгін сезінбей, дұрыс жөн сілтеп, білім бере алмауынан да ата-ана ақы төлеп, баласын репетиторға оқытуға мәжбүр болып жатқан жоқ па? Бұл – бүгінгі білім саласындағы «күйіп» тұрған мәселенің бірі. Оқу орталықтары қажеттіліктен пайда болды. Сол үшін де оның бағасы жылдан-жылға артып келеді. Сұраныс та жоғары. Мәселен, біздің курстың бағасы айына 32 000 теңге. Бұл – бір пәннен ғана дайындаламын деген оқушыға ұсынылған баға. Ал егер бір айда төрт пәнді қатар оқимын десе, оқу ақысы – 70 мың теңге. Ең бастысы, біз ата-ананың да, оқушының да сеніміне ие болдық. Осы орайда былтырғы ҰБТ-да ең жоғары балл жинаған Жаннұр Еңсебек біздің курстың түлегі екенін мақтанышпен айтқым келеді», дейді Б.Жанболат.
Тағы бір айта кетерлігі, пандемия кезінде қашықтан оқыту қарқын алды. Әуелде «Онлайн білім беру» дегенге күмәнмен қарайтындар көп еді. Ал қазір тиімдісі осы дейтіндер де баршылық. «Sabaq online» оқу орталығының мұғалімі Томирис Шамшиденқызының айтуынша, мұның себебі – оқушылардың болашақ мамандығын кеш таңдауында.
«Білім алушылар мектеп аяқтауға тақалған уақытта таңдау пәндерін үстірт таңдап, тез арада нәтиже шығаратын мықты курс іздеумен әлектенеді. Сол үшін оларға тиімдісі – тестілеуге шұғыл дайындауға машықтанған оқу орталықтары. Екінші бір себеп, өзгелердің курс арқылы жетістікке жетуін көріп, ата-аналар мен балалар бізге сенім білдіреді», дейді Т.Шамшиденқызы.
Айтып-айтпай немене, спикерлердің айтқан пікірі өз мәнімен құнды. Мұғалім оқулық десек, репетитор сол оқулықтың хрестоматиясы секілді. Бірін-бірі толықтырып отырады. Білім саласының коммерциялануы өрге шығара ма, орға жыға ма? Кесімді пікір айту қиын, төрешіміз – уақыт дейік. Бірақ бір анығы, баланың болашағына ең әуелі ата-ана жауапты екенін естен шығармағаныз ләзім.