Қоғам • 11 Қаңтар, 2025

Абыз-аға, сіз ел төріндесіз!

98 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арыстандай аруақты Мұхтар Мағауин ұлтының адал перзенті еді. Бар саналы ғұмырын қазақтың азаттығы мен теңдігі жолына арнаған Алаш зиялылары сияқты күллі ғұмырын қазақ әдебиетінің биік болуына, өр болуына, төр болуына қызмет қылған алтын айдарлы ұл болды. Соңына сарқылмас қазына қалдырды. Оның басы өз жанынан артық сүймесе кем сүймеген хакім Абай мен дана Шәһкерім туралы терең мағыналы тол­ғау­лар­дан бастап, соңы Шыңғыс қаған мен Алтын Орда дәуірімен тебіренетін эпос-эссе болып тиянақ тапты.

Абыз-аға, сіз ел төріндесіз!

Көркем әдебиеттің көк­жиегін кеңейтуге «Тазының өлімі» повесімен айғайлатып, мойындатып келіп еді. Ілияс аға­сындай (Есенберлин) қа­зақ та­рихи ро­мандарының ішінде қай­таланбас хас стильді «Аласапыран» романын тудырды. Әзірге мұн­дай көркем кестелі, ай­рықша композициялы, отар­шылдықтың қан-жынын барынша шеберлікпен ашық ақтарып тастаған тарихи романды қазақ қаламгерлері ара­сынан ешкім де жаза алмағаны ақиқат.

«Қобыз сарыны» санасын сәулелендірген, танымын терең­детіп, тарихи жадын кемелдендірген жазушы соны мәнерлі «Сары қазақ» пен шеберлік үлгісі етіп «Шақан-Шері» романдарын, жігіттік шағында жазған «Қара қыз» бен «Жыланды жаз», «Өмір жырындай» повестері мен егде тартқан шағында Толстой сияқты «Гөтенің махаббаты» мен «Кесік бас» хикаяттарын берді. «Әйел махаббаты» мен «Архив хикая­сы» секілді қаншама қалпы бөлек әңгіме тудырды.

Әлбетте, ол – тек Мағауинге тән қайталанбас стиль еді.

Мұхаң шығармаларында қазақ ұлтына қылау жұқтыр­майды. Суреткерлік болмысы да сондай таза. Шұбартау мен Бақанас даласының ауасындай кәусар да саф, Ертістің суындай мөлдір де тұнық. Енді сонымен сусында, оқырман қауым!..

Бақұл бол, ел абызы! Қош бол, асыл аға! Сіз Алаш төрін­десіз!

 

Асқар АЛТАЙ,

жазушы