Қоғам • 10 Қаңтар, 2025

Орны толмас қаза

66 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шыңғыстаудың етегінде туып, Алатаудың баурайын­да қазаққа қызмет еткен Мағауиннің алып жүрегі елден жырақта тоқтады. Мұхиттың арғы жағы, өзге құрлық. Бүкіл өмірі қазаққа қызмет етумен өтті. Алғашқы «Көкмұнар» романында жазғандай, өмірдің мағынасы ұлт деп білді. Оның мұрасы түгелімен ұлттың игілігі деп ойлаймын. «Өмір бар жерде өлім бар» десек те, бұл – қазақ халқының үлкен қазасы.

Орны толмас қаза

Әдебиеттануға, әсіре­се көркем әдебиетке, мәдениет­тануға, көсемсөзге, тарихқа да қызмет еткен көне грек алыптары тәрізді тұлға еді. Оның ұлы жүрегі соғып тұр­ғанда, біз алаңсыз жү­ретін­біз. Алдымызда Мағауин тұр деген үлкен се­нім бар еді. Арқасүйер алып бәйте­регіміз, асқар тауымыз құла­ды.

80-жылдары жарияланып, Мемлекеттік сый­лық­қа ие болған «Ала­сапыран» атты тарихи романы – қазақ әдебиеті түгілі, әлем әдебиетіндегі кесек шығарманың бірі. Мағауиннің қазасы өлім емес, ол осыған дейін жазған туын­дыларымен әлем клас­сик­терінің қатарына қо­­­сылды. Тырнақалды шығар­малары «Тіленші», «Қара қыз», «Көкмұнар», «Тазының өлімі» сынды тағы басқа еңбектерінің қай-қайсысы – классикалық туын­дылар. Сондықтан біз бүгін Мағауин тұлғасымен емес, қазақ әде­биетінің алып дәуірімен қоштасып отырмыз.

Былтыр жыл соңында бізге асығыс қоңырау шалып, пікірін білдірді. Неге асыққаны енді түсінікті болды. Шығармашылық туралы жаңа ойын ортаға салып үлгерді. Ауыр сырқаты байқалып тұрды.

Ол Эрнест Хэмингуэй, Герман Мелвилл, Лев Толстой, Томас  Манн, Альбер Камю, Жан Поль Сартр сынды алыптардың қатарында тұр. Сондықтан бұл – жалғыз қазақ әдебиетінің қайғысы емес, әлем әдебиетінің қазасы.  

 

Дидар АМАНТАЙ,

жазушы