Тағзым • 11 Қаңтар, 2025

Алаш руханиятының алдаспаны

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мұхит асып, суық хабар жетті... Алаш руханиятының алдаспаны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 85 жасқа қараған шағында бақиға озыпты. Бұл қаралы хабар халқымыздың қабырғасын қайыстырып жіберді. Ұлы Абай топырағында туып-өскен жазушы жас күнінен-ақ тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде есесі кетіп, еңсесі езілген ұлтының ұпайын түгендеуді өзінің өмірлік мұратына айналдырды. Ауылдағы кеудесі кең сарайдай көнекөз қариялардың, әсіресе туған атасы Мағауия ақсақалдың аузынан естіген ескінің есті сөздері өрелі өреннің ой-өрісін кеңейтіп, бала күнінен көрген-білген кеңес өкіметінің тұсындағы түрлі келеңсіздіктер намысын қайрағаны сөзсіз.

Алаш руханиятының алдаспаны

Университетте оқып жүргенінде жазған алғашқы әңгімелерінен-ақ әдебиетке айтары бөлек, сөз саптасы ерек қаламгердің келгені белгілі болды. Біртуар ұстазы, профессор Бейсембай Кенжебаевтың жетекшілігімен хандық дәуірдегі жыраулар поэзиясы туралы ғылыми жұмысын сансыз кедергілерге қара­мас­тан, діттеген жеріне жеткізуі жас ғалымның бойындағы жасымас жігер-қайратты көрсетсе керек. 

Айналасынан ат оздырған абзал ағамыз қолынан қаламы түскенше Алаш мұратынан айныған жоқ. Барлық шығармаларында ұлтын ұлықтап, дәстүр-салтын дәріптеді. Оқырманның орасан зор рухани олжасына айналған «Қобыз сарыны», «Алдаспан», «Көкмұнар», «Аласапыран», «Шақан-Шері», «Сары қазақ», «Тазының өлімі», «Көкбалақ», «Жармақ», «Шыңғыс хан және оның заманы», «Алтын Орда», «Мен», «Қазақ тарихының әліппесі» сияқты кесек туындылары осы сөзімізді айғақтай түсері анық.

Қалың елі қазағына қызмет қылуды басты мұрат-мүддесіне балаған заңғар қаламгердің өнегелі өмір жолы егемен еліміздің ертеңі саналатын кейінгі толқын өкілдеріне үлгі болуға әбден лайық. Ұлтын ұшпаққа шығаруға ұмтылудан шаршамаған ұлы Мұхаңның есім-сойы ешқашан ұмытылмақ емес. Жаныңыз жәннатта болсын, ұлт жоқшысы! Мұраңыз халықпен бірге жасай береді, руханият абызы!

 

«Egemen Qazaqstan» қаламгерлері