Үкімет • 11 Қаңтар, 2025

Өңірлерді дамыту жобалық кеңсесінің жұмысы

48 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеумет­тік, экономикалық дамуын қамта­масыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен жобалық кеңсе құрылды. Оның құрамына барлық орталық мемлекеттік орган, әкімдіктер, Парламент депутаттары және сарапшылар кірді.

Өңірлерді дамыту жобалық кеңсесінің жұмысы

Бірінші отырыс барысында жобалық кеңсе мүшелері өңірлердің әлеуетін ашуға ерекше назар аудара отырып, өңірлік дамудың жаңа тәсілдерін іске асыру жөніндегі шараларды талқылады.

«Өңірлердің әлеуетін толық пайдалану қажет, бұл ретте ең үлкен инфра­құры­лымдық проблемалары бар өңірлер қаржы­лан­дырылуға тиіс. Жобаларды қаржыландыру түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге бағытталғанын ескере отырып, өңірлерге барынша дербестік беру қажет. Сондай-ақ салық түсімдерін асыра орындағаны үшін өңірлерді көтермелеу қажет», деді Қ.Бозымбаев.

Сонымен қатар отырысқа қатысу­шылар өңірлердің дамуындағы диспро­пор­­цияларды болдырмау, жаңа страте­гия­лық құжаттарды әзірлеу, жергілік­ті жерлерде шешім қабылдауда аудан және ауыл әкімдері дербестігінің жеткіліксіз­дігі мәселелері бойынша шараларды талқылады. Жергілікті өзін-өзі бас­қаруды дамыту үшін «Amanat» пар­­тия­сының депутаттары Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігімен бірлесіп «Әкім­дер мектебі» жобасын іске қосуды ұсынды.

«Жобаларды тиімді іске асыру және сапалы іріктеу үшін облыс әкімдіктері жер­гілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөнін­­дегі кіші топпен бірлесіп, қажетті инфра­­құрылым салу және өнімді өткізуге көмек көрсету жөніндегі нақты жоспарларды әзірлей отырып, әрбір ауылдың маман­дануын айқындай отырып, скрининг жүр­гізуі қажет», деп тапсырды Қ.Бозымбаев.

Вице-премьер жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша тапсырмалар берді.

«Мемлекеттік органдар арасында сала­ара­­лық үйлестіру әлсіз. Бұл тәжі­рибені жою ке­рек. Өңірлік және салалық саясат­ты ке­лі­сілген іске асыруды жүргізу қажет. Бюд­­жет­тік бағдарламалар мен инвести­ция­­лық жос­парларды орындау синхронды түрде жүзеге асырылуы тиіс», деді Қ.Бозымбаев.

Мемлекеттік органдарға бір ай мер­зім­де өңірлік саясатты жетілдірудің әзір­­ленген шараларын іске асырудың бар­лық ұсынылған шарасы бойынша ведомстволық нормативтік-құқықтық актілерге тексеру жүргізу тапсырылды.