
Өткен ғасырда ұлты үшін аянбай қызмет еткен азаматтар қатарында тұратын Иса Тоқтыбаевтың өмірі мен шығармашылығы әлі толық зерттелген жоқ. Он жасында орыс-қазақ мектебіне оқуға қабылданып, кейіннен бастауыш орыс училищесін, Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітірген жас ел арасында білім тарату комиссиясының төрағасы, мемлекеттік баспа бастығының орынбасары, республика оқу-ағарту комиссариатының алқа мүшесі қызметтерін атқарды. Ұлттық педагогика жұмысын шебер ұйымдастырған қайраткер «Шолпан», «Ақ жол» «Қазақ тілі» басылымдарын басқарып, қазақ баспасөзін дамытуға айрықша үлес қосты.
Иса Тоқтыбаев – кеңестік жазалау машинасының машақатын әбден тартқан тұлға. Алғаш рет 1933 жылы Ленинградта ұсталып, 3 жыл түрмеде отырады. Осы қаладағы этнографиялық музейде бөлім меңгерушісі қызметінде жүрген 1938 жылы тағы жалалы болады. Түрмедегі тоғыз жылдан кейін туған Тереңөзегіне оралған оны 1949 жылы тағы ұстап, сегіз жылын Красноярск өлкесінде өткізеді. Азап сапарынан аман оралып, 1956–1964 жылдары Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейін басқарды. Сол жылдары облыстық музей жанынан ғылыми кеңес құрылып, мекеме қызметі жолға қойылыпты.
«Биыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне 85, мемлекет, қоғам қайраткері Иса Тоқтыбаевтың туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған байланысты түрлі шаралар, танымдық сабақтар мен дәрістер өткізілді. Иса Тоқтыбаевтың өмірі мен еңбек жолына қатысты құнды фотоматериалдарды немересі Әлия Варленқызы Исаева музей қорына табыстап, бізге сый жасады. Бұл жәдігерлер Қызылорданың астана атанғанына 100 жыл толуы қарсаңындағы үлкен олжамызға айналып отыр», – дейді музейдің ғылыми қызметкері Алма Мұқанова.
Фотосуреттердің бірінде қайраткердің Орынбордағы педагогикалық институт басшысы қызметінде жүрген сәті бейнеленген. Біраз суреттің қайда, қашан түсірілгені белгісіз. Музей мамандары алда осы құнды мұраның жан-жақты зерттелетінін айтып отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА