Қоғам • 10 Желтоқсан, 2024

Жақсылығы ел жадынан өшпейді

208 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, арамызда ел үшін еңбек етіп халқы үшін тер төккен ұлтжанды азаматтар көп. Олардың жасаған жақсылықтары әрдайым ел жадында.  «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп қазақ атам бекер айтпаған.  Өмірде адам салиқалы іс жасап артында өшпес із қалдырса шарапаты өзіне де халыққа да тиеді деп жатады.

Жақсылығы ел жадынан өшпейді

Осындай өнегелі ісімен көпке үлгі болған азаматтың бірі Жамбыл Байғонов. Мемлекеттік қызметте жүріп оңтүстік жұртына өзінің іскерлік қабілетімен, ұлтжанды қасиетімен танылған тұлға. Оңтүстіктің киелі топырағы саналатын Бәйдібек ауданы Шаян ауылының тумасы. Асыл текті бабамыздың атын иеленген бұл аймақта есімдері республикаға тараған қаншама мықты кісілер дүниеге келген. Солардың арасынан Жамбыл Байғоновтай жампоз жанды бөліп атасақ болады.

Мемлекеттік қызмет ісінде шыңдалған азамат бір кездері Бәйдібек, Ордабасы, Сарыағаш аудандарында әкім болып қызмет атқарды. Одан бөлек қазіргі Түркістан облысының экономика саласына жауапты басқармасында басшы болды. Ерекше айта кетер жәйт, 1998-2002 жылдары өзі туып-өскен Бәйдібек ауданының тізгінін ұстады. Тоқсаныншы жылдардың аяғы тұтас еліміз үшін қиын кезеңдер болғаны жасырын емес. Әсіресе ауылдың тұрмысын жақсартуға мүмкіндіктер келмей жатты. Сондай кезде Ж.Байғонов қиындықтан шығар жолдар тауып, ауданның әлеуметтік-экономикалық мәдени тіршілігін түзеуге бар күш-жігерін салды. Соның бір мысалын айтсақ, ауылдардың инфрақұрылымын дамытуға үлкен күш жұмсады. Ол кезде кеңес одағынан жөндеу көрмеген жолдар тозып кеткен еді. Адамдар жүретін тротуарды жөндеу үшін асфальт тапшылығына қарамай таудың теп-тегіс жылтыр тастарын аяқжолдарға төсетті.  Тек Шаян емес, бүкіл Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіші болып табылатын Аппақ ишан мешітінің қалпына келтіру жұмыстарын қолға алды. Сол тұста тарихи нысан жөндеуді қатты қажетсініп тұрған. Құрылысына тиісті қаржы қарастырып, мешіттің бұзылған жерлерін жөндеп, ел иігіліне қайта тапсырды. Бұл шын мәнінде аудан тарихы үшін есте қаларлық оқиға болды. Бір кездері халқымыздың руханиятына қызмет істеген мешіттің қайта жаңғырып түлеуі елдің мәдени-рухани өміріндегі елеулі жаңалыққа айналды. Шаяндықтардың, киелі оңтүстік халқының мақтанышы болған тарихи нысанның ашылғанына барша жұрт балаша қуанды. Мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі келіп қатысқан еді. Осы күнде елімізден, шетелден туристер ағылып келетін Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелерінің жөндеу көріп, қалпына келуі Жамбыл Байғоновтың еңбегінің арқасы.

Ұлтын сүйген азамат мемлекеттік қызметте шаруадан қолы босамай жүрсе де өнерді жанынан ешқашан тастамаған. Қазақ айтпақшы, «өнер десе, ішкен асын жерге қояды».  Сондықтан болар, оның үйіне қонақ болып түскен адам бірінші болып алуан түрлі музыкалық аспаптарға назары ауады. Сол үшін де ауданның өнер саласында тер төгіп жүрген барша азамат ол кісіні құрметтеп қадір тұтады.

Бүгінде пайғамбар жастан асқан ел ағасы зейнеткерлік демалыста. Бала-шағасы мен немерелерінің ортасында солардың рахатын көріп отыр. «Бейнет түбі – зейнет» деген осы да. Қариялық жасқа жеткен ардақты азаматқа тек денсаулық пен бақытты ғұмыр тілейміз.

Зайнидин АБДУАЙТОВ,

еңбек ардагері,

Бәйдібек ауданы, Шаян ауылы