Театр • 04 Желтоқсан, 2024

Үмітті үкілеген рухани сапар

88 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық драматургияға жаңа есімдердің келуі – театр өнері­нің дамуына тыныс, өзгеше бір философиялық ағым әкелді. Жас ре­­жис­­серлердің ізденіс кеңістігін ұлғайтып, көркемдік деңгейін терең­детуге мүмкіндік бер­ген шығармалардың бірі – Мерей Қосы­нның «Мен жоқ жердегі менің өмі­рім» атты пьесасы. Бұл драма адам­ның санасында қалып қойған мың сан есте­лік сурет пен ішкі арпалыс арқылы экзистенциалды ізденістерін айшық­тайды.

Үмітті үкілеген рухани сапар

Пьесаның орталық кейіп­­кері уақыт пен кеңіс­тіктің шекара­сы­нан шығып, басқа бір әлемге енеді де, өз болмысын біреудің көз ішіндегі естелік бейнелер арқылы тануға тырысады. Мұндағы символизм – көз ішінде сақталған суреттердің тек көрініс емес, адам жанының тереңдігін, ішкі драмасын бейне­лейтінін көрсетеді. Жансыз бейнелермен тілдесетін кейіпкер жалаң сезімдер мен рухсыз дене­лердің қатарына қосы­­лып кетуден қашады, адам­ның бастапқы, таза болмысын іздей­ді. Бұл оның рухани жаңғыру мен болмысын іздеу жолындағы рәміздік сапары ретінде көрініс табады.

Осындай терең философиялық астарға бай драматургиялық шы­ғар­ма қазіргі жас режиссерлер арасында ерекше қызығушылық туғызып, олардың сахналық қойы­лымға жаңа көзқараспен қара­уына түрткі болып отыр. Бұл пьеса режиссерлердің креа­тив шешімдері арқылы сахнада жаңа интерпретация тауып, көрер­менге адам психологиясы мен сана тереңдігін ашатын ерекше көркемдік әлем ұсынады.

Жақында Қ.Қожамияров атын­дағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында Мерей Қосын­ның «Мен жоқ жердегі менің өмірім» пьесасының желісімен қо­йыл­ған моноспектакльдің премье­­расы өтті. Қойылымның режис­сері – Темірбек Жүргенов атын­дағы Қа­зақ ұлттық өнер ака­де­­миясы Елік Нұрсолтан ше­бер­­­­ха­насының «Му­зы­калық театр режис­­сурасы» маман­дығының 4-курс студенті Ақер­ке Жаңабай. Жас режиссер үшін бұл шы­ғар­ма­шы­лық жеті­лу­дің ма­ңызды кезеңі бол­са, ұйғыр театры үшін де жаңа ба­ғыттағы ізденісті көрсету мүм­кін­дігін ашты.

Режиссер Ақерке Жаңабай пьеса­ны жаңаша қырынан оқып, оған ерек­ше бір тыныс пен семио­ти­ка­лық тереңдік бер­ді. Пьесаның сах­на­л­ық нұсқа­сын моно жанрына сәй­кес транс­фор­мациялаған – Гүлім Қалимат. Шығарманы ық­­­шам­­дап, оны моноспектакль тү­рін­де ұсы­нуы – қызықты әрі ба­тыл шешім. Ұйғыр театрының та­лант­ты актрисасы Аминам ­Усе­но­ва көрер­­менді қырық бес минут бойы тап­жылтпай ұстауымен өз шебер­­­лігі­нің шыңын тағы бір мәрте дәлел­деді.

Сахнаның алғашқы көрінісінде курьерлік сөмке арқалаған қыз кіріп келеді. Оның бағытын анық­тай алмауы – көрерменді де­рек­­сіз әлемге жетелеп, белгі­сіз­дік пен жадтың күңгірт кеңіс­ті­гінен өткенін сездіреді. Есінде қалған жеті жолақтың алтауынан өткенін анық білсе де, жетіншісіне жеткен-жетпегенін түсінбеген кейіпкер арпалысы сахнаның жоғарғы жағында ілініп тұрған қоңыраулардың қимылы арқы­лы көрініс табады. Бұл шешім бейсананың терең қабаттарын ашуға ұмтылған режиссерлік сим­волизмді көрсетеді.

Қыздың ішкі дауысымен сөй­л­есуі, телефон қоңыраулары ар­қылы бейне­ле­неді. Ал теле­фон­­­ның символикасы – сөм­кесін­дегі туфли арқылы беріледі, бұл жер­де туфли кейіпкердің үзіліп қал­ған өткенін, із-түссіз жоғалған бо­ла­­шағын меңзейді. Қыздың жолы – көпірдің жоғарғы жағында тұр­ған есікпен шектеледі. Бұл есік, оның санасындағы шынайы өмір мен қиял арасындағы ше­ка­ралық жағдайды білдіреді (ке­ңес­ші суретші Рустам Мусаев). Қыз қанша тырысса да, есіктің ашы­л­мауы – оның өміріндегі қор­қыныш пен түсініксіздік ал­дын­дағы дәрменсіздігін, адасқан болмысын бейнелейді. Осындай рәміздік элементтер арқылы режиссер пьесаның экзистенциалды қырын тереңдетіп, сахна мен көрермен арасында шынайы эмоциялық байланыс орнатады.

Аминам Усенова сахнада там­шы­лаған тамшыны санап, өз болмысының бағыт-бағдарын жоғалтып, белгісіздікке бой алдыруын психофизикалық тереңдікте шынайы әрі әсерлі жеткізе білді. Ол әрбір тамшыны санап қана қоймай, көрерменді өмірдің мәні мен адами болмыстың түпкі сұрау­­ларына бойлауға шақырады. Актри­саның ойыны арқылы кейіп­керге өткен өміріндегі жақ­сылық пен жамандықты, ізгілік пен кем­ші­лікті таразылауға мүмкіндік беріл­гендей. Бұл сахналық шешім адам рухының тереңінен сұранып жат­­қан мәселелерді қозғап, әрбір там­­шы уақыттың өтіп бара жат­қа­нын еске салып тұрғандай әсер қал­дырады.

Кейіпкердің әрбір көрерменнің көзіне үңіле қарап, бүкіл адамзат бала­сының санасында жауабын таппай тұрған сұрақтарды қоюы – оның жалғыздығын ғана емес, әрбір адамның жеке ойымен үнсіз диалогке түсуін білдіреді. Бұл нәзік әрі шынайы байланыс көрермен мен кейіпкер арасында ерекше психологиялық жақындықты қалыптастырып, адам болмысының сан қырлы және терең қабаттарын ашып, көрерменді өз ішкі сұрақтарына жауап іздеуге итермелейді.

Пьесадағы қыздың қабырғада ілулі суреттермен тілдесуі қо­йы­­лымда жаңа символдық шешім тапқан. Спектакльде қыз бей­мәлім, жер астынан шығып, есік­тен еніп жүрген тылсым кейіп­керлердің ықпалына түседі. Қара түнекке малынған, бет-жүз­дерінде ешқандай эмоциясы жоқ, жаңғырыққа ұқсас дауыспен сөй­лей­тін бұл бейнелер – «Рухсара» би ансамблінің актерлері арқылы пластикалық қимыл-қозғалыспен көрініс табады (кеңесші хореограф Гүлниса Садықова). Олар қыздың жан-дүниесін тартқандай, оны өз әлемдеріне ертіп кетуге келгендей әсер қалдырады.

Бұл сахналар қыздың тірі мен өлі дүние­нің, болмыс пен бел­гісіздік арасын­дағы өткелде қал­ғанын айқын көрсетіп, оқиғаның мис­тикалық және метафизика­лық мәнін тереңдете түседі. Актер­лердің синхронды, көлеңке тәріз­дес қимылдары арқылы қыз­дың санасындағы арпалыс көрініс табады; бұл оның еркіндігін шек­тей­тін, шынайы өмірдегі өткінші сезім­дері мен бейсаналық қор­қы­ныштарының көркем көрінісі іспет­тес. Осылайша, режиссер­лік шешім қыздың рухани бол­мы­сының екіұдай күйін, оның жара­ты­лысының нәзіктігі мен өмірлік күреске деген төзімділігін бейнелейді.

Пьесадағы финал қыздың жұ­маққа жетіп, қуанышпен алма ағашынан қызыл алманы жұлып жеген сәтімен тәмамдалады. Бұл сахна – оның Хауа Ананың қателігін қайталап, қайтадан жер бетіне түсуін емеурін етеді.

Ал қойылымда режиссер қыз­­дың рухани сапарының соңы ре­тінде үміт отының сөнбегенін бейнелейді. Қыз көпірдің басын­дағы есікті ашуға тырысса да, есік құлыптаулы қалып, оның қайта төменге түсуімен, кірген есігінен қайта шығуымен аяқталады. Яғни қыздың екі әлемнің, тірі мен өлі дүние арасындағы болмысының әлі де толық ашылмағанын, оның үзілмейтін үмітін меңзейді. Есіктің жабықтығы – қыздың белгісіздікке деген тосын қорқынышы мен адамдық мәнін іздеу жолында­ғы тынымсыз күресін білдіреді. Осы­­лайша, режиссердің интер­претациясында бұл шешім қыз­дың өткен өмірімен, мәңгілік­ті іздеумен жасалған күрделі фило­­­софиялық жолын сипаттап, көрер­менді адамның жерге, бүгінгі болмысымызға қайта оралуы туралы терең толғаныстарға жетелейді.

 

Анар ЕРКЕБАЙ,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры