22 Маусым, 2010

Апта айшықтары

484 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ОҢТҮСТІКТЕ АСТЫҚҚА ОРАҚ ТҮСТІ Оңтүстікте астық пісті. Бидай сабағы дән толы басын көтере алмай  майысады. Сарыағаштағы “Бірлік” тәжірибе шаруашылығының 300 гектар күздік бидайына орақ түсті. Астықты голландық “New Holland” комбайндары орып жатыр. “Оңтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жергілікті сервистік дайындау орталықтары арқылы диқандарға осылайша қызмет етуде. Корпорацияның қолдауымен шаруашылықтар 3,5 мың гектарға дәнді дақылдар еккен. Былтыр дәнді дақылдардан 21,2 центнерден өнім алынса, биыл да осы меже бағдарға алынып отыр. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан  облысы. ЕЛШІНІҢ ҚЫЗЫЛЖАРҒА САПАРЫ Германияның Қазақстандағы елшісі Райнер Шлегетер мен елшіліктің экономика және баспасөз мәселелері жөніндегі атташесі Ян-Дитер Госинк жұмыс сапарымен Қызылжар өңірінде болды. Оларды облыс әкімі Серік Біләлов қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарымен  таныстырды. Биылғы Германияның Қазақстандағы жылы аясында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Өзара келісілген уағдаластық бойынша  Петропавл мен Германияның бір қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнатылатын болды. Елші өз сөзінде  Қызылжар өңіріне бірінші келіп тұрғанына қарамастан, үлкен әсер алғанын мәлімдеді.  Және ол облыс орталығының  көрнекті жерлерімен танысып, Германияның Қазақстандағы жылына орай ұйымдастырылған “Қазіргі заманғы Германия” атты көрменің ашылу салтанатына қатысты. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан  облысы. ЖОБАНЫ ЖҮЙЕЛЕУ ЖАЛҒАСАДЫ Өткен сәрсенбіде облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалық етуімен “Сырдария өзенінің арнасын реттеу және солтүстік Арал теңізін сақтау” жобасының екінші кезеңінде атқарылуы тиіс жұмыстарды кешенді зерттеу үшін құрылған жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісі өтті. Бүгінде САРАТС жобасының екінші кезеңіне енген нысандарды терең зерделеп, тиімді ұсыныстар беру үшін құрылған жұмыс тобы жетекшілері мәселенің мән-жайын жан-жақты баян етті. Жұмыс тобы жобаның ғылыми-техникалық, экологиялық тұрғыдан тиімділігіне талдау жасап, су балансын реттеудің, балық шаруашылығын дамытудың, суды үнемдеу технологиясын енгізудің жолдарын қарастырып жатыр. Қаржылық мәселелер республикалық деңгейде шешімін таппақ. Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА. БАЗАР ТАЗАЛЫҒЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ Қазір халық азық-түлікті негізінен базардан алады. Ал базарлардың тазалығы көңілге қонымды ма? Әсіресе, түрлі жұқпалы аурулар асқынатын қазіргі кезде базарлар жанында тез бұзылатын тағамдар сатылады. Бұл санитарлық талапқа сай келе ме? Міне, осы мәселе өткен аптада облыс әкімі Б.Рысқалиев өткізген арнайы кеңесте қозғалды. Өңір басшысы базарлардағы азық-түлік сапасын санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің дәрігерлері ұдайы бақылау қажеттігін алға тартты. Тіпті базарда сауда жасаушылардың санитарлық тексеруден өтпегендері бары айтылды. Олар жұқпалы ауруларды таратушылар болып жүрмей ме екен? Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. ЖАС САЯСАТКЕРЛЕР ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы басшылығы мен жастар арасындағы жұмыс жандандырылып, жауапкершілікті күшейту бағытындағы мақсатты жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бірі – партияның Талдықорған қалалық филиалы жанындағы “Жас саясаткер” саяси мектебі биылғы жылы тыңдаушыларын сегізінші мәрте қанат қақтырып, олар ел өміріне белсене қатысатын жастар қатарын толықтырды. Жас саясаткерлерге Ұлы Отан соғысының ардагерлері ақ батасын берсе, арнайы сертификатқа ие болған 36 түлек өздерінің егемен еліміздің ертеңіне жастық жалынын арнап, жақсы істердің бастамашысы болатындықтарына сендірді. Сондай-ақ, саяси мектеп бітіруші Ердәулет Мұхаметқажиев, Әсем Өскенбаева ұстаздарына алғыс айтып, әріптестерінің алдағы өміріне сәттілік тіледі. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. 27 ТҮЛЕК — “АЛТЫН БЕЛГІ” ИЕГЕРІ Шығыс Қазақстанда білім сапасы жыл сайын артып келеді. Оған дәлел, биыл кендіалтайлықтар бірыңғай ұлттық тестілеуде еліміз бойынша үшінші орынға ие болды. Зайсан ауданы жыл сайын ұлттық тестілеуде сапалы білімнің деңгейін көрсетеді. Биыл үміткер 37 оқушының 27-сі “Алтын белгіге” ие болды. Ломоносов мектебінің – 8, Әуезов мектебінің – 3, Қаратал мен Амангелді оқу орындарының 6 және 3 түлегі ата-аналарын қуанышқа кенелтті. Сондай-ақ, Жарсу, Абай, Сарытерек, Мүкәрама, Мұстафина мектептерінің шәкірттері де “Алтын белгіні” қорғап шықты. Г.Қалиолданова, Г.Сайранова – 123, Ж.Болатханұлы, Ә.Ибраева, Е.Елжасова 122 баллдан жинады. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан  облысы. ДИРЕКТОРДЫҢ ОҚУШЫҒА СЫЙЛЫҒЫ Қолыңнан келіп жатса, оған мүмкіндігің болып жатса, үздік мектеп оқушысын да лайықты түрде марапаттағанға не жетсін! Осындай қағиданы басшылыққа алған қаладағы №11 орта мектеп директоры Н.Фесенконың оқу жылының қорытындысымен үздік оқушыны ақшалай сыйлықпен марапаттап келе жатқанына бірер жыл болды. Биыл ондай сыйлыққа ғылыми жобалардың республикалық, халықаралық сайыстарының жеңімпазы, 11-сынып оқушысы Дилбар Атаева ие болды. Ал алғашқы марапат сыйдың нәтижесін уақыт көрсететіндігі сөзсіз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ.