22 Қаңтар, 2015

Қоғамдық кеңес жемқорлықты жоюға жәрдемдеседі

391 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
1878_oko_2Қызмет бабымен әлемнің талай мемлекеттеріне жолым түсті. Діттеп барған шаруаңнан бөлек, сол елдің салт-дәстүр, мәдениетіне, мемлекеттің құрылымына үңіле жүресің. Халқымызда «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген аталы сөз бар ғой. Маған кезінде Елбасымыздың өзі ерекше мән берген Сингапур елінің мемлекеттік құрылымы ерекше ұнады. Күні кеше ғана ағылшын мемлекетінің отары болған, қедей-кепшік ел бодандық қамытын мойнынан сыпырғаннан кейінгі аздаған жылдарда аяғынан қаз тұрып, дүниежүзінің өркениетті елдері санасатындай қуатты мемлекетке айналды. Бес жарым миллиондай халқы бар елдің басшысы Ли Куан Ю қырық жылдың ішінде Сингапурда халықтың қолдауымен сыбайлас жемқорлықты ауыз­дық­тап, мемлекеттік қызметті ең абы­ройлы мансап дәрежесіне жет­кізді. Халқы кедейшіліктен құты­лып, дәулетті елге айналды. Біз­дің Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­баев та осындай іргелі мемле­кет­тердің жақсы тәжірибесін үлгі­ге алып, Қазақстанды қуатты мем­ле­кеттердің қатарына қосты. Елбасының Жарлығымен жа­ңадан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылғандығы өздеріңізге мәлім. Осыған орай, агенттіктің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысының бұйрығымен департамент жанынан 11 мүшеден тұратын Қоғамдық кеңес ұйым­дас­тырылды. Қоғамдық кеңестің құ­рамына сая­си партия, жергілікті өкілетті органдардың және бұқа­рал­­ық ақ­парат құралдарының өкіл­дері, сон­дай-ақ облыстық кәсіп­кер­­лер па­ла­тасының төрағасы енгі­зіл­ді. Аз-кем түсінік бере кетсек, қо­ғам­дық кеңес – Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік қызмет іс­тері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Қоғамдық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасы Конституциясын, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы зандарын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ белгіленген ережені басшылыққа алады. Қоғамдық кеңестің мақсаты, біріншіден, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау, қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру, мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен өзара іс-қимылын жандандыру. Екіншіден, мемлекеттік ор­ган­­­­дардың, үкіметтік емес жә­не қо­ғамдық ұйымдардың, қоғам қай­рат­керлерінің және ел тұр­ғын­­дарының күштерін азамат­тар­дың қажеттіліктерін қанағат­тандыруға, халықтың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын оңайлатуға және қоғам өмірінің барлық салаларында халықты қолжетімді жоғары сапалы қыз­мет­термен қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған. Сондай-ақ, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізілетін жұмыстар шегінде, халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде мемлекетпен және азаматтық қоғаммен байланысты қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалармен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс- қимыл және ынтымақтастық жасауға қызмет етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы іс-қимыл шараларын жетіл­­діру­ге және мемлекеттік орган­дар­дың мемлекеттік қызметтерді сапа­лы ұсынуын дамытуға жәрдем­деседі. Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары үш миллионға же­теғабыл іргелі аймақ. Халық көп болғаннан кейін жарқын істермен қатар көлеңкелі жағдайлар да жиі орын алатындығы белгілі. Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген кей азаматтар өз міндетіне енетін лауазымдық нұсқауларды, мемлекеттік заңнамаларды біле бермейді. Үстелді тоқпақтап жұмыс талап ететін, адамдардың арына тиіп, жәбірлеп ойына кел­генін істейтін, бақырауық бастық­тардың заманы өтті. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Әлемдегі ең озық отыз мемлекеттің қатарына енуге жақсы талпынысы бар, алды­на үлкен мақсат қойған, Орта­лық Азияда шоқтығы биік ел. Ота­ны­мыздың тірегі – мемлекеттік қыз­мет­керлер осы үдеден шығуы тиіс. Жақында Сарыағаш қаласында өткен алқалы жиында департамент басшысы Мұрат Ахметов Мем­лекеттік қызмет істері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысын облыстағы атқарылар шаруалармен шендестіріп баяндама жасады. Көпшіліктің түсінбей жүрген түйткілді сауалдарының түйінін тарқатты. Сол күні Мұрат Ахметов Сары­ағаш ауданы әкімдігінің ғима­ра­тында қоғамдық кеңес төраға­сы, облыстық тәртіптік кеңес мүшелерімен бірге жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдады. Құркелес ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы Әсия Қасымбекова мемлекеттік қызметкерлердің ауысу тәртібін сұраса, аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Мұрат Жүсіповтің білгісі келетіні мемлекеттік сатып алу тәртібі жайлы. Екеуі де маңызды сұрақ. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу кезінде бір күндік кәсіпкерлер әдейі ең төмен баға қойып, жеңім­паз болып табылғанымен келісім-шартқа қол қоймай, мекенжайын таптырмай кетеді. Оны жойдықсыз деп танып, екінші мәрте конкурс өткізгенде тағы бір қаладан әлгіндей фирма табылып, он миллион теңгеге жасалатын жұмысты он мың тең­геге жасап берерін айтып, құ­жат түзеді. Конкурс бойынша жеңім­­паз атанғанымен ол қарасын да көр­­сетпейді. Уақыт тығыз, жұ­мыс орын­далу үшін тапсырыс беру­ші ме­кеме әлеуетті кәсіпкерге бір көз­­ден қаржы бөлуге шешім қабыл­­дайды. Келісімшарт жасайды. Ал, ол заң талабы бойынша сы­бай­­лас жемқорлыққа жағ­дай туғы­за­тын амал болып баға­ла­нып, тәр­тіптік кеңесте мемле­кет­­тік қыз­меткерлердің мәселесі қаралады. Мұрат Жамбылұлы осы және тест тапсыру, конкурсқа хабарландыру беру, тұрғындардың арыз-шағымын мезгілінде қарау мәселелері бойынша толымды жауап берді. Бұл сауалдарды реттеуге қо­ғамдық кеңестің де орны ай­рықша. Қабылданған заңдардың бәрі тұшымды, барлық талаптарға жауап береді деуге болмайды. Әл­­гіндей сыбайлас жемқорлық әре­кет­­теріне еріксіз жол ашатын та­лап­тарды жетілдіріп, толық­тыру енгізуде бұқарамен еркін бай­ла­­ныс­тағы қоғамдық кеңес жақ­сы көмек бере алады деп ойлай­­­мыз. Қоғамдық кеңестің мін­де­­ті­не сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған бағ­­дар­­­ла­­­­мадан бөлек, қоғамдық мони­то­­­ринг қорытындыларының нәти­жесі бойынша азаматтық қоғам­­ның ұсыныстарын талқылау жатады. «Бір көзден» конкурс жеңім­пазын танудың сыбайлас жем­қор­лыққа жол ашатынын айттық. Ондайға ұрындырмас үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес­тің әдістері мен нысандарын же­тілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар дайындап құзыретті орындарға жеткізу де қоғамдық кеңестің міндеті. Сондай-ақ, кәсіп­керлік субъектілерінің заңды мүдделерін қорғаумен байланысты құқық қорғау қызметін реттейтін құқықтық нормалар бойынша ұсыныстар әзірлеу бүгінгі күннің маңызды талаптарының бірегейі. Меніңше, қоғамдық кеңес елі­мізді сыбайлас жемқорлық сияқты індеттен сауықтыруға, агенттікке мемлекеттік қызметке қойылатын талаптарды орындауға байланыс­ты жақсы жәрдемші бола алады. Сөз басында айтқандай, Син­га­пур мемлекеті сияқты сыбайлас жемқорлықты бұғаулау үшін не істеу керек?! Ең алдымен, халықтың билікке деген сенімін нығайту шараларын қолға алу қажет. Мемлекеттік қызметкердің ең бірінші міндеті – халыққа адал қызмет ету, керек болған жағдайда өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қою. Бүгінде құқық қорғау органдарына халықтың сенімі азайып кетті. Кінәлі өздері. Ақ-адал малды ұрлаушылардың ішінде учаскелік полицейлердің жүруі, зорлықшыл қалталылардың сотта зәбір көрген жақтың құқығын аяқасты етіп, аман-есен құтылып кетуі өмірде кездесіп тұратын жағдай. Сондықтан құқық қорғау ор­ган­дарының басшыларымен бірлесіп атқаратын жұмыс жеткілікті. Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­баев та халыққа жыл сайын­ғы Жолдауында сыбайлас жемқор­лық­ты жойып, бәсекеге қабілетті өр­кениетті елдердің қатарына кірудің стратегиялық жоспарын түзіп келеді. Сыбайлас жемқорлық – мем­ле­кетке абырой бермейді, тәуел­сіз­дікке қатер. Ал, тәуелсіздік – біздің ең басты құңдылығымыз. Әбілқасым ДОСБОЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы. ШЫМКЕНТ.