Әдебиет • 03 Шілде, 2024

Әдеби бөлімнің әлеуеті

111 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан музыкалық драма театры биыл сәуірде Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған драматургия байқауын жариялаған еді. Күні кеше республикалық байқаудың жеңімпазы анықталды.

Әдеби бөлімнің әлеуеті

Бәйгеге түскен шығармалар ара­сынан ақын, ардагер ұс­таз Байділда Айдарбековтің ­«Ән-ғұмыр» атты пьесасы жүлделі орын­­ға ие болды. Қазақстан Жазушылар ода­­ғы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын, жазушы Нұржан Қуантай бәйгенің жүлдесін табыстады.

Байділда Айдарбеков Түркістан облысы Созақ ауданында дүниеге келген. Зей­нет­керлікке дейін аудандық мектептерде ұстаздық еткен. Осыған дейін өлеңдері арқылы танымал болған Айдарбековтің «Ұстаз», «Алтын орданың алтын тағы», «Қайта оралған бақыт», «Жахид», «Тағдыр тау­қыметі», «Әлияның биігі», «Жаным – арымның садағасы», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Күнә мен жаза», «Орындалған тілек», «Өтіріктің шегі», «Махаббат пен достық» сынды пьесалары Созақ ауданы, Шымкент, Тараз, Қызылорда және Алматы театрларында қойылған.

Байқау қорытындысына орайлас­тырыл­ған өңірлік 15 театрдан келген әдеби бөлім меңгерушілерінің «Театр­лардағы әдеби бөлім­дердің стратегиясы» атты интенсив семинарына бай­ланысты өткен баспасөз конфе­рен­циясына Қазақстан Жазушылар ода­ғының басқарма хатшысы, сыншы Әлия Бөпежанова, Қазақстанның театр сыншылар бірлестігінің вице-президенті, театртанушы Амангелді Мұқан, жазушы-драматург, режиссер, Асылбек Ихсанов, жазушы-дра­матург, әдебиеттанушы Әлібек Бай­бол, Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мыр­захан қатысты. Семинарда әдеби бөлім меңгерушілері­нің ортақ мәселесі қоз­ғалды. Алдағы уақытта олардың театр репертуарын таңдауда алатын орны­ның маңыздылығына баса мән беру, әдебиет бөлімінің театр шығармашылы­ғы­на ықпалы жайында ашық сұхбат болды. Драматург пен театр арасындағы байланысты қалыптастыратын әдеби бөлім меңгерушісі – пьесаларды оқып, саралайтын, баға беретін, авторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін, репертуарын қалыптастыра­тын маман. Қатысушылар кезінде театр­да әде­би бөлім меңгерушілері болып Мұхтар Әуезов, Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлейменов, Жақсылық Түменбаев, Исраил Сапарбай, Әшірбек Сығай, Сұлтанәлі Балғабай сынды қазақтың бір­туар азаматтары еңбек етке­нін атап өтті. Сондай-ақ семинарда бүгінгі әдеби бөлім меңгерушілерінің беделі туралы айтылды. Н.Қуантай «Әдебиет пен өнерді мемлекеттік қолдау саясаты­ның заманауи ерекшелігі», Ш.Омарова «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы», Ә.Бөпежан «Театрлардың репертуарлық саясаты», Ә.Бай­болов «Бала­лар әдебиетіндегі заманауи ізде­ністер» тақырыбында лекциялар оқып, тақырыптар талқыланды. А.Мұқан «Қазақ драматургиясының даму тен­ден­циялары», А.Ихсанов «Прозаға инс­ценировка жасау өнері» атты шебер­лік сабақ­тарын өткізді. Әдеби бөлім меңге­ру­шілерін көптеген театр басшысы «писарьға» айналдырып, күллі кіріп-шығатын хатын «мойнына іліп», қызметтік жүктемеге айналдыратыны туралы да сөз қозғалды. Әсіресе бас­шы­лыққа қарсы дауыс көтермейтін жас­тарға міндеттеп қоятыны айтылды. «Жазушылар одағы мен Мәдениет министрлігі бірігіп, театр репертуарын назарға алса, көп мәселе шешілер еді», дейді драматург Сая Қасымбек. Ал Түркіс­тан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі және әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шынар Омарова қазір әдеби бөлім меңгерушілерінің көбі театр, филология, журналистика саласынан шыққан мамандар екенін айтады. «Мүмкін біздің біліміміздің жеткіліксіздігі театрдағы «орны жоқ мамандық» болуға итермелеп тұрған шығар. Сондықтан да, алдымен білік­тілі­гімізді көтеруіміз керек деген ой келді. Семинар өткізуге де осындай ойлар түрткі болды», деді Ш.Омарова.

Сонымен қатар семинарға қатысу­шы­лар көне Түркістанды аралап, тарихи мағлұ­маттармен сусындады.

Түркістан