Өндіріс • 15 Сәуір, 2024

Қаптау өнімдерін шығарады

49 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Бәрібір шетелдік өнімді ығыстыруға күш саламыз». Сөзі нық естілді. Әдет­те сырттың өніміне көбірек мұқтаж екеніміз рас. Кейіпкеріміздің сенімділігі сөзінен де, әрекетінен де байқалады. Бастамасы орашолақ іс емес. Ауқымы кең.

Қаптау өнімдерін шығарады

Суретті түсірген – Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ

Астана қаласы маңындағы №1 Ин­дустриялық парктен 1 гектар жер алып, зауыт көтерген кәсіпкер Мақ­сат Оразханұлының ендігі мақсаты – отандық өнім көлемін кеңейту. Біз бар­ған өндіріс орны «Metal Former» деп аталады. Кәсіпорын шатыр мен үй­дің сыртқы және ішкі қабатына әр бе­ретін қаптау материалдарын шыға­рады.

Жоба былтыр желтоқсанда іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келіп, сәттілік тілеген кәсіп­орынның қазіргі қарқыны қуантып-ақ тұр.

6 млрд теңгеге жуық инвестиция са­лынған өндіріс ошағының өзіндік ерек­шелігі көп. Кәсіп­орын директоры Мақсат Садуақасов ­цех ішін аралай жүріп, жұ­мыс тәр­ті­­бін бізге түсіндіріп берді.

«Қазір мұнда 56 адам жұ­мыс істей­ді. Зауыт толық іске қо­сыл­ғанда 96 қыз­меткерге дейін қа­былданады. Өндірісті іске қосар алдында бір ғана жоспар құрдық. Ол – сырттан келетін импорттық тауарларға телмірмей, өзімізден шығару. Отандық өнім ауқы­­­мын кеңейтіп, халықты құрылысқа қа­жетті тауарлармен қамтамасыз етсек дейміз. Тіпті оған қажетті шикізат та өзіміздің елден табылып отыр емес пе? Расымен, біз­­­дің цехтың өнімінің басты шикіза­­ты – Теміртаудың темірі, Павлодар­­­­­дың аллюминийі мен Семейден ке­­ле­­­­­тін тығыздалған панелдер. Осы­лар­ды өңдей отырып, ғимарат пен тұр­ғын үйдің шатырын жабуға, сон­дай-ақ әртүрлі қалыңдықта сырт­қы қабатты қасбеттік әрлеу­ге, ішкі бөлмелердің қабырғала­рын қаптауға арналған түсті панелдер мен оларға қажетті қосалқы жабдықтар шығарамыз», дейді.

Мақсаттың айтуынша, жа­ңа­ зауыт үшін инвестиция құюға «Samruk-Kazyna Con­­struc­tion» 80 пайыз үлес қос­са, қал­­­­ғанын кә­сіпкердің өзі жобаға ба­ғыттаған.

«Қазір елде «Жайлы мектеп» жобасы басталғанын білесіз. Бұл құрылысты салуға көп көлемде материал керек. Атал­ған жобаға қатысып жатырмыз. Өйт­кені мемлекет ұстанған бағыттың бірі – отандық өнімді қолдау. Бізде қазір «CT KZ» сертификаты бар. Бұл – жергілікті өнім екенін дәлелдейтін құжат. Негізінен өнімдерге тапсырыс ірі құрылыс компаниялары­нан түседі. Бүгінде 56 түрлі құры­лыс өнімі Астана, Алматы, Қоста­най, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Атырау қалаларына жіберіліп жатыр. Қосымша Польша мем­ле­кетінен қызығушылық танытып отырғандар бар. Отандық өнімге деген Үкімет қолдауы тоқтамаса, осы заттардың шетелдік баламасынан сапасы кем емес, тіпті одан да асып түсетінін шығара аламыз», дейді Мақсат Оразханұлы.

Айтуынша, жаңа ашылған өндіріс пен ондағы тауарлардың таралуы үшін қолдау әлі де көп керек. Әрі Прези­дент­тің отан­дық өндірушілермен офтейк-келі­сім­шарттардың үлесін кем де­генде 10%-ға дейін арттыру туралы тапсырмасы бар. Оф­тейк-келісімшарты болса, өнім шы­ға­рушы да уайымға салын­бай­ды. Себебі тауарды белгілі бір мөлшерде өткізуге мемлекет тарапы­нын кепілдендірілген құжат болады. Егер елдегі кәсіпорындар шығарған тауардың сатып алу үдерісін осылай жеңілдетіп, сапасы мен үлесін арттыру сияқты жұмыстарды бір жүйеге түсірсе, онда экономикалық көрсеткіш те жаман болмас еді.

«Бұл – отандық тауар өндіру­шілерге үлкен қолдау әрі сырт мемлекеттерден келетін өнімді күтіп жаутаңдамайтын да боламыз. Қаржы да сыртқа кетпей, өзімізде қалады», деп ағынан жарылды кәсіпорын директоры.

Бір байқағанымыз, мұнда арнайы келісімшартпен келген түрік азаматтары кәсіпорын жұ­мысшыларына өндіріс барысын оқытып, үйретіп жүр. Олар белгілі бір уақытқа келген. Ары қарай қазақ жігіттері бұл істі толыққанды өз қолына алады.

«Біздің зауыт қалдықсыз жү­йе­мен жұмыс істейді. Металды еріту арқылы арнайы формада­ғы құрылыс заттары шыққан соң, одан қалған қалдықтарды қайта өңдеуден өткізіп, өндіріске пайдаланамыз. Барлық жабдық жартылай автоматтандырылған. Өнім шығаратын станоктар Қытай мен Түркиядан келсе, компьютер­лік құрылғыларды Герма­ниядан ал­дырдық. Енді «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамы­ту орта­лығы тағы 1,7 гектар жер ұсынып отыр. Ол жерге көлемі бұ­дан 3 есе үлкен, осындай өнім шы­ғаратын зауыт орналастыруды жоспарлап отырмыз. Жоба сәтті аяқталса, 150 адамға дейін жұмыс күші қажет. Қазір ішкі өнімді қамтып отырсақ, ол кезде сыртқы экспортқа да көптеп қол жеткізуге болады», дейді кәсіпорындағы цех басшысы Әділет Беркінбаев.

Бір жақсысы – жұмысшыларға бар­лық жағдай жасалған. Тегін ас мәзірі, жатақхана мен арнайы жуынатын бөл­­ме­лері бар. Әділет Беркінбаевтың сө­зінше, қала орталығынан қатынай­тын қызметкерлерге шағын автобус бөлін­ген. Маусымдық жұмыс киімі уақтылы беріліп отырады. Тапсырыс көбей­ген кезде кәсіпорын екі ауысыммен жұмыс істейді. Ал орташа айлық жалақы – 500-600 мың теңге. Сонымен қа­тар қыз­меткерлерге әлеуметтік қол­дау пакеттері жиі ұйымдастыры­лып тұрады.

«Шатыр және қаптау мате­риал­да­рын шығаратын «Metal Former» зауыты арнайы эконо­ми­калық аймақтың (АЭС) басқа­рушы компаниясы – «Astana Invest» қа­лалық инвестицияларды дамыту ор­талығы көмегімен іске асқан жоба. Со­ның нәтижесінде заманауи жабдықтар ар­қылы өнім сапасы мен қуаттылы­ғын арт­тыру, ауқымын кеңейту, қо­сым­­ша жұмысшыларды тарту жұ­мыстары жүргізілді. Өнімнің не­гізгі сатып алушылары – «BI-Group», «Mabco», «Bazis-A» құрылыс компаниялары. Әртүрлі өнеркәсіптік және азаматтық ны­сан са­латын мұндай ірі ком­па­ниялардың отан­дық өнімге деген сұранысы жоғары. Одан бөлек, Қазақ­станның бірнеше қа­ла­сын­да жүріп жатқан құрылыстарға да зауыт өнімдері жеткізіледі. Енді атал­ған кәсіпорын өнім түрлерін кеңейту үшін екінші зауыт салуды қолға алмақ», дейді «Astana Invest» Басқарма Төрағасы Асхат Бекеев.

Төрағаның айтуынша, қазір елорда­да екі арнайы экономика­лық аймақ (АЭА) жұмыс істейді. Бірі – «Астана – жаңа қала» деп аталса, екіншісі – «Астана-Тех­нополис» экономикалық аймағы. Осы АЭА-ның басқарушы ком­паниясы – «Astana Invest» қа­лалық инвестицияларды дамыту орталығы.

Былтыр осы екі аймақта жалпы құны 8,59 млрд теңгеге 7 жоба пайдалану­ға берілген. Олар­­дың қатарында біз айт­қан зауыт­тан бөлек, пластикалық терезелер өндірісі («Астанапластрой»), ин­но­вациялық энергия үнем­дей­тін материалдар («3i Materials»), полимерлі құбырлар мен фи­тингтер («АТЗ Арыс­тан»), тер­мосталған кварц генераторларын өндіру (ArtXtal»), құрылыс мате­риалдары («ҚТКСС») және жиілікті реттейтін электр же­тектерінің өндірісі («Power Conversion Systems») бойынша серік­тестер бар. Ал биыл құны 19,8 млрд теңге болатын 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Іске асса, 260-қа жуық жұмыс орны ашылмақ.