Ғылым • 22 Наурыз, 2024

«Сыр сұлуына» сұраныс жоғары

45 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Сыр сұлуы» деген ғажап әнді екі қазақтың бірі біледі десек, артық айтпаймыз, сірә! Оның сөзін қайсар ақын Зейнолла Шүкіров, сазын атақты композитор Шәмші Қалдаяқов жазған. Әнді алғаш сахнада Қызылордадағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінің студенті Зияш Айдарова орындапты. Сөйтіп, екі таланттың тандемінен туған тамаша туынды әп-сәтте елге таралды. Кейін оны небір дүлдүл әншілер шырқады. Бірақ біз бұл жолы ән туралы емес, жыр елінің брендіне айналған «Сыр сұлуы» атты жаңа күріш сұрпын сөз етеміз.

«Сыр сұлуына» сұраныс жоғары

Жалпы, күріштің отаны – Оңтүстік Шығыс Азия елдері. Онда кез келген тағам осы дақылдан жасалады. Сондықтан ба, бұл аймақта күріш нанның орнын басады деп айтады. Күріштің басты қасиеті, ғалымдардың айтуынша, қарны аш адамды тез тойдырады. Бір жағынан, күріштен дайындалатын тағамның  түрі де мол. Сонымен қатар ол адам ағзасын тазартып, ми белсенділігін жақсартады.  Ал біздегі күріштің отаны – Сыр елі. Бұл елде  күріш өсіруде әлемдік рекорд жасаған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев салған сара жол бар. Қазір мұнда даңқты күрішші атамыздың есімін иеленген Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Бүгінге дейін осы мекеме мамандары біраз жаңа сұрып шығарып, есімдері елге танылды. Ал 2019 жылы шыққан «Сыр сұлуының» ерекшелігі – ерте піседі.  Суға үнем. Аудандастырылған сорт. Шығымы жақсы. Аталған институттың Күріш және ауыспалы егіс дақылдары бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ауыл­ша­руашылық ғылымдарының докторы Құрманбек Бәкірұлы жаңа күріш сұрпы қазіргі сұранысқа сай екенін айтты.

апр

«Осы  сұрыпты еккен шаруашылықтар әр гектардан 70 центнерге дейін өнім алды. Бұл ерте пісетін күріш сорты үшін өте жақсы көрсеткіш. Негізі,  ерте піскен сорттың  өнімі көп болмайды. Керісінше, кеш пісетін күріштің өнімі мол. Бұл – күріш өсірудегі заңдылық. Бірақ соған қа­ра­мастан, кейбір ша­руа­шылықтың әр гектарына жоғарыдағыдай өнім алғаны көңіл қуан­тады. Бұл сұрыптың тағамдық қасиеті де жоғары. Біз біраз күріш сортын сынақтан өткіздік. Мұнда ешқандай таныстық болмасын деп, оны жасырын ұйымдастырдық. Оған бірнеше аспаз қатысып, палау пісірді. Сонда тағамдық қасиеті, құнары жағынан «Сыр сұлуы» бірінші орын алды», деді ғалым.

Қазір «Сыр сұлуына» деген сұраныс тұтынушылар тарапынан артып отыр.  Әсіресе, көрші Қырғыз елінен қызығушылық жоғары. Дегенмен, шыққанына небәрі бес жыл болған жаңа сұрып  толық танылды дей алмаймыз. Жалпы, жаңаны жатырқау адам табиғатына тән дүние ғой. Оған кейбір шаруа иелері әлі күнге дейін күдікпен қарайды. Мұны да түсінесіз. Өйткені олар еккен күрішінен мол өнім алып, еңбегінің жемісін көрсем дейді. Сондықтан мол өнім беретін күріш дақылын еккенді қолай көреді. Алайда кейінгі жылдары «Сыр сұлуын» өсіретін шаруашылық қатары көбейген. Олардың кейбіреуі оны экспортқа шығарып үлгерді.

«Барлық шаруа­шы­лық­тың­ бір сортты өсіруі міндетті емес. Кем дегенде, шаруа иелері екі күріш сортын егу қа­жет. Біріншісі – ерте пісетін, екіншісі – орта пісетін. Күріш егу жұмысы мамырда бас­талады. Суға бастырылады. Дәнді жинар­дың алдында суын тарта бастайды. Мәселен, ерте пісетін сорт 100-105 күнде балбырап пісіп шығады», деді Құрманбек Бәкірұлы.

Әлемде күріштің сан түрі бар. Олардың қасиеті, ерекшелігі бірінен-бірі өтеді. Сыр бойының ғалымдары шығарған «Сыр сұлуы» осы өңірдің табиғатына бейімді. Өнімділігі де, сапасы да жоғары. Қызылорда облысында күріш өсірудің ертеден  дәстүрі қалып­тасқан.  Ауыл халқының дені сонымен айналысады.  Бүгінге дейін 95-100 мың гек­тарға дейін күріш дақылы егілсе, кейінгі жыл­дардағы су тапшылығына байланысты оның көлемі сәл азайған. Өйткені күріштің қорегі – су. Қазір суды үнемдеу үшін ерте пісе­тін күріш сортын егуге көбірек көңіл бөлініп отыр.

Ғалымның айтуынша, күріштің ең көп тараған екі сорты бар: біріншісі – жапоника, екіншісі – индика. Жапоникалық сорт домалақ келеді. Ені мен ұзындығында айырмашылық аз. Ал ені мен ұзындығының арасы 3 еседен асқандар индика тобына жатады. Бұл түр Қиыр Шығыс елдері  мен Үндістанда өсіріледі.  Өзбекстанда да бар. Бірақ бізде бұған дейін болмаған. Сондықтан институт ғалымдары осы индика тобына жататын «Айсара» атты жаңа  сорт шығарды. Бұл дақыл піскенде шашылмайды. Оруға икемді. Сондай-ақ әлемдік стандарттарға да сәйкес келеді. Үндістан, Оңтүстік Корея және Қытайдың тропикалық күріш сорттары негізінде жасалған «Айсара» әртүрлі ауруларға да төзімді.  Оның үстіне экспорттауға да ыңғайлы. Мұндай таза күріш әлемде үлкен сұранысқа да ие екен.

«Бұл сорт 105 күннің айналасында пі­се­ді. Бірақ оның шаруашылықтағы өнімін қа­зір­ айту қиын. Ұзын дәнді күріштің бағасы бір жарым немесе екі есе қымбат болады. Сон­дықтан ол өнімімен емес сапасымен, ба­ға­сымен озады.  «Айсара» сортын енді кө­бей­тіп жатырмыз», деді Құрманбек ағамыз.

Осы жаңа сұрыптарды шығаруға үлес қосқан Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының Әсет Тоқтамысов, Александр Падольских, Сәуле Байбосынова, Құрманбек Бәкірұлы секілді бір топ селекционер ғалымдардың еңбегін ерекше құрметпен айтамыз.