Маман • 29 Ақпан, 2024

Маман зәрулігі шешіліп келеді

43 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан 20 жыл бұрынғы жағдай­мен салыстырғанда қазіргі медицина әлдеқайда алға басты. Осы күні облыс, аудан орталықтарынан бөлек ауылдарда да жаңа емханалар салынып, халықтың саулы­ғын сақтаудың аясы кеңейді. Әрине, бұрынғы мен бүгінгіні салыс­тырғанда әуелгі әңгіме маманнан басталатыны даусыз.

Маман зәрулігі шешіліп келеді

Арал ауданы Жаңақұрылыс ауылы­ның қадірлі қариясы Сердалы Шалбаев ұзақ жыл дәрігер болған. Зейнетке шықса да маман ретінде саланың бағыт-бағдарын бақылап отыратын ол осы күні ел арасында кардиологиялық науқастар, қан қысымы, қант диабеті мен буын ауруларына шалдыққандар көбейгенін айтады.

«Біздің кезімізде бұл аурулар сирек еді. Алдымызға көбіне асқазаны мен бүйрегі ауырғандар келетін. Осы күні ауыл­дардағы емханаларға негізгі дәрі­герлік мамандықтар бойынша кеңінен бағдарланған, жиі кездесетін аурулар кезінде амбулаторлы медициналық көмек көрсете алатын көпсалалы мамандар жіберіледі. Қазіргі медицинаның беталысын бағдарлағанда ауылдағылардың да жаңағыдай ахуалы ескерілсе екен», дейді қария.

Жоғарыда шалғай қоныстардың да саладағы өзгеріс шарапатын сезіне бас­тағанын айтқан едік. Енді соны тірілте түсейік. Облыс орталығынан 350 шақы­рым қашықтықта жатқан Қазалы ауда­нын­дағы ауруханада осыдан 5 жыл бұрын алғаш рет жүрек-қан тамырларына операция жасалды. Осыған дейін тек ірі қалалардағы жабдығы сайлы меди­циналық орталықтарда ғана жүзеге асырылып келген операцияны жасауға сол тұста республика аудандарының арасын­да алғаш рет осы ауданға қойылған «Ан­гиограф» аппаратының септігі тиіп жатыр. Қазір ауылдағылар да бұрынғыдай алысқа сабылмай осы орталықта ем алады. Осы күні «Ангиограф» аппараты Қаза­лы­мен қатар Арал, Қармақшы аудандары, Бай­қоңыр қаласы тұрғындары үшін қызмет көрсетіп келеді. Бұл құрылғы нау­қас­ты толық зерттеп алуға мүмкіндік бере­ді. Дәрі егілгенде де осы аппарат арқы­лы оның ауруға әсерін көріп отыруға болады.

«Облыстың өзге аудандарына да дертті дер кезінде анықтауға көмегі тиетін басқа да құрылғылар қойылып жатыр. Осы күні біздің аурухана жанынан 1,5 млрд теңгеге жуық қаржыға қосымша құрылыс салынып, болашақта көпбейінді орталық ауруханаға айналдырудың қадамы басталып кетті. Жалпы, медицина саласының дамуын тек ірі орталықтар ғана емес, шалғайдағы ауыл тұрғындары да сезініп отыр», дейді ауданаралық аурухананың бас дәрігері Бақытгүл Әлішева.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масы­ның дерегінше, аймақ тұрғындарына 2 892 дәрігер, 10 854 орта буынды медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Осы цифрларды сараласақ, өңірде орта буынды медицина қызметкерлерінің профициті қалыптасып, керісінше дәрігерлер тапшы болып отырғаны анық аңғарылады. Осыны болдырмау бағытындағы кешенді іс-шаралар нәтижесінде бұрын маман жетіс­пеушілігі қатты байқалатын облыс­тық перинаталдық орталығы акушер-гинекологтермен, неонатологтермен, облыстық тері-венерологиялық диспан­сері дерматовенерологтермен толық қамтамасыз етілді. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында елді мекендерге жолданған мамандарға көрсетілетін әлеуметтік көмек ауылдық медицинаны қажетті кадрлармен қамтуға етуге ықпал етіп отыр.

Жергілікті бюджет есебінен тапшы маман­дықтар бойынша мамандар даяр­ла­нып, оларға 2020 жылдан бастап бір­мезеттік әлеуметтік көтермеақы беріліп келеді. Әуелгі жылы 39 маманға – 54,2 млн, 2021 жылы 20 жасқа – 29,3 млн теңге беріліпті. Алдыңғы жылы 20 маман 30,6 млн теңге алса, былтыр тағы 20 маманға 34,5 млн теңге бірмезеттік көтермеақы табыс етілген.

Басқармадағылар елді мекендерге жолданған мамандарға республикалық бюджет қаражаты есебінен де әлеуметтік көмек беріліп отырғанын айтады. Бұрнағы жылы 159 медицина қызметкері осындай әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылса, былтыр 72 маманға жеңілдетілген тұрғын үй несиесі беріліп, 79 дәрігерге біржолғы көтерме жәрдемақы табысталған. Мұның сыртында кейінгі 3 жыл көлемінде медицина қызметкерлерінің жалақысының кезең-кезеңмен өсуі елде медицина кадрларының тұрақтылығын қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізген сыңайлы. Осыдан 2 жыл бұрын 78 дәрігер жұмысқа қабылданып, олардың 17-і елді мекендерге жолданса, былтыр өңірге келген 58 жас маманның 32-сі ауылдарға аттаныпты.

«2016 жылдан бастап өңірге аса қажет­ті медицина мамандықтары бойын­ша 155 резидентке облыс әкімінің гран­ты тағайындалғаны да тапшылықты жою­ға сеп болды. Бұған қоса 2017-2021 жыл­­дар аралығында «Жалпы медицина» ма­мандығы бойынша мамандар даярлауға облыс әкімінің 162 гранты бө­лінді. Осындай қадамдар 2025 жыл­дан бастап саланы дәрігерлермен қам­та­ма­сыз етіп мамандар тапшылығын мей­лінше азайтуға мүмкіндік береді», дейді басқармадағылар.

Медицина кадрларының біліктілігін арттыруға да жергілікті бюджеттен қара­жат бөлініп келеді. Былтыр осы арқылы 590 дәрігер, 738 орта буынды медицина қыз­меткері білімдерін жетілдірді. Әсіре­се ана мен бала денсаулығын қорғау бағы­тына баса мән беріліп, жергілікті дәрігер­лерді Ұлттық акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Астана медицина университеті ғалымдары мен «Қазақстан жоғары қоғамдық денсаулық сақтау мектебі мамандары оқытты.

Ал осы жылы мамандардың біліктілігін шетелдік жетекші клиникаларда жетілдіру көзделіп отыр. Түпкілікті мақсат – медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру арқылы тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын көтеру.

Биылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі өңірлерде дәрігерлер жетіс­пеушілігін азайту мақсатында рези­ден­­турада республикалық бюджет арқы­лы тапшы мамандарды даярлауға мемле­кеттік тапсырысты 1 500-ден 2 500-ге дейін арттырды. Осыған байланысты біздің облыс үшін 34 дәрігер оқытылып жатыр. Олар оқуын бітіргеннен кейін облыста кемінде 5 жыл жұмыс жасауға міндеттеледі. Осылайша, биыл 34 маман – республикалық бюджет, 24 маман жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада білімін жалғастырған.

Биыл өңірімізге жергілікті бюджет есебінен оқыған 26 резидент келеді деп күтіліп отыр. Бұған қоса Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінен – 77 дәрігер, Қарағанды медицина университетінен – 28 жалпы тәжірибелік дәрігер, Астана медицина университетін бітірген 7 резидент Сырдағы мамандардың қатарына қосылады.

 

Қызылорда 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024