Сұхбат • 23 Қаңтар, 2024

Қазақтың байырғы тарихы әлемді қызықтырады

1843 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Біз Отан тарихын байытатын ел ішіндегі һәм одан тыс жерлердегі дереккөздерді шам алып іздейтін сәтке дөп келіп отырмыз. Сан ғасырлық тарихымызды бұлай зерттеу де заман талабы, әрине. Осы орайда шетел мұрағаттарынан қазақтың өткеніне қатысты тың дүниелерді тауып, олжа салып жүрген тарих PhD, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Токио шет тілдері университетінің шетелден шақырылған ғалымы Дүйсенәлі ӘБДІЛӘШІМҰЛЫН аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Қазақтың байырғы тарихы әлемді қызықтырады

– Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaq­stan» газетіне жарияланған сұхба­тын оқы­ған шығарсыз. Онда тарих біздегі жалпы­­ұлттық бірегейліктің маңызды бөлігі екені айтылды.

– Әлбетте, оқыдық. Халық жақсы қабылдады. Сұхбатта сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру негізгі міндетіміздің бір болып қала беретіні де айтылды. Әрине, Отан тарихын жүйелі түрде зерттеп, оның жұмбақ тұстарын нақты дәлелдер келтіріп, айшықты тілмен кес­телеп қалың оқырман қауымға жеткізу – тарихшылардың бас­ты міндеті. Кейінгі жылдары ел тарихын зерттеуде жемісті еңбектер жасалып келеді. Ел іші ғана емес, шетел асқан тарихи деректеріміз де зерттеле бастады. Әсіресе Қазақ хандығы тұсында өз тарапымыздан немесе көрші мемлекеттер жағынан хатқа түскен құнды жәдігерлер, архив құжаттары табылып, зерттеліп, қоржынымызды қампайтып жатқан жайы бар. Мұндай дереккөздер көбінесе Ресей, Қытай архивтерінің қор­ла­рында сақталған. Олардың бағасы күн өткен сайын арта түсті. Өйткені онда қазақ тарихына қатысты мол ақпарат жатыр. Қазақ хан­дығы тұсында қазақтар өзде­рінің көрші-қолаңымен бірде ара­ларынан қыл өтпестей тату болса, енді бірде өзара араздасып, бірін-бірі жау­лап алуға дейін барған. Қазіргі таңда осын­дай қым-қуыт тарих қатпарларына үңіліп, сырын ашуға мүмкіндік туып отыр. Мұны сол дәуірлерде түрлі тіл­дер­де жазылған тарихи деректерден, архив құжаттарынан анық байқай аламыз.

– Нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

– Мысал өте көп. Деген­мен бөгенайы бөлек тарихи оқиға­лар­дың жол-жөнекей хатқа түсіп қалуы ілеуде бір кездеседі. Солардың арасынан қазақ ханы Уәлидің тұсында қазақ-орыс шекарасында туындаған бір реткі мал барымтасына байланысты жазылған архивтік құжаттарды мысалға алуға болады. Бұл тарихи дерек аса қызықты да құнды, халық санасынан әлдеқашан ұмытылып кеткен тарихи оқиғалардан сыр шертеді. Аталған архив құжатының бірі – сол жылдары Цин патшалығының Іледе іс басқарып тұрған генерал-губ­ернаторы Цзиньчанның Цзяцин патшаға жолдаған мәлімдемесі. Уақыты – Цзяцин жылнамасының 16-жылы 10-айдың 10-ы күні, яғни 1811 жылдың 25 желтоқсаны. Енді бірі – сол тұстағы Тарбағатай ұлығы Наянбоның Цзяцин патшаға жолдаған мәлімдемесі. Оның уақыты Цзяцин жылнамасының 17-жылы 4-айдың 24-і күні, яғни1812 жылдың 3 маусымы деп көрсетілген. Бұл дереккөздер қытай, мәнжу тілдерінде аралас жазылған. Түпнұсқалары қазір Қытайдың №1 тарихи архивінде сақтаулы. Ал көшірме нұсқасы 2012 жылы Қытайда жарық көрген «Цин дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжуша мұрағат құжаттары» атты 283 томдық сериялы кітаптың 228, 229-томдарына енген.

– Сонда бұл дереккөздерде не айтылған?

– Тарихи құжаттарды Цин­ патша­лығының Іле мен Тарба­ға­тайда іс басқарып тұрған ұлық­тары қазақтардың аузынан жазып алғаннан кейін өз мәлімдемелерімен қоса патшаға жолдаған. Мұнда Уәли ханға қараған Мұса ақалақшының (мансап-шен аты) иелігіндегі Құсай қатарлы төрт адамның барымталанған жылқыларын қуып барғанда қапыда қолға түсіп, соңынан қалай құтылып шыққаны, моңғол жеріне қалай барғаны, одан Іле, Тарбағатай жерлеріне қалай жеткізілгені туралы қызықты мәліметтер жазылған. Жазба дереккөздерге сүйенсек, Құсай – қазақ ханы Уәлидің иелігіндегі Мұса ақалақшыға қараған адам. Ол Іле генерал-губернаторына былайша ауызша мәлімет береді: «Мен биыл 28 жастамын, марқұм Абылай ханның баласы Уәли сұлтанға қараған Мұса ақалақшының иелігіндегі қазақпын, Куансір (мәнжуша мәлімдемеде жазылмай қалған) деген жерденмін. Әке-шешем бар, бір ағам, бір інім бар, әке-шешемізбен бірге тұратынбыз. Екі әйелім, екі ұлым бар. Біз қоныстанған жердің халқы мол, қонысымыз орыс шекарасынан жеті-сегіз күндік жер, екі жақ үнемі бір-бірінен мал барымталайтын. Шамамен бұдан бес жыл бұрын, орыстар біздің қонысымыздан бес жүзден аса жылқыны барымталап айдап кетті. Біз елу шақты адам кеңесіп, бөлініп қудық. Біздің тобымызда он жеті адам бар еді, соңынан қуып орыс шекарасына жеткенде жылқыларымызды көрдік. Бірақ олардың адам саны мол, біздің бір кісімізді найзалап өлтіріп, он алтымызды тұтқындап, өз адамдарына құлдыққа үлестіріп берді. Менімен Сепей қатарлы төрт адам бір жерге бөліндік. Күндіз оларға жұмысқа жегілеміз, түнде арнаулы адам күзетеді. Биыл 5-айда (21 маусымнан 19 шілдеге дейінгі аралық), қай күні екені есімде жоқ, Сепейлермен ақылдасып қашуға бекіндік. Сол түні бізді күзеткен адам ұйықтап қалыпты. Төртеуміз олардың аттарын ұрлап мініп, күн-түн демей қаштық. Содан екі ай өткенде, жол бойында бір орысқа кездестік. Әлгіден жөн сұрап едік, ол саудадан зиян тартып, бас сауғалап қашып шығыпты. Біз жер жадысын білмегендіктен оны ертіп алып, жол бастатқыздық. Содан жалғасты 28 күн жүріп, адасып Күрен­ге келдік. Осында қарауылдағы әскер­лер­дің қолына түстік, олар бізден істің мән-жайын егжей-тегжейлі сұрап ұғыс­ты. Жол бастаған орысты өз жеріне қай­тарып жіберіп, неге екені белгісіз, бізді Ілеге алып келді. Міне, бүгін істің анық-қанығын сұрап отырсыздар. Біз басқа себептен емес, барымталанған жыл­қы­мыздың соңынан қуып барғанда тұт­қынға түсіп жұмысқа жегіліп, орайын­ тауып қашып шыққан адамдармыз. Бізді тек қазақ ханына табыс­тап беріп, қоны­сы­мызға жеткізсеңіздер болғаны, осыны ғана тілейміз». Құсай өзінің ауыз­ша мәлімдемесінде «шамамен бұдан бес жыл бұрын» деп айтады. Соған қара­ған­да бұл оқиға шамамен 1807 жылдары болған.

– Құсаймен бірге тұтқыннан құтылып шыққан Сепей дегендер кімдер? Олар туралы мәлімет бар ма?

– Бар. Өздерінің ауызша айтқандарына жүгінсек, Құсайдың жанында Сепей, Әбділжапар және Әмирен қатарлы үш адам болған. Олар Іле генерал-губернаторының сұрағына төмендегідей жа­уап берген. Сепейдің айтқаны: «Мен биыл 26-ға шықтым, әке-шешем тірі, әйелім, екі қызым бар. Ағамның жанында жүріп күн кештім». Әбділжапардың айтқаны: «Мен 21 жастамын, шешем қайтыс болған, әкем тірі, үйленгенмін, балам жоқ, аға-інім де жоқ». Әмиреннің айтқаны: «Мен биыл 30 жастамын, әкем қайтыс болған, шешем тірі, екі әйелім, үш қызым бар, аға-інім жоқ». Соңында Іле генералы олардың тағы да мынадай сөздерін келтіріпті: «Біз бұрын Күңқар ноғайы едік, қазір отбасымызбен қазақтың Куансір деген жерінде қоныстанып отырмыз. Арғы аталарымыз қазақ арасына саудамен келіп ұзақ жыл тұрған. Біз бәріміз қазақ жерінде туып-өстік, қазақ болып кеткеніміз шын».

– Жоғарыдағы «Күрен», «Күңқар» деген жер аттары екенін түсіндік. Бұл қай аумаққа тиесілі жерлер?

– Құсай «адасып Күренге жеттік» дейді. Осындағы «Күрен» – қазіргі Моңғолияның астанасы Ұланбатыр орналасқан жер. Ұланбатыр тарихта әртүрлі аталған. Мысалы, XVIII ғасырдың алғашқы жартысына дейін «Өргөө» деп аталса, соңынан «Хурээ» деп аталып 1911 жылға дейін қолданылған. Бұл атау мәнжушада «Kuren», қытайшада «Kulun» болып дыбыстық аудармамен алынған. Ал «Күңқар» парсы тіліндегі «X±nd(e)g±r» (خواندگار) деген сөзден шыққан. Зерттеулерде көбінесе Осман патшалығының билеушісін меңзейді делінеді. Алайда бұл арада «Қырым» айтылып отыр. Бұл тарихи атаудың қытай мен мәнжу тілінен басқа, моңғол, тибет тілдеріндегі дереккөздерде де кездесетінін ғалымдар айтып жүр.

– Түсінікті. Жоғарыда Тарбағатай ұлығының 1812 жылы маусым айында Цзяцин патшаға жолдаған мәлімдемесі бар дедіңіз. Онда қазаққа қатысты не айтылған?

– Қазақтың Құсай қатарлы төрт адамы жөнінде Іле генерал-губернаторы да, Тарбағатай ұлығы да патшаға мәлімдеме жазған. Соңғысында да қызықты мәліметтер айтылған. Онда былай жазылған: «Өткен жылы 11-айда (16 желтоқсаннан 13 қаңтарға дейінгі аралық), құлыңыз Наянбо Іле генерал-губернаторы Цзиньчан жеткізіп салған, Күрендегі қарауылда қолды болған, орыстан қашып шыққан Құсай қатарлы төрт адамды анықтап, өзге іс жоғын айтып мәлімдегенімде, патша сізден оларды қазақ ханы Уәли сұлтанға қайтарып беру жөнінде жарлық түскен еді. Бірақ ол кез қақаған суық, тау арасы қалың қар, жол ашылмаған, оның үстіне аталған қазақ ханына қараған рулар алыс жайлағандықтан, құлыңыз Құсай қатарлы төрт адамды уақытша еліне қайтармай, адам шығарып қаратып, қар кеткеннен кейін Уәли сұлтанның іні-ұрпақтарынан біреуі келгенде соларға қосып жіберейік деп сізден жөн сұраған едік. 4-айдың 18-і күні (28 мамыр) қазақ гуні Сарат (Әбілпейіз сұлтанның баласы, Жошының екінші ұлы) келіп, патшаның шапағатына айрықша алғыс айтты әрі Құсай бастаған төрт адамды Уәли сұлтанға қараған елге алып қайтуды өтінді. Құлдарыңыз екі етпей оларды табыстап беріп, хат жазып патшамыздың көл-көсір шапағатын қазақ ханы Уәли сұлтанға жеткізуін әрі Уәлидің адамдарын өткізіп алуын тапсырдық. Уәли сұлтанға берген хаттан басқа қосымша мәлімдемені қосып құзырыңызға жіберіп отырмыз, көзден кешіргейсіз». Міне, осы мәлімдеме мазмұнынан әлгі төрт адамның қазақ жеріне қалай жеткені туралы нақты мағлұмат алуға болады.

– Ал енді мұндай архивтік дүние­лердің қазақ тарихы үшін қандай маңызы бар?

– Біз мал барымтасына байланысты жазылған архив құжаттарымен таныстық. Байқағанымыз, XIX ғасырдың басында Уәли ханның иелігіндегі қазақтар мен орыс шекарашылары арасында жылқы барымтасы орын алып, қазақтар жағы бес жүз жылқысын ұрлатады. Соңынан қуғыншылар барғанда тұтқынға түсіп, ауыр жұмысқа жегіледі. Олардың ішінен төртеуі бес жылдан соң орайын та­уып қашып шыққанымен, адасып екі ай дегенде жолшыбай Петр атты бір адамға кездесіп, оған жол бастатқызады. Бір айға жуық жүріп олар қазіргі Моңғолия астанасы Ұланбатырға зорға жетеді. Ол кезде бұл жер «Күрен» деп аталып, онда Цин патшалығының жергілікті әкімшілігі орналасқан болатын. Осындағы ұлық Юдондоржи қазақтардың жағдайынан толық хабар білген соң жол бастау­шы Петрді Кяхтадағы орыс губернаторына жөнелтеді де, қалған төртеуін Іле генерал-губернаторына жеткізіп береді. Іле генералы Цзиньчан олардан мән-жайды толық білген соң, патшаның жарлығына сай төртеуін Уәли хан жеріне қайтару мақсатында қазаққа бір табан жақын Тарбағатай ұлығы Наянбоға жеткізеді. Алайда күн суық, қар қалың, жол алыс болғандықтан, Наянбо оларды жібермей, қыстатып, келесі жылы жол ашылғаннан кейін Уәли ханның адамдары келсе соларға қосып елдеріне қайтармақшы болады. Алайда келесі жазға салым Жошы сұлтанның ұлы Сарат келіп, қолқа салып қайта-қайта сұрағандықтан, оларды Саратқа қосып беріп, Уәли ханға хат жазады, оны да Саратқа табыс­тайды. Міне, бұл – оқиғаның жалпы барысы. Бүгінгінің көзімен қарайтын болсақ, Қазақ хандығы тұсында Уәлиге қараған төрт қазақ Ресей, Моңғол, Қытай сынды үш мемлекетті басып өтіп, соңында Қазақ еліне, өз қоныстарына аман-есен қайтып оралады. Бұл өте қызықты оқиға, тарихи сюжет. Мұндай архив құжаттары XIX ғасырдың басындағы Қазақ хандығының нақты болмысын, ондағы қазақ халқының әлеуметтік өмірін, тұрмыс-тіршілігін, сондай-ақ көршілес елдермен болған түрлі қарым-қатынасын қайта сараптау үшін ауадай қажет тарихи жазба материалдары екені дау­сыз.

– Қазір Жапон елінде ғы­лыми зерттеу жұмысымен айналысып жатырсыз. Ондағы ғалымдардың қазақ тарихына деген ынта-ықыласы қандай?

– Өткен жылдың 1 қыр­күйегінде Жапонияға келдім де, бірден зерттеу жұмысымды бас­тап кеттім. Осындағы әріптесім ғалым Нода Джин – қазақ тарихын зерттеуші маман, «Ресей, Цин империясы және Қазақ хандығы» монографиялық еңбегі мен көптеген ғылыми зерттеу мақалалардың авторы. Бұдан басқа Жошы ұлысын зерттейтін ғалымдар да бар. Олар да өте табысты ғылыми жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазақ тарихына, мәдениетіне деген қызығушылықтары жақсы. Былтыр 21 желтоқсанда шетелден шақырылған ғалым ретінде баяндама жасадым, тарихшы ғалымдар жақсы бағалады. Содан да болар тағы да кездесулерге ұсыныс түсіп жатыр, әрине, бұл қуанарлық жағдай. Екі ал арасындағы барыс-келіс бұдан да жиілей түссе болашақта көп жұмыс атқаруға болады. Технологиясы мен гуманитарлық саласы бірдей дамыған ел ретінде қазақ ғылымының алға ілгерілеуіне де септігін тигізері даусыз.

Жалпы, кейінгі жылдары қазақ тарихы, қазақтану мәселелеріне қатысты біршама сүбелі ғылыми зерттеу еңбектері жарық көрді. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табары анық. Дегенмен бүгінгі жаһандану заманында жұтылып кетпейік десек, алдымен тарихымызды, мәдениетімізді, тілімізді берік сақтап, санамызды нұрландырумыз қажет. Былайғы жұрт көбінде тарихтан бейхабар деп кейде кінә артамыз. Алайда біздің ғылыми үгіт-насихат жұмысымыз қандай деңгейде атқарылып жатыр, бұл жағын ескере бермейміз. Шын мәнінде, рухани әлсіздік жалтақтыққа әкеп соғады. Өз тізгінін өзі меңгере алмаған халық түбінде кім көрінгеннің жетегінде кете беруі бек мүмкін. Сондықтан биыл ұлағатты істер көп атқарылса екен дейміз. Әсіресе әр елде тарыдай шашылған тарихымыздың бөлшектерін жинап-теріп, ғылыми зерттеу жүргізіп, халықтың қажетіне жарату жұмысымыздың басты бағыты болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»