Қоғам • 16 Қараша, 2023

Түркияның ғасырлық тойына арналды

118 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Халықаралық Түркі академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Түркия Респуб­ликасының Қазақстандағы елшілігінің ұйытқы болуымен «Түр­кия Республикасының 100 жылдық белесінен – Түркі әлемінің болашағына» атты халықаралық конференция өтті. Алқалы жиынға дипломатиялық миссия қызметкерлері, қоғам және мемлекет қайраткерлері және түрколог-ғалымдар қатысты.

Түркияның ғасырлық тойына арналды

Конференцияның ашылуында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылым, ком­мерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева Түркия Республикасының 100 жыл­дығына арналған байыпты басқосудың маңызы өте жоғары екенін айтты.

– Алдымен конференцияға қатысып отырған мәртебелі қонақтарды Түркияның ғасырлық тойымен құттықтаймын. Осыдан тура екі жұма бұрын елордада Түркі мемлекеттері ұйымының X саммиті өтті. Сонда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бабалар өсиетін орындап, түркі мемлекеттерінің ынтымағын ны­ғайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау» деген болатын. Сондықтан бү­гінгі іс-шараның жөні бөлек. Шынында да, екі ел арасындағы бауырластығымызды, бірлігімізді жастарға үлгі ете білсек, көп нәрсеге қол жеткіземіз. Сондай-ақ аталған саммитте ғы­лыми әріптестік арқылы білім мен ғылым саласындағы ынтық­мақтастықты нығайту туралы да айтылды, – деп конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Одан кейін сөз алған Халық­аралық Түркі академиясының пре­зиденті Шаһин Мұстафаев Түркия Республикасының 100 жылдық тарихи белесіне тоқталып, бүгінде Түркі ынты­мақтастығы аясында бауыр­ластық байланыстарын нығайта түскен тамырлас мемлекеттер үшін ауқымды мүмкіндік ашылғанын жеткізді.

«Түркі әлемінің геосаясат пен геоэкономика тұрғысынан маңызы бірте-бірте артып келеді. Тұрақсыздық күшейіп жатқан аласапыран әлемде Түркі әлемінің бейбітшілік пен өркендеу ай­мағына айналу мүмкіндігі өте ж­оғары. Алдағы кезеңде Түркі әлемінің өзара келісімге берік, бауырластық байланысқа бекем, мыз­ғымас достық қатынасқа негіз­­делген, қауіпсіздік пен тұрақ­тылық сақталған аймақ болуын ті­лейміз», деді академия басшысы.

Сондай-ақ Түркия Респуб­ликасының Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Мұс­тафа Капуджу осы қарашаның басында Астанада өткен Түркі мемле­кеттері ұйымының мерей­тойлық Х саммитінің жоғары деңгейде өткенін, бұл басқосу ынты­мақтастықтың жаңа кезе­ңіне бетбұрыс болғанын атап өтті. Сонымен қатар елші мыр­за Түркияның 100 жылдығына арналған іс-шараны ұйымдас­тырған Түркі академиясы мен Еуразия ұлт­тық университетіне алғысын білдірді.

Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Оңталап Оңалбекұлы Түркия жұртшылығын ғасырлық мерейтойымен құттықтап, Түр­кияның жетістіктері – бүкіл Түркі әлемінің мақтанышы еке­нін баяндады.

 – Түркия Республикасы 100 жылдық белесінде қарыштап дамып, жаһандық деңгейде көш­басшы және қуатты мемлекет ретінде танылды. Түркияның сан-саладағы дамуын түркі әлемінің мақтанышы деп санаймыз. Әсіресе Түркияның сыртқы саясат, ғылым, техно­логия және тағы басқа ба­ғыт­тағы қол жеткізген же­тіс­­тіктері өте көп. Түркия – Қа­­­зақстанның тәуелсіздігін бірін­ші болып таныған мемле­кет. Біз оны ешқашан ұмыт­паймыз. Әрқашан есімізде тұрады. Тамыры тереңнен бас­тау алатын екі ел арасындағы бауырластық жыл сайын қарқын алып, дамып келеді. Бұл екі мемлекет басшысының достық және үндестік саясатының арқасында деп білеміз. Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың был­тырғы мамыр айын­­да Түркияға бар­ған ресми сапары аясында екі ел арасындағы қарым-қа­тынастар кеңейтілген әріптестік деңгейіне көтерілді. Бұл да екі мемлекет арасындағы сенімді серіктестіктің дәлелі болады. Қазақстан мен Түркия ара­сындағы қарым-қатынас тек саяси бағытта ғана емес, экономика және гуманитарлық бағытта да дамып отыр. Мә­селен, Қазақстан – Түркияның экономикалық се­ріктесі. Түркия – біздің еліміздің ең ірі төрт сауда серіктесінің бірі. Сондай-ақ бауырлас екі елдің білім және мәдениет саласындағы байланыстары да ерекше. Бұл байланыс екі халық арасындағы достық пен өскелең ұрпақтың білімге құштарлығын нығайтуға мүмкіндік береді, –деді О.Оңал­бекұлы.

Бұдан соң Түркиядан ат арытып келген профессор Иль­­бер Ортайлы түрік тарихын зерттеу бағыты бойынша маз­мұнды баян­дама оқыды. Содан кейін профессор Ильбер Ортайлы мырзаға Түркі әлемінің ынтымақтастығын арттырудағы үлесі үшін Түркі академиясының арнайы медалі табысталып, Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университінің Құр­метті профессоры атағы бе­рілді. Назарбаев университеттің Қазақ тілі және түркітану кафе­драсының меңгерушісі Юлай Шамилоғлудың конференция тақырыбына байланысты жасаған баяндамасын да жиылған қауым жылы қабылдады.

Сондай-ақ жиын аясында Ха­лықаралық Түркі акаде­мия­­сының қолдауымен бел­гілі түрік тарихшысы Афет Инан­ның «Кемал Ататүрікті еске алғанда» атты кіта­бы таныс­тырылды. Оқырманға қазақ ті­лінде жол тартқан жинақта түрік зиялы қауымының көрнекті өкілі Афет Инан ханымның түркі әлемінің ұлы қайраткері, Түр­кия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ата­түрік туралы естеліктері мен ойлары топ­тастырылған.