Қоғам • 14 Қараша, 2023

Сыр перзентін еске алды

144 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетовтің 100 жылдығына арнал­ған ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференция бас­талмас бұрын Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің алдындағы қайраткердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды.

Сыр перзентін еске алды

Тәкей Есетұлының өмір жолы мен қызметіне арналған ғылыми-танымдық конференция облыс әкімдігінде өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел ағалары, Тәкей Есетұлының ұрпақтары, туған-туыстары мен үзеңгілес інілері қатысты.

Мемлекет және қоғам қайраткер­лері Құдайберген Саржанов, Әбдіжәлел Бәкір, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы, Тәкей Есетұлының баласы Әділбек Есетов сөз алып, қайраткер туралы естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, конференцияда Парла­мент Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарованың, Руслан Рүстемовтің және Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетовтің, Мұрат Ергешбаевтың арнайы құттықтау хаты оқылды.

Еске сала кетейік, Тәкей Есетов 1923 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген.

Жиында айтылғандай, ол Алматы­дағы 6 айлық авиациялық курсты біті­ріп, майданға аттанған. 1943 жылы ауыр жара­қат алған соң, елге оралады. Соғыс­тан кейін, Арал аудандық сотында, мем­ле­кеттік қауіпсіздік комитетінде, қаржы бөлімінде қызмет еткен.

1957-1985 жылдары Арал аудан­дық партия комитетінің екінші хатшысы, Қы­зыл­орда облысы партия комитетінің бө­лім меңгерушісі, Арал аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бірін­ші хатшысы қызметте­рін абыроймен атқарады.

Тәкей Есетұлы 1978 жылдан 1985 жылдар аралығында Қызылорда өңірін басқарған кезеңде облыс орталығында драма театр, музей, әуежай, басқа да әлеуметтік нысандар: өкпе аурулары ауруханасы, емханалар, мектептер, бала­­бақшалар және басқа құрылыс нысан­дарының құрылысы сол кезеңдерде қатар жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға бе­рілді. Одан өзге «Қызылордарисмаш» зауыты, «Шалқия» кеніші секілді көп­теген өндіріс орындарының жұмысы жандана түсті. «Құмкөл» мұнайы қорын зерттеп табу, алғашқы мұнай өндіру ісі оның тікелей қолдауымен, ұйымдастыруымен басталған-ды.

«Сыр бойының қай кезде де эконо­­микалық табысы негізінен ауыл шаруа­­шылығына тікелей байланыс­ты екені баршаға аян. Сол жылдары аймақ ауыл шаруашылығында айтарлықтай ілгері басушылық болып, табыс табысқа ұласты. Облыс диқан­дары 1978 жылы мемлекетке 17 миллион пұт Сыр салысын тапсырды. Осы­дан алты жыл өткенде көрсеткіш 24 миллионға жеткенін бірінші басшы­ның ұйымдастырушылық ұтырлы қабілеті мен біліктілігінің жемісі деп білген жөн болар. Сол тұстары облыстың жеті ауданында мал басын аман сақтау, алын­ған төлді шығынсыз өсіру шаралары қатар жүргізілетін. Облыс бойынша төлдеген қойдың әр жүзінен орта есеппен 110-115-тен қозы алынды. Сондай-ақ басқа да тү­лік түрлерінен алынатын өнімдер жыл санап молая түскенін сол жылдарда­ғы көрсеткіштерден айқын аңға­рыла­ды», деп жазады қаламгер Толыбай Абылаев.

Тәкей Есетұлы Арал ауданына бас­шы­­лық жасаған жылдары үш рет қата­рынан Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің VII, VIII, IX шақырылымына, КСРО Жоғары Кеңесінің жоғары палатасы – Ұлттар кеңесінің X, XI шақырылы­мына екі мәрте депутат болып сайланды. Ол Ұлттар кеңесінде одақ бойынша Құрылыс және құрылыс материалдары өндірісі мәселелері бойынша комиссияның, ал Қазақ КСР Жоғары Кеңесінде республикалық бюджетті жос­парлау комиссиясының мүшесі болды. Ол мемлекеттік деңгейдегі көптеген орден-медальмен марапатталған.