Қоғам • 12 Қыркүйек, 2023

Волонтерлерге де бақылау керек

141 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы сияқты құжынаған халқы бар қалада қилы тағдырмен тоғысқан алуан пиғылды адамдар кездесіп жатады. Мұқтаждыққа душар болған адамдар кейде қайыр тілеуге мәжбүр, қандай жағдай болса да садақа сұрауға ары жібермейтін жандар да жеткілікті. Мұндайда көмекке қайырымдылық ұйымдары келеді, қаражат жинауға волонтерлер қолұшын созады.

Волонтерлерге де бақылау керек

Байқасаңыз, дүкендерде, көп­шілік орындарда садақа тастайтын жәшіктер кездеседі. Болмаса, қоғамдық көліктерде ауыр нау­қасқа шалдыққан балаларға деп қа­ражат жинап жүрген жастар ал­дыңыздан шығады. Жүрегінің жылуын жоғалтпағандар шамасы келгенше тиын-тебенін қалдырса, кейбіреулер әжептеуір сома салып кететінін де көріп жүрміз. Дегенмен, осы қаражат діттеген жеріне жете ме? Бақай есепсіз во­лонтер мен алаяқты қалай ажы­­ратуға болады? Бұл сұраққа Ал­­маты қалалық өңірлік коммуни­кация қызметі алаңында өткен бри­фингте «Ұлттық волонтерлік желісі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк жауап берді.

Бұл сауал неге өзекті болып отыр? Алматы мен өңірлерде во­лонтерлікті дамытудың «2024-2027 жылдарға арналған Жол кар­тасы» іске қосылды. Ал еліміз­де волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы аяқталып келеді. Ен­дігі жерде бұл құжатқа жаңа ұсы­ныстар енгізу қажет. Осы орай­да «Ұлттық волонтерлік же­лі» ЗТБ құзырлы орындардың қол­дауымен «Birgemiz: áreket ýaqyty» волонтерлік саласын­дағы іс-шаралар кешенін ұйымдас­тыру» жобасын іске асыру әрі во­лонтерлікті мемлекеттік тұр­ғыда қолдау стандартын енгізу мақ­сатында 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қа­лада бірқатар бастаманы қолға алып отыр.

«Волонтерлік әрекет – сөзсіз адам­н­ың өмірлік тәжірибесін байы­тады, жұмысқа тұрған кезін­де де қайырымдылық қызмет­пен айналысқаныңыз туралы түйіндемеңізде жаза аласыз. Сол сияқты волонтерлік идеясы мол адамдарды табуға көмектесіп, кейін олардың көбі өмірлік досқа айналуы да ғажап емес. Тағы бір мүмкіндігі – саяхат. Волонтерлік жобалардың арқасында тек елі­мізде ғана емес, шет елдерге де сапар шегуге болады», дейді Та­тьяна Миронюк.

Брифингте журналистер жә­шік арқалаған жастар автобус­тар мен қала көшелерінде ауру балалар­ды емдеуге деп ақша жинайтынын мысалға келтіре отырып, ерікті түрде нағыз сауапты іспен айналасып жүргендерді алаяқ­тардан қалай ажыратуға бола­тындығы туралы сұрады.

Бұл мәселенің өзекті екенін атап өткен Татьяна Миронюк: «Кө­біне мұндай адамдар заң­ның үш бірдей бабын бұзады. Біріншіден, олар мұн­дай арам істеріне негізінен жасөс­пірім­дерді жалдайды. Мұндайда келі­сім­шарт­тың дұрыстығына көз жеткізу қажет. Екінші мәселе – «во­лонтермін» деп көшедегі өткен-кеткен адамдардың аяғына оратылып, мазасын алу да заңға қайшы әрекет. Бұларды жақсылық жасап жүр деп айту қиын. Кез келген адам қайырымдылық үшін беріп отырған қаражатының қай­­да, кімге берілетінін қадаға­лай алмайды. Сондықтан қайы­рым­дылық жасаған әр адам мұн­дай іспен айналысып отырған ұйым қызметінің ашық­ты­ғын, аманатқа қиянат жасамай­тын­дығын да біле алмайтынын түсін­ген жөн», дейді.

Спикер «Волонтерлік» пен «Қайырымдылық қызметі» тура­лы арнаулы заңдарда волон­терлік пен қайырымдылық деген сөздерге нақты анықтама берілгенін, сон­дықтан жиналған қаражат үшін ел алдында ашық есеп берілуі керектігін атап өтті.

Дегенмен волонтерлікпен айналысып жүрген жастардың арқасында қалада талай ауқымды жұмыс атқарылып, еліміздің, мегаполистің имиджін арттыруға да септігін тигізіп жүргендері аз емес. Мысалы, қайта оралған «Азия дауысы» фестивалі ке­зінде еріктілер шетелдік қо­нақ­­т­арға, туристерге барынша кө­мектесіп, бағыт-бағдар сілтеп отыр­д­ы. Алматылық волонтерлер биыл мамыр айында өткен Ха­лықаралық еріктілер форумын ұйымдастыруға да белсене аралас­ты. Орайы келгенде айта кетейік, мегаполисте 30-дан астам волонтерлер ұйымы мен тобы жұмыс істейді, олардың құрамында 50 мыңнан астам адам бар. Қалалық жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Бекқайыров Алматы жастары волонтерлік бастамаларға белсенді түрде қатысатындығын айтады. Мы­са­лы, волонтерлердің қазіргі кеңсе­с­інің арқасында бірнеше жоба қолға алынған. Олардың ішіндегі ең ірісі – «Тілдер саябағы». Жо­ба аясында қаланың 8 ауданын­да қазақ және шет тілдерін оқы­ту бойынша тегін сабақтар өт­кі­зіледі. Білім беру таза ауада, қала­ның саябақтары мен сквер­лерінің аумағында бейресми жағдайда өтеді.

Жыл басынан бері алматылық еріктілер 450-ден аса іс-шараға атсалысқан екен. Мәселен, қала волонтерлері Абай облысында алапат өрттен зардап шеккендерге 50 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинап берді.

 

АЛМАТЫ