Университет • 18 Тамыз, 2023

Германияда тағылымдамадан өтеді

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Maqsut Narikbayev University студенттері Германиядағы Гамбург университетінің заң факультетінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Әкімшілік құқық саласындағы неміс тәжірибесін елімізге алып келу үдерісін жүзеге асыруда тағылымдаманың маңызы зор.

Германияда тағылымдамадан өтеді

Maqsut Narik­bayev Univer­sity 2 докторанты, 2 магистран­ты Германияда тағы­лым­­да­ма­дан өтеді. Олар Гер­ма­­ния­да­ғы мемлекеттік бас­қа­ру са­ла­сындағы маңызды іс­тер­­­­ге қатысып, тәжірибе жинай­ды. Жоба жетекшісі, заң ғылым­да­­рының докторы, профессор Роман Мельниктің айтуынша, мұндай мүмкіндік өзара тығыз байланыстың арқасында жүзеге асып отыр.

– Maqsut Narikbayev Univer­sity неміс серіктестерімен үне­мі­ байланыста әрі сту­дент­­­тер­дің, докторанттардың, оқы­ту­шы­лардың білімін жақсартуда бір­ле­се жұмыс істейді. Бұл жоба да осын­дай жүйелі қарым-қатынас нәти­жесінде жүзеге асты. Герма­ния­дағы серіктестеріміздің ынты­мақ­тастықты жақсартуға, жаңа тәжірибелерді сынап көруге әрқа­шан ашық екенін атап өткім келеді. Бүгін­де­ неміс қорлары да, неміс универ­си­тет­тері де, жал­пы, Германия біз­дің елімізді білім мен ғылым сала­сын­дағы сенім­ді әрі тұрақты әріп­тесі ретінде қарас­тырады. Сон­дық­тан бас­та­­ма­­ларымызды іске асы­руға үнемі қолдау көрсетеді, – деді Р.Мель­ник.

Біздің Германиядан үйре­неріміз көп. Өйткені әкімшілік құқық саласындағы неміс тәжі­рибесі заң саласындағы озық үлгі ретінде есептеледі. Мысалы, елімізде жеке тұлғаларға заңсыз келтірілген залалды өтеу туралы мәселе әлі шешілген жоқ. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі бас­қару инс­титуттары әлі де жетілдіруді қажет етеді. Ал осы жағынан Германия өте тәжірибелі мемлекет.

Тағылымдамадан өтуге мүм­­­­­кін­дік алғандардың бірі – Әділ­хан Ілдебаев.­ Оның айтуынша, бұндай тағы­­лым­дама дамыған Еуропа ел­де­­ріндегі бюрократиялық үде­ріс­тердің қалай жұмыс істейтінін қарас­тыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар екінші тарап та біздің еліміздегі әкімшілік құқықтық жағдайдың қандай екенін білуге мүдделі.

– Бұл тағылымдама Герма­нияның заң саласындағы көп жылдық тәжірибесін ескере отырып жүзеге асырылды деп айтуға болады. Онда мен неміс шенеу­ніктерінің әкімшілік акті­лерді қабылдауға қалай қарай­тынын, қандай шешім қабыл­дай­тынын, қандай әдіс­термен жұмыс істейтінін көріп, біліп, үйренемін. Алған тәжі­рибемді өз еліміздегі әкімшілік құқық саласын дамытуға пайдаланатын боламын, – деді Maqsut Narikbayev University студенті Әділхан.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Роман Мельниктің айтуынша, студенттердің прак­тикалық дағдыларды игеруінің ең жақсы түрі ол – тағылымдама.

– Менің ойымша, егер біз өзгерісті қаласақ, мемлекеттік билікті ұйымдастырудың бар­лық заманауи тәжірибелерін зерттеп, оларды енгізу мүм­кіндігін қарастырып, ұлттық, тарихи, экономикалық ерекше­ліктерімізді ескере отырып жүзеге асыруымыз қажет. Осы тұста мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін таба алатын, оны дамытып енгізе алатын жас, білімді, шығармашыл тұлғалар қажет. Мұндай жобалар біздің жастарымызға жаңа жол ашады, оларға басқа елдермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді, – дейді әкімшілік және неміс құқығы ғылыми мектебінің жетекшісі Роман Мельник.