Білім • 15 Тамыз, 2023

Оқушы киімін қалай таңдау керек?

214 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Ата-аналар балаларын мектепке дайындаудың қамына кірісіп жатыр. Биыл 339 880 бала мектеп табалдырығын аттайды. Ендеше осынша бала алғаш рет мектеп формасын киеді деген сөз. Мектепке баратын уақыт таяған сайын ата-ананы ойландыратыны да осы – форма таңдау.

Оқушы киімін қалай таңдау керек?

Елімізде мектеп формасына­ қо­йы­ла­тын арнайы бекітілген талап бар. Соған сай мектеп формасы оқытудың зайырлы сипатына сәйкес келуі керек. Оның үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалады. Түстерді үш түстен асырмай қолдануға рұқсат етіледі. Мектеп формасының түсі қалыпты және ашық емес түстерден таңдалады. Ұлдар – пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска кие алады. Ұлдарға арнал­ған шалбарлар еркін тігілген және ұзын­дығы бойынша тобықты жауып тұруы керек. Ал қыздар – пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, түймелері бар немесе сыдырмалы тоқыл­ған күрте/кардиган, поло жейде немесе тен­ниска кие алады. Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұруға тиіс.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлі­метінше, мектеп формасы туралы мәсе­лелерді талқылауға балалардың ата-аналары және өзге де заңды өкілдері, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылар кеңесі мен ата-аналар комитеті қатысады. Мектеп формасының фасонын таңдауды және юбканың ұзындығын орта білім беру ұйымы мен кеңесі айқындайды.

Сондай-ақ мектеп формасын таңдауда мата құрамына назар аудару талабы бар. Мектеп формасының матасы ретінде антибактериалдық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолдану ұсынылған. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалының Полимерлер мен басқа химиялық заттардың токсикологиясы референс-зертханасының меңгерушісі Назгүл Құсайынованың айтуынша, мектеп өнімдері Кеден одағының «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің барлық талабына сәйкес келуі қажет. Мейлінше жасалған материалдың құрамы, өнді­ру­ші компанияның атауы және оның мекен-жайы көрсетілген міндетті таң­ба­сы бар өнімді алған дұрыс. Өйткені сертификаттың болуы өнімнің қандай да бір бақылаудан өткенін көрсетеді.

– Өздеріңіз білетіндей, қазір әр мек­теп­тің формасында өз ерекшелігі болады. Бірақ оған қойылатын негізгі талап бірдей. Киімнің қауіпсіздігін сипаттайтын төрт негізгі талап – гигроскопия, ауа өткізгіштігі, зиянды химиялық заттардың бөлінбеуі және бояғыштың тұрақтылығы. Гигроскопия – киім­нің­ ылғалды жақсы сіңіру қабілеті. 7 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға бұл көрсеткіш жоғары болуы керек. 14-18 жастағы үлкен балаларға 6 шартты бір­лік болуы мүмкін. Табиғи мақта-маталар мен зығыр маталардың ылғалды сі­ңіру қасиеттері жоғары. Мата 80-90 па­йыз табиғи талшықтардан болғаны жақ­сы. Бұл киімнің қатты мыжылуынан сақтайды, оған көрнекі көрініс пен пішін береді. Әрине, синтетикалық мата­дан­ жасалған киімдер әлдеқайда арзан. Бірақ ол қойылатын талаптарға сәйкес кел­мейді, бала өзін жайсыз сезінеді. Бала­ның­ арқасы тез терлейді, өйткені синтетика ылғал­ды сіңірмейді, содан кейін жел соқса болды бірден суық тиеді, – дейді Назгүл Құсайынова.

Тл
Тағы бір көрсеткіш – киімнің ауа­ өткізгіштігі. Мамандардың ай­туынша, бала өзін жақсы сезінуі үшін киген киім­дері мақта, зығыр маталардан бол­ғаны дұрыс. Ал синтетикалық тал­шық­тардың тығыздығы өте жоғары бол­ғандықтан, ауаны нашар өткізеді, қатты электрленеді және теріні тітір­кендіреді, содан аллергиялық реакция­лар, терінің қышуы, көздің сулануы пайда болып, баланың ұйқысы нашарлайды. Қазіргі балалар аллергиялық реакцияларға әлдеқайда сезімтал екенін ескеру керек. Өйткені нашар экология, дұрыс тамақтанбау салдарынан олардың иммунитеті әлсіреп кеткен.

– Сатып алар кезде өнімнің иісіне және бояудың тұрақтылығына назар аудару керек. Егер өнімнен бел­гі­сіз бір иісті сезсеңіз, бұл одан хи­мия­лық заттардың бөлінуінің дәлелі. Иіс неғұрлым күшті болса, олардың мате­риалдағы концентрациясы соғұр­лым жоғары болады және баланың дене­сіне теріс әсер ету ықтималдығы арта­ды. Матадағы бояғыш тұрақты болуы керек. Тұрақтылығын киімді дым­қыл шүберекпен сүрту арқылы тексеруге болады. Егер матаға бояу жұғып қалса, оның жақсы боялмағанын, теріге сіңіп, аллергиялық реакция тудыруы мүм­кін екенін көрсетеді. Сонымен қатар бала мектеп формасын кем дегенде 5 сағат киіп жүретінін есте ұстаған жөн. Сондық­тан киімнің өлшемін де дұрыс таңдау керек. Форма баланың қозға­лы­сын­ шектейтіндей, тым тар болмауы керек, – дейді Назгүл Құсайынова.

Бағаларды салыстырып көріп едік, егер мамандар айтқан талаптарды сақтай отырып баланы базардан киіндірсе, шамамен 55-65 мың, сауда үйлерінен киіндірсе 100-130 мың теңге кетеді екен. Бұл бір оқушының ғана шығыны. Көп отбасында мектепке бір ғана бала бармайтыны белгілі. Мамандар базардан алатын киімнің сапасы жақсы бола бермейтінін айтса да, талапқа сай келетін сапалы форманы алуға әркімнің жағдайы келмейді. Одан қала берді әр баланың жазу-сызу құралдары бар, оған да 30-35 теңге кетеді. Кейбіреулер үшін бұл бағалар қолжетімді болса да, айлығы орташа жалақы мөлшеріне жетпейтін отбасылардың қалтасына қиын соғады. Әрине, кез келген ата-ана баласына барлық талапқа сай келетін ең жақсы форманы алып бергісі келеді. Бірақ оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан көбіне көрпеге қарай көсілуге тура келеді.