Халық • 01 Мамыр, 2023

Қазақ пен неміс жарасымы

408 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әр елдің шет мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынасында экономикалық сала басым тұрады. Одан соң білім, мәдениет саласы алға шығады. Ал Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс адами капиталмен құнды. Мұның бір дәлелін екі арасындағы байланыстың мысалынан байқауға болады. 1 мамыр – Халық бірлігі күні қарсаңында Қазақстан-Германия үкіметаралық Комиссиясы елімізде тұратын этностық немістерді қолдауға арналған коммюнике қабылдады.

Қазақ пен неміс жарасымы

Елімізде 226 мың неміс тұрады

Сыртқы істер министрлігінің мәлім­де­уінше, аталған құжатқа Берлинде Сырт­қы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Бундестаг депутаты, ГФР-дің қоныс аударушылар және ұлттық азшылық істері жө­нін­дегі Федералды үкіметінің уәкілі Натали Павлик Қазақстан-Германия үкі­мет­ара­лық комиссиясының 19-отырысында қол қойған. Сонымен қатар отырыста Роман Василенко Қазақстандағы білім беру жүйесіне Германияның кәсіптік-техникалық моделін енгізу және неміс техникалық жоғары оқу орындарының өкіл­діктерін ашу жөнінде бірқатар ұсы­ныс айтты.

мсмс

«Мәдениет, білім және әлеуметтік са­лада қолдау көрсету бойынша екі ел үкі­меті қабылдаған лайықты іс-ша­ра­лар Қазақстандағы этностық не­міс­тер болашағының жақсы болуын қам­тамасыз етеді және екі мемлекет ара­сындағы жақсы қарым-қаты­нас­­тардың нығайтуына маңызды үлес қо­сады. Қазір елімізде «Воз­рож­дение» отандық немістер бір­лес­тігі», Орталық Азиядағы жалғыз Қа­­зақстан-Неміс университеті, неміс мә­де­ни орталықтары, мектептері, ТМД кеңістігіндегі жалғыз мемлекеттік рес­­пуб­ликалық академиялық неміс драма театры бар, сондай-ақ апталық, не­міс­тіл­ді «Deutsche Allgemeine Zeitung» газеті шығып тұрады», деді дипломат.

Ал ҮАК-ның тең төрағасы Натали Павлик Қазақстанның этностық неміс­те­рінің екі ел арасындағы достық пен ын­тымақтастықты дамытуға қосып отыр­­ған маңызды үлесін және Герма­ния­ның Федералдық үкіметі осы ба­ғыт­тағы жұмысын жоғары деңгейде жалғастыратынын атап өтті.

чсми

Жалпы, қазақ еліне неміс ғалымдары көп зерттеу жүргізген. Ғылыми экспеди­ция­лардың бірімен 1734 жылы қазақ жеріне табаны тиген Фридрих Миллер Солтүстік Қазақстанның географиялық сипаттамасын қағазға түсіріп, жергілікті ха­лық­тың тұрмысы туралы жазба қал­дыр­ған. Өткен ғасырдың орта шегінде астроном Струве Арал және Каспий теңіздерінің гидрографиялық картасын құрды. Көшпелі қазақтың тұрмыс тір­ші­лігі туралы Вильгельм Бартольд пен Фридрих Радловтың жолжазбалары студенттерге әлі де «азық» болып келеді.Алғашқы неміс қоныстары Қазақстанда XIX-XX ғасырларда пайда болған. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған уа­қытта олардың орналасу аймағы біраз кеңіп, немістер қоныстанған ауыл­дар­дың саны көбейе түсті.

Қазақстандағы алғашқы неміс се­ло­­­сы­ның іргетасы Рождественское (Фри­­­денсфельд) деген атаумен 1885 жылы қаланған екен. Ал атышулы Сто­лы­пин реформасының тұсында яғни 1905-1911 жылдары Қазақстанның сол­түс­­тігінде Александрталь, Алтенау, Кенигсгоф, Пруг­гергоф секілді бірнеше он­­даған неміс қонысы пайда болды.

Қазір Қазақстанда 226 мың этностық неміс қоныстанған. Әр жылдары елден Германияға 1 млн неміс қоныс аударған. Жалпы, «екі ел арасын медицина мамандары жалғап отыр», деген пікір айтады сарапшылар. Осы орайда саналы ғұмырын қазақ медицинасының дамуына арнаған, 2000 жылы тарихи отанына оралған Александр Альбрандт туралы айта кетейік.

 

Қазақ арасынан шыққан неміс дәрігері

Оның ата-бабалары Еділ немістері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қа­зақ­­станға депортацияланған. Александр Альбрандт 1948 жылы 26 нау­рызда Қостанай облысында дүниеге келген. Қазақстанның еңбек сіңірген дәрі­гер­ле­рінің арасында оның орны бөлек. Орджоникидзе орта мектебін бітіргеннен кейін Александр Альбрандт Қарағанды медициналық институтына оқуға түседі. 1974 жылы Орджоникидзе аудандық ауруханасына хирург болып жұмысқа келіп, 2000 жылы Германияға кеткенге дейін осы қызметті абыроймен атқарды.

«1974-1990 жылдары ол бас хирург, хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі болды, өзін батыл және тәжірибелі маман ретінде көрсетті. Альбрандт мың­да­ған адамның өмірін сақтап қалды. Жанқиярлық еңбегі үшін ол көптеген марапатқа ие болды. 1990 жылы оған жоғары санатты хирург біліктілігі және «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді», деп еске алады педагог, ақын, журналист Надежда Рунде.

25 жыл ішінде хирург Александр Альбрандт жеті мыңнан астам операция жасады. «Александр Федорович ерекше мінезге ие болды. Оның шығу тегі де, ешкімге ұқсамайтын траектория­сы да, сан қырлы таланты да, бір сөзбен айтқанда, ол харизмасы жоғары адам болды, осы қасиеттері оны бәрінен де ерекшелеп тұратын», дейді кіндік қаны қазақ елінде тамған замандасы Надежда Рунде.

Ата-бабасының туған отанына келген Александр Альбрант отбасымен Германияның тарихи орталықтарының бірі, өзі суреттегендей жанға жайлы Ре­ген­сбург қаласына қоныстанды. Дәрігер-хирург осы жерде 22 жыл өмір сүріп, өткен жылдың 22 қарашасында 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Қазір оның ұрпақтары медицинадағы жолын жалғастырып жатыр. Ұлы Герма­ния­ның жетекші клиникаларының бі­рінде хирург. Келіні мен қызы да меди­цина саласында қызмет атқарады.

 

Германиядағы қандастар

Ал бірқатар Алаш қайраткері мәңгілік мекен еткен неміс елінде қазір 260 үй қазақ отбасы, яғни 1500-ге жуық қазақ бар. Еуропа қазақтары қауымдастығы федерациясының мәліметі бойынша Кельн қаласында 160 қазақ отбасы, Мюнхенде 75, Берлинде 30, Гамбургте 10 және бірлі-жарымды Дюссельдорф, Майнс секілді қалаларда тұрады. Бірақ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Германияға қоныс аударған қазақтардың дәл саны қанша екендігі белгісіз болғандықтан олар бұл санға кірмейді.

Германиядағы қандастардың жалпы тұрмыстық жағдайы жаман емес. Олар әлеуметтік жағынан жақсы қамтылған. Сол себепті Германияда өмір сүріп, азаматтығын алуға ниеттілер көп. Қа­зір қазақтар арасында немістің ірі фир­ма, компания, емханаларында білік­ті мамандар жетерлік. Мәселен, меди­цина докторы Жәдік Шенолдың есімі Германияда кең та­рал­ған. Ми-жұлын, жүйке жүйесінің ауру­­ларын емдейтін ол бүгінгі күнге дейін 4 мыңнан астам күрделі операция жасаған. Жеті тілді жетік білетін Киль университеті ауруханасының нейро­хирургі Жәдік Шенол Қазақстанда көп болмаса да, ана тілін ұмытқан емес. Ол Азия, Америка елдеріне де жиі барып, осы саладағы танымын тереңдету жолында тынымсыз тер төгіп келеді.

– Нейрохирургиядан басталған тә­жіри­­беме 20 жылға жуық уақыт болды. Мен барлығын тізбектеп отырамын. Қа­зірге дейін 4 мыңнан астам ауруға ней­ро­хи­рургиялық ота жасадым. Оның ішінде мидың ісіктері, ми­дың та­мы­рын­дағы ауру­лар, миға қан құйыл­ған жағдайларда жасаймын. Соны­мен қа­тар гидроцефалияда, яғни жұлындағы ауруларда да операция жасаған кездерім көп, – дейді қазақ дә­рігері.

Жат елде дүниеге келгеніне қарамас­тан, ол қазақ балаларына бүйрегі бұрып тұратынын айтады. Кейбірін тіпті тегін емдеген. «Елден келген науқас жол, ауруханадағы жатын орын мен дәрі-дәр­мек шығынын өтесе жеткілікті», дейді Жәдік Шенол.

Тілі немісше таза, алайда түрі мен қою қара шашына қарап, әлемнің әр түкпіріндегі науқастар «ұлтыңыз кім?», деп сұрайды екен кейде. Мұндай сәтте дәрігер «қазақпын», деп мақтанышпен жауап беретінін айтады. Ал Мюнхен қаласының тұрғыны Мүттәлі Ұлыжай ұшақ моторын жасайтын зауытта бөлім бас­­шысы болып қызмет атқарады. Бер­­­­линдегі қазақ мәдени қоғамының төрағасы Бешіретхан Малбақан сондағы ком­пьютер бағдарламаларын дайындайтын ірі фирмада жетекші маман ретінде та­нылған.

Жалпы, Германиядағы қазақтар ұлт­тық дәстүрді берік ұстанады. Неміс елінде тұрақтаған отандастарымыздың ай­туынша құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, сүндет той секілді тойлары көп. Қазақстанда туып, кейін ес білген шақтарында тарихи отанына оралған немістер де қуанышты сәттерін қазақ стилімен атап өтетін көрінеді.

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024