Өнер • 07 Наурыз, 2023

Жанарды жаулаған жауһарлар

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Түркі әйелдерінің зергерлік бұйымдары» атты көрме ашылды. Көпшілік назарына Әубәкір Ысмайылов, Ерлан Айтуаров, Мәжит Байтенов, Бақытнұр Бүрдесбеков, Әділғали Баяндин, Динара Нүгер, Ақмарал Сәрсенбаева сынды елге белгілі қылқалам шеберлерінің туындылары мен XIX ғасырдағы күмістен жасалған көне зергерлік бұйымдар ұсынылды.

Жанарды жаулаған жауһарлар

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Көрменің ашылуына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Астана қаласы Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Ысмайылов, Тұңғыш Президент кітапханасының ди­рек­торы Бақытжан Темірболат, «Қо­ғам­­дық келісім» орталығының директоры Элина Паули, «Отандастар» қоры КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы қатыс­ты. Бұған қоса мерекелік іс-шара­ға халықаралық ұйымдар мен ғылы­ми-сарапшылық қоғамдастықтың, Қазақ­станның діни бірлестіктерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары шақырылды.

– Әйел – сұлулықтың символы. Біздегі әдемі әшекейлер мен зергерлік бұйымдар қыздармен, аналарымызбен байланысты. Түркі халықтарының мұрасы бір-біріне ортақ болғандықтан, зергерлік өнердің барлығы да біздің халықтарымызға ортақ мұра. Сол сияқты Үндістандағы Тәж Махалды да аналарымызға арнап салдырған. Алаша, текемет, түскиіз, кілемнің түр-түрін аналарымыз керемет ою-өрнектермен жасаған. Әлемдегі алғашқы кілемнің біздің аналарымыздың қолынан шыққанын мақтаныш тұтамыз. Бүгінгі көрмеден соны байқауға болады. Жалпы, нәзік жандардың сұлулығы мен әсемдігі әдебиеттің, қолөнер мен зергерлік мәдениеттің дамуына арқау болған, – деді жиындағы сөзінде Дархан Қыдырәлі.

Көрмеге қойылған картиналарда көктем көрінісі, ұлттық ою-өрнектегі әшекей тағынған әйелдер бейнесі, олардың нәзіктігі мен сұлулығы, әртүрлі ұлттардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, таби­ғат­тың ғажап көрінісі әсем бейнелеген. Бояулар ашық, түстер композициясы бір-бірімен үйлесім тапқан. Бұл – күллі түркі халықтарының ортақ дүниесі.

– Тілдің де, тарихтың да, мәдениеттің де тамыры ортақ екенін әрқашан жадымызда ұстаймыз. Бүгін көрме аясында XIX ғасырдағы күмістен жасалған зергер­лік бұйымдардың 70 түрімен танысуға мүмкіндік бар. Бұл – түркі халықтары әйел­дерінің «өңіржиек», «бозбанд», «хайкел» кеуде әшекейлері, білезіктер, сақиналар және басқа да әшекейлер, – деді Болат Сәрсенбаев.

Мерекелік іс-шараны Н.Назарбаев орталығы мен Астана қаласының Сурет­шілер одағы бірлесе ұйымдас­тырған. Негізгі мақсат – конфессияаралық және мәдениетаралық диалогті нығайту, әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезі­нің бастамаларын ілгерілету. Сондай-ақ келушілерді Орталық Азияның бай тарихи-мәдени мұрасымен таныстыруды да мұрат еткен.

– Мұндай мәдени іс-шаралар қазіргі дипломатияның жұмсақ күші деп айтуға болады. Біз қазір жалаң ұранмен ұлыс пен ұлттарды жақындастыра алмаймыз. Бізді жақындататын дүние – терең тарихымыз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз. Дәл осы көрме арқылы Қырғызстан, Қазақстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан халықтары әшекейлерінің ұқсастығын байқауға болады. Барлығы бір қолдан шыққандай. Бұ­ның өзі тарихымыздың бір екендігін, түр­кітілдес халықтарын біріктіретін дү­ние­нің көп екендігін көрсетеді, – дейді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.

Сонымен қатар көрме барысында белгілі зергер Берік Әлібайдың шәкірт­тері Зият Сәтінбек пен Манат Аятбек зергерлік бұйымдарды жасау бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

– Зергерлікпен 20 жылдан астам уақыт айналысып келемін. Бізге көбінесе Батыс Қазақстан өңірінен тапсырыс түседі. Қазір 3 шәкіртім бар. Оның бірі Торғай қаласында жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Ұстазымнан үйренерім әлі көп. Зергерлік ерекше талғам мен асқан шеберлікті қажет етеді. Сондықтан жыл сайын шеберлігіңді шыңдап, жетілдіріп отыруың қажет. Әр маманның өзіндік қыр-сыры болады. Ол қазынасын бірден ашып, алдыңа жая салмайды. Жанында қолғабыс, шәкірті болып, біртіндеп игеріп аласың, – деді М.Аятбек.

Астананың төрінде ашылған эстети­калық талғам мен патриоттық тәрбиеге тұнған көрме келушілерді Бейбітшілік және келісім сарайында 27-наурызға дейін күтеді.