17 Маусым, 2014

БӘСЕКЕЛЕСТІК КІЛТІ – БІЛІМДЕ

938 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

indexЕлорданың ертеңі алдындағы жауапкершілік

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген халық даналығының бүгінгі әлемдік бәсекеде бәсі мықты ұрпақ қалыптастырудың басты қағидасына айналғандығы талассыз ақиқат. Елорданың бүгінгі буырқанған өркениет бәсекесіне қосылған осы 16 жылдық шежіресінде қалалық білім беру саласының үлесіне түскен уақыт сыны, болашақ жолындағы жауапкершілік жүгі аз емес. Елорданың ертеңі алдындағы зор міндетті межелеген осы саланың сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында атқарып жатқан жұмысымен танысу үшін Астана қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиеваны әңгімеге тарттық. IMG_3134– Эльмира Амангелдіқызы, сали­қалы сұхбатымызды қалалық білім беру саласының жалпы жағдайымен қысқаша танысудан бастасақ. – Елордадағы жалпы орта білім беретін мекемелердің барлығы астаналықтардың сұранысына, бүгінгі күннің талаптарына толық жауап беру мақсатында қыз­мет атқарады. Тәуелсіздігіміздің тұғы­рына, елдігіміздің айбарына айналған Астана қаласы білім беру жүйесінің өркениет үрдісіне сай болуы – Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған басты талабы. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қажет, бізге халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын эрудициялы адамдар керек», деп атап көрсеткен болатын. Осыдан-ақ болашақтағы бәсекелестік кілті – білімде жатқаны айқын аңғарылады. Біздің жұмысымыздың басты бағдары да осы талап биігінен көріну болып табылады. Астана қаласында бүгінгі таңда 84 жалпы білім беретін мектептер жұмыс істейді. Оның ішінде 72 мемлекеттік және 12 жекеменшік білім ұясы бар. Бұл білім беру ошақтарында 94 712 оқушы бі­лім нәрімен сусындауда. Мектепке дейін­гі білім беру мекемелеріне келетін бол­сақ, олардың саны – 148. Бұл мектепке дейінгі білім беру нысандарының 80-і мем­лекеттік, 66-сы жекеменшік, 2-уі ведом­стволық мекемелер болып табылады. – Елбасы өзінің Жолдауында «Ұлттық білім берудің барлық буыны­ның сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыстар күтіп тұр», деп атап көрсетті. Осыған байланысты Астана мектептеріндегі білім сапасының дәрежесі және мұғалімдердің кәсі­би деңгейі туралы не айтасыз?  – Жоғарыда атап өткеніміздей, сапалы білім бүгінгі жаһандану дәуіріндегі бәсекелестіктің тұғырына айналып отыр. Мемлекетіміз білім деңгейінің өрке­­ниет талаптарына сай болуы үшін бар­лық қажетті мүмкіндіктерді жасап келе­ді. Елбасының сындарлы саясатының арқа­сында еліміздің білім саласы жылдан-жыл­ға дамуда. Бұл үрдісте елордалық бі­лім саласы көш басынан көрініп жүр десек, артық айтқандық емес. Мәселен, өт­кен 2013-2014 оқу жылы Астананың 393 оқу­шысы АҚШ, Әзербайжан, Бразилия, Гру­зия, Ресей, Түркия, Кипр және Үнді­стан­да өткен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларға қатысып, 237 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 64 ал­тын, 76 күміс және 97 қола медаль ие­лен­ді. Биылғы жылғы республикалық ғы­лы­ми жобалар байқауында елорданың оқу­шылар командасы тағы да жеңімпаз ата­нып, «Ең үздік команда» атағын тағы қуаттады. Дарынды балаларды анықтау және оларға қолдау көрсетудің басты бағыттары – барлық деңгейдегі жалпы білім беру пәндері бойынша өткізілетін олимпиадалар болып табылады. Қалалық оқушылар командасы осындай республикалық олимпиадаларда 2014 жылы қатарынан 69 рет жүлделі орындарды иеленді. Соңғы 3 жылда астаналық оқушылар командасы тұрақты түрде «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленіп келеді. «Бала жанының бағбаны» ұстаздар қауымына жүктелетін міндет пен заманауи талап та күннен-күнге артып отыр. Қазіргі заманғы педагог – бұл сын тұрғысынан ойлайтын, теориялық білімі терең, оқытудың қазіргі заманғы әдістерін жетік білетін, сандық технологиялар мен интернет-ресурстарды еркін меңгерген жаңа қоғамның ұстазы. Ұстаздық шеберлігін жетілдіру мақсатында астаналық педагогтар үнемі шығармашылық ізденісте. Қазір Астана қаласының білім беру жүйесінде 11 856 педагог қызметкерлер жұмыс іс­тей­ді. Олардың ішінде 9 996 (84,3 пайыз) мұғалімнің жоғары білімі болса, 8 188 мұғалімнің (69 пайыз) жоғары біліктілік санаты бар. Ал, жалпы білім беретін мектептерде жұмыс істейтін 5 873 ұстаздың 5 316-сы жоғары білімді (91 пайыз) мамандар болып табылады. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылында қаламызда 458 ұстаз өз біліктілігін арттырды. – Елімізде ҰБТ тәртібінің енгізіл­геніне біраз жыл болды. Өкінішке қарай, осы мәселеде әлі де шешілмеген проб­лемалар баршылық. Қаламызда биыл ҰБТ қалай өткізілді? – Ұлттық бірыңғай тестілеу балалардың білім деңгейін анықтау сынағы ғана емес, сонымен бірге, мектептердің білім беру сапасы дәрежесінің көрсеткіші екені де белгілі. Соңғы жылдары жүйелі өткізіліп келе жатқан осы дәстүрлі білім беру байқауында астаналық мектеп бітірушілердің орташа балл көрсеткіші артып келеді. Оған дәлел биылғы тестілеуге қатысқан мектеп бітірушілердің орташа балы – 87,58 болды. Өткен жылы орташа балл – 81,3-ті құраған болатын. Ағымдағы жылы қала бойынша 4042 оқушы мектеп бітірсе, олардың ішінде 3252 оқушы ҰБТ-ға, 790 оқушы дәстүрлі емтиханға қатысты. Қала мектептерін бітірушілердің ішіндегі 132 «Алтын белгі» үміткерлерінің ішінде ҰБТ-дан кейін 91 оқушы «Алтын белгілерін» растады. 9 оқушыға 1 балдан ғана жетпей қалған. Қаладағы ҰБТ бойынша ең жоғары балл – 124 балл болды. Осы жоғары балды №54 мектеп-лицейдің оқушысы Аяжан Сәтенова, №48 мектеп- лицейді бітіруші Назгүл Есен мен Ғайни Мәсімхан иеленді. ҰБТ-ға дайындық мәселесі Білім басқармасының білім беру ұйымдары басшыларының қатысуымен өткен алқа мәжілісі мен кеңесінде, қала әкімінің орынбасары мен Астана қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері бастықтарының қатысуымен болған кеңесте қаралды. Білім беру ұйымдарында ата-аналар және мектеп түлектерімен ақпараттық-түсін­діру және психологиялық дайындық жұ­мыстары жүргізіліп, ай сайын сынақ тесті­леу алынып, нәтижесі талданып отырды. Оқушыларды ҰБТ-ны өткізу орнына жеткізу білім беру ұйымдарының құзырында. Оқушылардың өмір қауіпсіздігі үшін жауапкершілік қала мектептерінің басшыларына жүктелді. ҰБТ-ны өткізу орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау, медициналық қызмет көрсету жұмысы ұйымдастырылды, сондай-ақ, ғимараттың өртке қарсы қауіпсіздік шараларының сақталуы, электроэнергияның қажетті қуатымен қамтамасыз етуі тексерілді. ҰБТ ӨО аудиторияларды ұялы байланысты сөндіретін құрылғылар, металл іздеуіштермен қамтамасыз етілді. ҰБТ өткізу барысында ешқандай баланың құқығын бұзу мәселесі орын алған жоқ. – Қала халқының күрт өсуіне байланысты мектеп оқушыларының саны жыл сайын артып келеді. Үш ауысыммен дәріс беретін мектептер де бар. Осыған орай Астанадағы мектеп базаларының мүмкіндігі және перспективалары туралы не айтасыз? – Оқушылар саны жыл сайын артып келеді, оның басты себебі демографиялық өсу және көші-қон үрдісінің толастамауы. Отандастарымыздың өзінің өмірі мен қызметін, балаларының болашағын Астана қаласымен байланыстырғысы келетіні жасырын емес. Осы мақсатта биылғы оқу жылы мектептерге еліміздің басқа өңірлерінен 5027 бала оқуға келсе, тек 1-сыныпқа 12893 бала қабылданды. Үш ауысымды мектептердегі мәселе­ні шешу, оқушыға арналған орын тапшылығын жою үшін жыл сайын мектептер салынуда. Биылғы оқу жылы 8 мектеп салынбақшы. Мемлекет басшысының елордада үш ауысыммен оқытуды жою туралы тапсырмасын орындау үшін 2014 жылы 8 мектеп, 2015 жылы 10 мектеп, 2016 жылы 6 мектеп салу жос­парланды. 2014 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, қалада үш ауысыммен оқытатын 5 мектеп бар, олар: №8, 37, 57, 59, 65-ші мектептер. №57 орта мектептің, №65 мектеп-гимназияның және №59 мектеп-лицейдің жанынан жаңа мектеп ғимараттарын салу арқылы үш ауысым мәселесі шешілмекші, № 37 орта мектепке жапсаржай салу арқылы, ал № 8 орта мектептің бастауыш сыныптарын №16 орта мектепте салынатын жапсаржайға ауыстыру арқылы үш ауысымда оқыту мәселесін 2016 жылы толығымен шешу жоспарланды. – Елордада мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі орын тапшылығы өткір болып отырғандығы белгілі. Осыған байланысты «Балапан» бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар қандай? Жалпы, бұл келелі мәселе қашан толық шешімін табады? – Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтамасыз ету үшін 2010 -2014 жылдар аралығында «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Астана қаласы бойынша «Балапан» бағдарламасы мектепке дейінгі жүйені дамыту мен қолдау қажеттілігіне сүйеніп отыр. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша барлығы 173 мектепке дейінгі тәрбие мекемесі жұмыс істейді. Атап айтатын болсақ 80 мемлекеттік балабақшада 21 216 бала, 66 жекеменшік балабақшада 6205 бала, 2 ведомстволық балабақшада 360 бала, 25 шағын-орталықта 3 688 бала және 66 мектептегі мектепке дейінгі сыныптарда 1695 бала мектепке дейінгі тәрбие мәселесімен қамтылған. «Балапан» бағдарламасын іске асыру барысында мектепке дейінгі тәрбиемен астаналық бүлдіршіндерді кеңінен қамту мәселесі жылдан-жылға жақсаруда, бірақ орын тапшылығы әлі де сақталуда. Астана қаласының әкімдігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе отырып бекіткен 2014-2020 жылдар аралығында елордада мектеп жасына дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын шешу жөніндегі жоспарға сәйкес 2020 жылға дейін 107 443 бүлдіршінге ар­налған 521 мектепке дейінгі мекеме ғи­мараты ашылмақ. Оның ішінде рес­публикалық бюджет есебінен 35 240 бүл­діршінге арналған 86 балабақша ғи­мараты салынбақ. – Қазір қаламыздың шет аймақ­тарында, әсіресе, бұрынғы сая­жайларда тұратын отбасылардың балаларының мектепке қатынау жағдайы өте күрделі. Осы ретте шет аймақтарда тұратын отбасылардың бала­ларын білім беру және тәрбие мәсе­ле­лерімен қамту жағдайы қалай? – Қаланың шет аймақтарында және саяжайларда тұратын отбасылардың балалары дәріс алатын 9 мектепте оқушыларды тасымалдау үшін 19 автобус ұйымдастырылған. Автобустар 2 ауысымда қатынайды. Балалардың мектепке келу және мектептен үйге қайту бағыттары белгіленген, автобустар осы аялдамалар бойынша жүреді. Барлық қаражат жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан бөлінеді. Шет аймақтарда негізінен жағдайы төмен отбасылар тұратындықтан, мұғалім­дер оқушылардың мүмкіндіктеріне түсіністікпен қарап, тиісті қамқорлыққа алған. Балаларға білім беру және тәрбие мәселелерін тереңдету мақсатында елордамызда 12 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдары бар. Сонымен бірге елордалық 68 мектепте (1-4-сынып балалары үшін) мектеп жанындағы лагерьлер ашылды. Жаз мезгілінде бұл демалыс орындарында 30 000 бастау­ыш сынып оқушылары тынығады. Мектеп жанындағы лагерьлердің негізгі мақсаты мектеп жасындағы балалардың шығармашылық әлеуетін дамытып, денсаулығын нығайту, сауықтыру, олардың бойында саламатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. – Эльмира Амангелдіқызы, сіз еліміздің білім беру саласының тәжірибелі де білікті мамандарының бірісіз. Осы бай тәжірибеңізге байланысты қалалық білім саласының болашақтағы даму жағдайы туралы ой бөліссеңіз. – Елордалық мектептерде білім берудегі қалыптасқан жақсы дәстүрді жалғастыра отырып, сапалы білім, саналы тәрбиені өркениет талаптарының жоғары деңгейіне көтеруді көздеймін. Бұл ретте астаналық мектептерде эстетикалық-математикалық білім беруді тереңдете оқытуға бетбұрыс жасалуы керек. Елор­далық білім жүйесі бүгінгі жаһандану талаптары күн тәртібіне қойылған бәсе­келестікке барынша қабілетті болуы қажет деп ойлаймын. Қалалық білім беру саласының қызметкерлері өздеріне жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеді және сенімнен шығуға бар шеберлігіміз бен біліктілігімізді жұмсайтын боламыз. – Салиқалы сұхбатыңызға рахмет. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». ERA_5877

Оқу-тәрбие үдерісінде талап терең

Тәуелсіз еліміздің елордасы жылдан-жылға өркендеп, қанатын кеңінен жайып келеді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, халқының саны өскен сайын астаналық мектептердің де ауқымы кеңейіп, атқарар жұмысының салмағы өсе түсуде. Сонау бір кезеңде  облыс орталығы болған Целиноград қаласында 37 мектеп болса, бүгінде елордада 74 орта мектеп өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда. Олардың қатарында біздің №70 мектеп-лицей де өзінің лайықты орнын алу жолында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру үрдісіне қосылған. Арқа төсінде айбынын асқақтатқан ару Астананың өркендеуі үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңіріп келе жатқан ерен еңбегі баршаға аян. Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген №70 мектеп-лицейдің бүгінгі уақыт талабына сай салынған заманауи ғимаратын Елбасының өзі ашып, білім теңізіндегі ақ желкеніне сәттілік тілеген еді. 1200 оқушыға арналған бұл мектеп ғимаратында өскелең сұранысқа сай жабдықталған 52 оқу кабинеті жұмыс істейді. Оның ішінде 2 мультимедиялық, интернет жүйесіне қосылған 26 интерактивті тақта орнатылған кабинет бар. Қаламыздағы Оқушылар сарайына қарама-қарсы орналасқан біздің мектеп ғимаратының көркем келбеті бас қаламыздың озық сәулетімен үндесіп тұр. Мектебіміздің сыртқы сәулеті қандай әсем болса, ішкі мазмұны соған сай. Мектепте 360 орындық акт залы, 408 орындық асхана жұмыс істейді. Балалардың дене тәрбиесін шыңдауға бағытталған гимнастика залы, спорт залы бар. Мектебімізде оқу үрдісі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес жүргізіледі. Негізінен біздің оқу ошағында – жаратылыстану-математикалық пән­дер тереңдетіліп оқытылады. Бастауыш сыныптардағы оқушылардың шетел тілін меңгеруіне бағыттау мақсатында ағылшын тілінде ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін «Speaking English» 1 сыныптарда 1 сағаттан (стандарт бойынша тағы 1 сағаты бар), ал 2-4 сыныптарда 2 сағаттан; оқушылардың логикалық ой-өрістерін кеңейту мақсатында 1-4 сыныптарға 1 сағаттан «Логика» курсы енгізілді. Күшай Тербікбайдың авторлық бағдарламасы «Олимпиадалық математика және ойлауды дамыту» 1-4 сыныптарға енгізілді. 2013-2014 оқу жылында мектебімізде 1-11 сынып аралығында 1527 оқушы дәріс алды. Сонымен бірге, мектепке қабылданар бүлдіршіндерді әзірлейтін даярлық тобында 29 оқушыға білім беру дәстүрге айналған. Жаңа оқу жылында 1 сыныпқа қабылданған оқушылардың оқу машақатын қалыптастыру және қабілеттеріне сай қосымша білім алуына жағдай жасау мақсатында ұзартылған күн тобы ұйымдастырылады. Мектеп-лицейде оқитын оқушылардың 70 пайызы білім ошағының қабырғасында жұмыс істейтін әртүрлі үйірмелердің жұмысымен қамтылған. Бұл ретте би өнері, домбыра, қолөнер, «English theatre» атты ағылшын тіліндегі театр үйірмелерінің мазмұнды жұмыстарын ерекше атап өтуге болады. Сонымен бірге, мектеп жанында футбол, баскетбол, волейбол, каратэ спорт үйірмелері жастардың бос уақыттарын мазмұнды өткізіп, дене тәрбиесін шыңдауға мүмкіндік береді. Оқу ошағындағы білім сапасы ұстаздардың кәсіби біліктілік дәрежесіне тікелей байланысты. Мектеп-лицейде біліктілік санаты жоғары 30 мұғалім (оның ішінде педагогика ғылымдарының докторы – 2, кандидаты – 1), 1-ші санатты 21 мұғалім, 2-ші санатты 24 ұстаз еңбек етеді. Оқу-тәрбие үрдісінде білім берудің 7 модульдік технологиясымен 22 мұғалім, Н.Оразахыновтың «Сатылай кешенді талдау» технологиясымен 5 мұғалім, СТО 25 мұғалім, деңгейлеп саралай оқыту технологиясымен 12 мұғалім, Вассерманның «Биоақпараттық» және «Синергетикалық» технологиясы бойынша 3 мұғалім оқушыларға дәріс береді. Міне, осындай жоғары деңгейлі білім беру сапасының арқасында оқушыларымыз әртүрлі байқауларда жетістіктерге жетіп келеді. Қазіргі күні мектеп-лицейде жаңа оқу жылына дайындық мәселесі жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Мұғалімдеріміз біліктілігін шыңдап, оқу кабинеттерін алдағы білім мерекесіне сақадай сай ету мақсатында уақытпен санаспай еңбек етуде. Марал ҚАЗИЕВА, №70 мектеп-лицейдің директоры.

«Ақ қайыңның» айдыны айқын

Елордамыздағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің арасында №29 «Ақ қайың» балалар бақшасының алар орны ерекше. Аталмыш балалар бақшасының шежіресі өте ертеден бастау алады. Бүлдіршіндерге тәрбие беру саласында бұл мекеме 1964 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. ERA_5948 Осы жылдар ішінде «Ақ қайың» балалар бақшасынан қаншама бүлдіршін тәрбие алып, үлкен өмір жолында өз соқпақтарын салды десеңізші. Тағы бір ерекше атап өтетін мәселе, «Ақ қайың» балалар бақшасының қаламыздағы қазақ тілін дамыту мәселесіне қосып келе жатқан аса зор үлесі екендігі даусыз. 1989 жылдан бері бұл мектеп жасына дейінгі тәрбие беретін мекеме «қазақ балабақшасы» мәртебесіне ие болып, елордадағы ең үздік балабақша қатарына қосылды. Бүгінде балабақшада 144 бүлдіршін тәрбиеленеді. Олар негізгі 5 топ бойынша тәрбие шараларымен қамтылған. Атап айтқанда, «Балапан» І кішкентайлар тобы (2-3 жасқа дейін), «Меруерт» ІІ кішкентайлар тобы (3-4 жасқа дейін), «Інжу» ортаңғы тобы (4-5 жасқа дейін), «Күншуақ» ересектер тобы (5-6 жасқа дейін) жұмыс істейді. Бүлдіршіндерді оқыту мен тәрбиелеу егемен еліміздің жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарына сай жүзеге асырылады. Бізде «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз», «Балбөбек» республикалық бағдарламалары, «Өзін өзі тану» рухани адамгершілік бағдарламасы, 5-6 жастағы балалармен мектепалды дайындық бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізі­леді. 2013-2014 оқу жылында отбасы мен балабақша ынтымақтастығын нығайту мақсатындағы көптеген мәдени және тәрбиелік іс-шаралар өткізілді. Мәселен, 2013 жылы «Күз сиқыры» фестивалі өткізіліп, бүлдіршіндер өз өнерлерін сарапқа салды. Биылғы жылы «Ақ қайың» балалар бақшасының «Қызғалдақ» тобының тәрбиеленушілері Дилара Нұрмағамбетова теннистен 6-8 жастағы балалар арасында өткен «Қызыл доп» турнирінде Астана қаласы Теннис федерациясының ІІ дәрежелі дипломына, Нариман Исенов каратэ- шинкиокушинкайдан Халық­аралық ашық чемпионатта 6 жасқа дейінгі балалар арасында ІІ жүлделі орынды жеңіп алды. Қазіргі күнде біздің балабақшада өз ісінің нағыз шеберлері атанған тәжірибелі педагогтар жұмыс істейді. Тәр­биешілер өз жұмыстарында ин­но­ва­циялық технологияларды кеңі­нен пайдалана отырып, әрбір бүлдір­шін­нің жан-жақты жетілуіне, мектеп­ке дейінгі жастағы балалардың шы­ғар­ма­шылық белсенділігін дамы­туда жұмыстар атқарады. Бұл рет­те «Қызғалдақ» тобының жо­ға­ры санатты тәрбиешісі Айнаш Саға­найдың, «Күншуақ» тобының І са­нат­ты тәрбие­шісі Жадыра Сәдуа­қас­тың білікті де нә­ти­желі еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Ләйла Рахымжанова, №29 «Ақ қайың» балалар бақшасының меңгерушісі.

Бетті әзірлеген Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,  суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.