17 Маусым, 2014

Атажұртым деген жас өркен

342 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Жылда 22-26 маусым аралы­ғында Қазақстанның бір өңірінде (облыста) «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» аталатын халықаралық оқушылар олимпиадасы өтіп келе жатқанына биыл он екінші жыл. Бұл не қылған олимпиада? Шет елде тұратын қазақ диас­порасының перзенттеріне арналған пәндік олимпиада. Тақырыбынан айқұлақтанып тұрғандай бас­ты өлшем – қазақ тілі, тарихы, әдебиеті. Баста дұп-дұрыс ұйым­дастырылған әрекет. Обалы не, олимпиада әуелде – ұлтты сүйген азаматтардың ойласып-ақ жасаған жақсы дүниесі. Қазақ келешегіне деген жанашырлық бар. Бұл жанашырлықтың туу бас­тауында Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы сыртта жүрген қазақ диас­порасы туралы өкімі жатады. Келешекті ойлай берілген өкім еді. 1998 жылы Қазақстан Рес­публикасы үкіметі Президент Н.Ә.Назарбаевтың өкімін жүзеге асыру мақсатында арнайы қаулы алды. Жалпақ қазақ тілімен айтқанда, бұл игі шара кезінде тарыдай шашырап кетіп, елге жете алмай, сағыныштан сартап болып сырттап тіршілік кешіп жүрген бауырларымыздың балаларын жылда жазға салым Қазақстанға шақырып «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» аталатын халықаралық олимпиадаға қатыстыру. Шет елдегі қазақ балалары үшін проблема емес нәрсе жоқ. Ақыр аяғы ана тілінде сөйлесерлік орта да бола бермейді оларда. Өйткені, бүгінгі шет елдегі қазақ балалары – шет елге тағдыр айдауымен аударыла төңкеріліп көшіп кеткен бір кездегі қазақтардың бері салғанда шөбересі, әйтпесе, шөпшек, тіпті одан да әрі зәу-заты... Ана тілінде ауызша әңгімелессе әңгімелесер, әйтпесе қазақ тілінде мектеп бағ­дар­ламасы бойынша оқу оқып, білім аларлық жағдай оларда жоқ. Бағдарлама жоқ, оқулық жоқ, сабақ берерлік оқытушы жоқ. Әрине, біз бұлай дегенде шет елдегі жағдайды сыпыра сынаудан аулақпыз. Жалпы, шет елдегі қазақтың жайы сыннан сыртқары тұр. Сынауға ар-ұятың бармайды. Қайта оларға жағдай жасай ал­май отырған бүгінгі үкіметті, үкі­­меттік салалық министрлікті кінәлауымыз керек, оларға жағдай жасап бауырымызға тарта алмай отырғанымыз үшін. Бір сөзбен айтқанда, шет елдегі қазақтарға, оның ішінде қазақ балаларына жағдай жасай алмай отырғанымыз айдай ақиқат. Оған денеміз қызып жалған намысқа беріліп жату артық. Міне, сондай жағдайда «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» аталатын халықаралық оқушылар олимпиадасы шет елдегі қазақ бала­ларын атамекенге сағынышын арттырып, мауқын бастырып, қазақ тіліне, қазақ еліне перзенттік махаббатын оятатын бір жетелі шара дер едік. Әрине, шет елдегі қазақтардың бәрінің жағдайы бір қалыпқа салғандай десек, ол да жөн болмас еді. Бірақ, шет елдегі қазақтардың жағдайы бара-бара бір қалыпқа түсіп, тарының қауызына сый­ғандай тарылып келеді. Біз бұлай дегенде нені меңзеп отырмыз? Бұрын Өзбекстанда қазақ мектебі жүздеп саналатын. Низами атын­дағы жоғары оқу орнында қазақтарға тиесілі несібе мейлінше мол болды. Мектепте қазақша оқы, әрі қарай жоғары оқу орнында қазақша біліміңді мамандығыңа сай жалғап жүре бер. Моңғолияда да жағдай жап-жақсы болатын. Тарихи тамыры бір Өзбекстанға бара-бар жағдай Моңғолияда да қазақ балаларына өлгей-өлгейде жасалып жатар еді. Оқулық, оқу құралдарын Қазақ КСР-і жеткізіп беретін. Мамандарды шақырып алып оқытып, тоқытып жіберетін. Алып Қытайда да қазақтарға жап-жақсы жағдай бар-ды білім алуға. Бала саны аз республика, автономияларда (Қарақалпақстан, т.б.) тиісінше, мүмкіндігінше жасалар еді жағдай. Бүгінде осының бәрі қусырылып, жасалар жағдай тарылып келе жатқаны жасырын емес. Осындай жағдайда аталмыш Олимпиада – шалқар теңізге жан-жақтан сылдырай ағып жылға қосылардай бір ғанибет шара. Біріншіден, аталмыш олимпиа­даға шет қазақ балалары қатысады. Олардың әрқайсысы әртүрлі білім бағдарламасымен оқиды (тіпті қазақша оқымайтындары да жетерлік). Содан да білімдері әркелкі. Кейбір елдерде тіпті, қазақ тілі мен әдебиеті пән райында оқытылмайды да. Шет елдің аты – шет ел. Әр елге өз ана тілі­нің өзінің мемлекеттік тілінің мәртебесі қымбат. Алдымен соған назар аударады, алдымен салмақ­ты соған салады, жағдайды мем­лекеттік тілдің дамуына, ұшта­луына жасайды (тіпті кейбір елдер өздерінің тілінің сырт елдерде өсіп, өркендеуін қадағалап, оны пән ретінде өтетін маманға жағдай жасап, кабинет жасақтап беріп отырарын қайтерсің?!). Азғантай диаспора өкілі үшін қазақ тілін мемлекеттік бағдарлама түзіп оқытып қайтсін олар? Біз ғой ол – жалпақ шешей... Қазақстанда қандай да бір диаспораға бар мүмкіндік жасалған. Керек болса Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдеріне өзіміз мемлекеттен қаржы бөліп ана тілімізді үйретіп әлекке түсіп алаөкпе болып жатамыз (соның өзінде олар қазақ тілін білмейді. Кейбірі ақша төлеп орыс тілін үйреніп намысыңды келтіретінін қайтерсің?! Басқасын былай қойғанда, бауырлас Түркиядан келген азаматтар сондай тыраштық жасайды ғой, масқара). Дұрысында, олар қаражат төлеп, біздің мемлекеттік тілімізді үйренуі керек қой. Егерде қазақ тіліне шет елде қызығушылық танытатын жандар болса, оларды Қазақстанға шақырып алып, қазақ тілін игеруді жетілдіріп жіберсе түсінер едім. Өйткені, олар өз елдеріне барған соң қазақ тілін елдестеріне үйретуі мүмкін ғой. Ана тілінің өрісі осындай істер арқылы кеңейе түседі емес пе?! Айталық, немістер солай істейді. Қазақстанда неміс тілінен сабақ беретін мамандарды Алманияға шақырып сый-сияпат жасап, арнайы курстан өткізіп тұрады. Мұғалімнің кабинетін жарақтап, жасақтап беру олар үшін ең алғы шарт, қалыпты жағдай! Шет елде қазақ тілі мен әдебиеті қазақ диаспорасы шоғырланған жердің өзінде мемлекеттік бағдарлама бойынша оқытылмайды. Оқулық жеткізіліп берілмейді. Тіпті, бақылау жоқ. Бақылау болмаған соң, ондай қамқорлық та жоқ. Содан да қазақ тілін шет елге насихаттау өз алдына, өзіміздің шет елде тұратын қандастарымыздың қазақшасы нашар. «Сүйемін туған тілді – анам тілін, Бесікте жатқанда берген білім» деп Сұлтанмахмұт айтқандай отбасындағы алым-берім ауызекі әңгіме, қазақ қауымдастығына араласа жүріп алар білім ол да жеткіліксіз. Содан да ауызекі тілде тәп-тәуір сөйлегеніне қарамастан қазақ тілінде жүйелі білімі болмайды. Болмауы заңды да. Өйткені, жағдай әлгіндей. Олар шет елдің әр қиырынан үміт жетелеп, арман арқалап келген жандар. «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» аталатын халықаралық олимпиадаға әлемнің әр шалғайынан келіп қатысып, жүлдегер атанып жоғары, орта арнаулы оқу орындарына түскен 100-ден астам бала бүгінгі таңда оқуын сәтті аяқтап, ойдағыдай білім алып, Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Үйлі-баранды. Олардың бірсыпырасы атамекенге шет елдегі ата-аналарын, бауырларын да көшіріп алды біртіндеп. Әдетте, шет елдегі бауырлардың алдымен ата-анасы келіп, бала-шағасын біртіндеп көшіріп алар еді. Бізде керісінше болып шықты: олимпиада жеңімпазы атанып оқуға орналасқан бала сырттағы ата-анаға қамқор қолын созды, орнығып алған соң оларды біртіндеп көшіріп алды. Ғанибет емес пе? Елге ел қосылса – құт! «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» халықаралық олимпиадасына алғашқы кезде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан дегендей қазақ тілі мектептерде оқытылатын елдердің қазақ балалары қатысатын болса, соңғы кезде Франция, Алмания, Түркия, Ресей балалары қосыла келіп, бақ сынап бәйгеге қатар түсіп қызыққа кенелтіп жүр. Мұның өзі олимпиаданың халықаралық өреде өзін-өзі ақтап отырғанын, жылдан-жылға тынысы ашылып, өрісі кеңейе түскенін көрсетеді. Бұл іс түн ұйқысын төрт бөліп, жан тартып жақсы көрген көңілден, сырттағы қазақ диаспорасына деген адами ыстық махаббатпен ұйымдастырушы азаматтардың ілкімді іс-әрекетінің арқасы екенінде дау жоқ. Аталған олимпиада атамекенге деген сартап сағыныш пен сырттағы қазақ бауырларға деген ыстық ықыластың үйлесім, бірлігіне құрылған байқау. Басқаша айтсақ, тек махаббатқа ғана байланып тұрған іс-шара. Мақтана бастап, таусыла сөйлеп кеттік пе? Себеп бар оған. Ж.Құлекеев, Б.Әйтімова сынды сындарлы азаматтар білім саласын басқарып тұрғанда жақсы қарқын алған олимпиада жұмысы соңғы жылдары тығырыққа тіреліп, тіреліп барып әупірім-тәңірмен шығып жүзеге асып келеді. Соңғы жылдардағы кейбір министрлер «Қазақ тілі қайдан халықаралық тіл болады? Қазақ тілі халықаралық тіл болмаса – қазақ тілі пәні арқылы жүзеге асатын «Қазақстан – ата-жұртым, қасиетім – ана тілім» олимпиадасы қалай халықаралық олимпиада болмақ?»-деген ана тілімізге, сырттағы қазақ диаспорасына тиімсіз сұрақ қойып әдемі іс-шараның тынысын тарылтып жіберді. «Олимпиада жеңімпаздары жоғары оқу орнына түсу үшін арнайы тест тапсырса қайтеді?» – деп те ойланады олар. «Әп әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» кері келіп барады. Олимпиада жеңімпаздарының жоғары оқу орнына қабылдану, қабылданбауы – жоғары мектептің басшысының адами кісілік, құнты-пейіліне қарап қалды. Қаласа алады, қаламаса қабылдамайды. Шет елдерден келіп, «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» халықаралық олимпиадасына қатысып жеңімпаз атану – бір сын болса, олимпиада шарты бойынша – жоғары, орта арнаулы оқу орындарына қабылдану-қабылданбауы міндетті емес, жеке тұлғалардың еркіндегі шараға айналды. Жоғары, арнайы орта оқу орындары басшыларының бәрінде бірдей ұлы Абай айтқан «адамзатты сүй, бауырым деп» дейтін жүрек барына, тіпті, олардың ол орында адал да, іскерлік бейілмен лайықты отырғанына күмәнданасың. Жә, таусыла бермейік. Тағы да министр ауысты. Енді шарапат сол азаматтың қолында. Жас келсе іске деген. Жас министр атамекенді сағынып келген талапкер балалардың басынан сипар! Өйткені, олар да елдің – ертеңі ұлттың келешегі, демографиямыздың демікпеуіне үлес қосады. Ұлтшыл Ахаң – туа ағартушы (тұңғыш ағарту наркомы) Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгін: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болады?». Сонымен майса көктемнің жазға салым маужыраған шағында «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» аталатын халықаралық олимпиада өз жұмысын тағы да бастайды. Бұл жолғы әлем қазақ балалары жиналатын аймақ – ата дәстүрден айнымаған Маңғыстау облысы. Шет елдегі қазақ диаспорасының талапкер балаларының маңдайы жарқырап озып келер мәреде жолығысуға жазсын тағдыр. Өз ісіне «Бар қазақ – менің жалғызым» (Сабыр Адай) деп іске сәт дейік. «Айналайын атамекен» деп әлемнің әр шалғайы­нан армандай арындай жеткен желкілдеген аймаңдай жас өркен қазақ тілі туын тіккен бірден-бір ел – Қазақстанға келіп, арандамай, алданбай – арманына жетсін! Қайырлы сапар дейік оларға! Құлбек ЕРГӨБЕК, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры. ТҮРКІСТАН.