17 Маусым, 2014

Алғашқы 11 ойынның бірде-бірі тең аяқталмады

355 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Футбол-2014-1Кешегі күннің кешіне дейін Бразилияда маусымның 12-сі күні басталған әлем чемпионатында 11 ойын ойналып қойды. Бір қызығы, толассыз тартыспен өрнектелген осы кездесулердің бірде-бірінде тең нәтиже тіркелген жоқ. Мұның өзі бұл жолғы жаһандық жарыстың еш ымырасыз өтіп жатқанын, алаң төрінде ойқастаған ойыншылардың ешбірінің мәмілеге келуге ықыласты емес екендіктерін көрсетіп отыр. Енді біз маусымның 14-16-сы күндері ойналған ойындарға қысқаша шолу жасап өтейік. a_71745 Әзірге әлем доп додасының барлық матч­тары қызықты да есте қалатындай болып өтіп жатыр. Бұдан біз мұның алдындағы хабарда ойналатынын айтып өткен Чили мен Австралия арасындағы кездесу де шет қалған жоқ. Бұған қоса, осының алдындағы матчтардың бәрінде көрініс көрсеткен төрешілердің жүгенсіздігі мұнда байқала қоймады. Сондықтан Кот-д`Ивуар елінің Нумандьез Дуэ бастаған қазыларының осы өнегелі істері кейінгілерге жұғысты болатын шығар деген үміттеміз. Ал әділдік салтанат құрған кездесу 3:1 деген нәтиже әкелді. Әлбетте, онда күші де, тәжірибесі де басым чилиліктер жеңіске жетті. Әйткенмен, «ла роха» арал-континент жасағын ешбір қиындықсыз ұтып шықты деп тағы айта алмасақ керек. Кездесудің басында Хорхе Сампаолидің шәкірттері қарсыластарын таптап өте шығатындай болып көрінген. Олар осы басымдылықтарын екі минуттың ішінде екі голға айналдырып, бірден алға кеткен. Голдарды 12-минутта Алексис Санчес және 14-минутта Хорхе Вальдивия салды. Рас, австралиялықтар бірінші таймда-ақ мұның бір добының қарымтасын қайтарып үлгерген (Тим Кэхилл, 35-минут). Бірақ олардың қарқыны сонымен бітті. Ал екінші таймда осы есеп ойын соңына дейін өзгермеген күйі тұрды. Мұның әлетінде Австралия футболшылары шабуылды үдетті. Егер олардың Тим Кэхилл мен Марк Брешиано секілді фор­вардтарының соңғы соққылары дұрыс шық­­­­қан­да, ойынның қалай аяқталарын кім білсін! Де­ген­мен, чилиліктер осы есепті ұстап қалды. Бұ­ған қоса, қосымша екінші минутта олар тағы бір гол соғып (Жан Босежур) жеңістің жүгін жеңілдете түсті. Мұның соңын ала думаны қызған Колумбия – Грекия арасындағы ойында бұлардың алдыңғылары айтарлықтай алымдылық танытты. Олар чемпионаттың финалдық бөлігіне іріктеу жарысында өз тобында Аргентинадан кейінгі екінші орын алғандарының бекер емес екенін көрсетті. Колумбиялықтар бұл ойында есепті 6-минутта ашты. Оны Пабло Армеро деген қорғаушы түсірді. Келесі таймда  Теофило Гутьеррес (58) есепті 2:0-ге жеткізді. Ал ойынға қосылған үшінші минутта Хамес Родригес соңғы нүктені қойды. Содан кейін Уругвай мен Коста-Рика құрамалары кездесуінде чемпионаттағы екінші сенсация өмірге келді. Онда костарикалықтар 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бірақ ойынның бас жағы мұндай нәтиже әкелетінге ұқсамады. Алаңда барынша баяу да тепе-тең күрес жүріп жатты. Уругвайлықтар айрықша басымдылық та таныта қойған жоқ. Ал Коста-Рика мейлінше қатқыл ойнады. Оның қорғаушылары қарсы жақтың шабуылшыларын өз шептеріне қарай көп аса асырмады. Сондықтан қарсы жақ оларды шеберліктері деңгейімен алуға ұмтылды. Осы шеберлік ақырында бірінші голға да апарды. Уругвай шабуылшылары кезекті бұрыштама соғу құқығына қол жеткізді. Ал доп айып алаңына тасталғанда, қарсыластар қорғаушылары тәртіп бұзды. Міне, осыған орай белгіленген пенальтиді Эдисон Кавани 24-минутта дәл түсірді. Осымен бірінші таймның нәтижесі де өзгермеді. Коста-Рика жігіттерінің үйіріп соққан дауылдары екінші таймда тұрды. Оның басын шабуылшы Жоэль Кэмпбелл бастап берді. Кейін кездесу соңында үздік ойыншы атағына ие болатын осы форвард бұдан кейін де жасындай жарқылдады. Соңғы гол да оның тікелей араласуымен соғылды. Дегенмен, осы арада тағы бір гол салынған еді. Алдымен 54-минутта есеп теңестірілсе, арада 3 минут өткенде, Оскар Дуарте күтпеген жерден Коста-Риканы алға шығарды. Ол айып алаңында құлап бара жатып, допты қақпаға қарай бағыттап үлгерді. Ал үшінші голды Маркос Уренья 84-минутта Кэмпбеллдің жеке-дара алға шығаруы арқылы түсірді. Бұдан кейін Уругвай футболшылары қарсыласуларын қойды. Ызадан жарылардай болған олар тәртіп бұзушылықты да жиілетті. Соның бірі Макси Перейраның Жоэльдің аяғын қырқа тебуіне апарып соқтырды. Осы қасақана жасаған әрекеті үшін уругвайлық футболшы алаңнан қуылды. Маусымның 15-індегі ойындарды Англия және Италия құрамалары бастады. Тартысты өткен ойын 2:1 есебімен итальяндардың пайдасына шешілді. Кездесуді ағылшындар екпінді бастады. Алайда, уақыт ұзаған сайын итальяндардың үстемдігі арта түсіп, ақырында олар ойын тізгінін түгел қолдарына алып қойды. Сол екпіндерімен Апеннин түбегінің жігіттері бұрыштамадан гол соғып кетті. Оны 35-минутта Клаудио Маркизио салды. Әйткенмен, Италияның бұл басымдылығы екі минуттан артыққа барған жоқ. Ағылшындар Уейн Руни мен Даниэль Старридждің қатысуымен жасалған комбинацияның ақырында есепті теңестіріп те үлгерді. Ал таймның соңында Марио Балотелли мен Антонио Кандрева екі мүмкіндікті босқа жіберіп алды. Бұл тандем осы қателіктерін екінші таймның басында бірлесіп қайтарды. Атап айтқанда, Кандреваның жеткізген пасын Балотелли голға айналдыра білді. Ресифи қаласындағы стадионда шайқасқан ­Кот-д`Ивуар және Жапония құрамалары ара­сындағы ойын шиеленісі молдығымен есте қалды. Дегенмен, бұл матчты бір-біріне ұқсамайтын екі бөлікке бөліп қарастыруға болады. Оның алғашқы бір сағаттық көлемінде «самурайлар» қарсыластарынан әлдеқайда әлеуетті көрінді. Олар 16-минутта Кейсуке Хонданың көмегімен алғашқы болып есепті де ашты. Осыдан кейін де Альберто Дзаккеронидің шәкірттері ойын тізгінін уыстарынан шығара қоймады. «Қара құрлықтың» өкілдері осы тұста допқа көбірек егелік еткендерімен, қақпаға қарай соққы жасауда азиялықтардан көп қалып қойды. Алайда, соңғы жарты сағаттың ішінде бәрі түбегейлі өзгеріп кетті. Ол Сабри Лямушидің 62-минутта шайқасқа Дидье Дрогбаны қосып жіберуінен басталды. Оның келуімен «пілдер» күрт өзгеріп сала берді. Соның арқасында олар бар-жоғы екі минуттың ішінде есепті теңестіріп қана қоймай, алға да шығуға мүмкіндік алды. Алдымен 64-минут­та Вилфрид Бони бірінші жауап допты соқса, артынша Жервиньо піл сүйегі жағалауы елінің құрамасын жеңіске бастады. Келесі кезекте Швейцария Эквадорды 2:1 етіп тізе бүктірді. Бұлардың соңынан Франция Гондурасты 3:0 етіп ойсырата ұтты. Онда Карим Бензема бірін пенальтиден, бірін ойыннан соғып, дубль жасады. Ал 16 маусым күнгі Аргентина – Босния кездесуінде бұлардың алдыңғылары 2:1 есебімен басым түсті. Бет қатталып жатқанда Германия командасы Португалия құрамасын 4:0 есебімен ұтып кеткені белгілі болды. Осы матчта чемпионаттағы ең алғашқы хет-трик өмірге келді. Оны 11-минутта пенальтиден, 45 және 78-минуттарда ойыннан гол соққан Томас Мюллер жасады. Төртінші допты 32-ші минутта Матс Хуммельс түсірді. P.S. Оқырман қауым «Егемен Қазақстанның» Бразилиядағы әлем біріншілігінен беріп жатқан материалдарының арасынан біздің елімізде уақыт таңғы сағат 4-ке жақындағанда аяқталатын ойындардан да репортаждар жарияланғанына назар аударғаны анық. Оларда сол матчтардың гол соғу сәттерін көрсететін фотолар да қоса беріліп жүрді. Бұл үшін таңғы сағат 5-ке дейін газетке материал жазу, газетті қайта беттеу қажет етілетінін біздің әріптестеріміз жақсы біледі. Алайда, газет басып шығару да өндірістік процесс екенін, баспаханаларға жіберілетін беттер облыс орталықтарына жолданып, басылып шығып, «Қазпошта» мекемелеріне уақтылы жеткізілуі керектігін, әйтпесе газет жазылушылар қолына кешігіп түсетінін ескермей тағы тұра алмаймыз. Сондықтан, футбол сүйер қауымның Бразилиядағы дүниенің доп додасынан жазылатын шұғыл репортаждарды енді газет сайтынан (egemen.kz) оқып отыруына тура келетінін айтамыз. Сайтты ашыңыздар, репортаждарға үн қосыңыздар, ойындардың нәтижесі туралы болжамдарыңызды айтыңыздар, чемпионат туралы пікір білдіріңіздер! Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».