14 Маусым, 2014

ИНВЕСТОРЛАР СЕНІМІНЕ ИЕ БОЛУ – ЕЛІМІЗ КӨРКЕЮІНІҢ КЕПІЛДІ ШАРТЫ

322 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
интеграцияГазетімізде бұдан бұрын хабарланғанындай, курортты өңір – Бурабайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Президентінің жанындағы Шетел инвес­торлары кеңесінің жалпы отырысы өткен болатын. Онда еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар, сондай-ақ, индустрияландырудың екінші бесжылдығы шеңберінде инвестициялау және технологиялар трансферті мәселелері талқыланған еді. Жалпы отырыс барысында көтерілген мәселелер мен қабылданған шешімдер инвесторлар көңілінен шыққандығы сезіледі. Осыған орай төменде аталған отырысқа қатысқан Қазақстандағы бірқатар шетелдік компаниялар басшылары мен инвесторлардың, сондай-ақ, инвестицияны қажетсінетін қазақстандық іскерлер лебізін жариялағанды жөн көрдік. СИИ1, 12.06.14 Сума ЧакрабартиСума ЧАКРАБАРТИ, Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті: – Отырыс барысында Қазақстан мемлекетінің басшысы қол қойған заң шеңберінде инвесторларға үлкен жеңілдіктер жасалып отыр. Бұл шешім бізді қанаттандырып тастады. Осыған сәйкес Қазақ­стан экономикасына құятын инвес­тициямыздың көлемін ұлғайту жөнінде ұйғарым жасадық. Жалпы, Еуропа Қайта құру және даму банкі Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі болып табылады. Соңғы 20 жылдың ішінде біз Қазақстанға 6,85 млрд. доллардың қаржысын инвестицияладық. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған жаңа заң менің ойымша, осы елге құйылатын инвестиция көлемін әлдеқайда арттыруға себепші болып, жаңа инвесторлардың келуіне жол ашуға тиіс. Өйткені, заңда инвесторлар үшін бірқатар жағымды жеңілдіктер жасалынған. Мәселен, отырыс барысында Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, салық жеңілдіктерімен қатар, индустрияландырудың жаңа бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 5 жыл бойына шамамен 600 млрд. теңге бөлінсе, Ұлттық қордан тағы 1 трлн. теңге бөлу туралы шешім қабылданыпты. Осыған қосымша Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Дүниежүзілік банкпен, Еуропа Қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен, сондай-ақ, Ислам банкімен негіздемелік келісімге қол қойылғандығын атап көрсетті. Демек біз ел экономикасына инвестиция тартуды ынталандыру жөнінде мемлекетпен сенімді әріптестік қатынас орнатып отырмыз. Бұл әріптестік екі жаққа бірдей тиімділік беретіндігіне сенім білдіремін. Дэвид ОуэнДэвид Оуэн, «Delloite» компаниясының басқару мәселелері жөніндегі атқарушы директоры: – Қазақстан экономикасы жыл сайын 6 пайыздық өсіммен дамып келеді. Осы жағдай шетел инвесторлары үшін бұл елдің тартымдылығын арттыру үстінде. Жалпы, Қазақстанда инвестициялық ахуалдың да жылдан-жылға жақсара түскендігіне куә болып жүрміз. Осы бағытта жаңа шешімдер қабыл­дануда. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен қабылданған заң соның айғағы дер едім. Отырыс барысында Мемлекет басшысының өзі осы заңның жетістіктерін түсіндіре келе басымдығы бар бағыттардың тартымдылығын көтеру үшін Үкімет әзірлеген ауқымды ынталандыру пакеті туралы да айтты. Осы арқылы біз индустрияландырудың басымдық беріліп отырған салаларында инвесторлардың корпоративтік табыс салығын төлеуден және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылатындығын білдік. Әрине, бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік. Питер ТильсПитер Тильс, «Дойче Банк» атқарушы директоры: – Германия бизнесмендері Қазақ­стандағы Үдемелі индуст­рия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасына елеулі үлес қосып келеді. Мәсе­лен, біздің ел компанияларының 12 ірі өндірістік жоба шеңберінде Қазақстанға салған тікелей инвес­тициялары 2 млрд. доллардан асып отыр. Енді бұл көрсеткішті одан да арттыра түсетіндігіміз анық. Өйткені, осы өткен отырыс барысында біз Қазақ­станға келетін инвестициялар көлемін арттыру үшін инвесторларға қосымша жеңілдіктер жасалатындығын білдік. Әрине, ол жеңілдіктердің арасында корпоративтік табыс салығын, жер салығын, мүлік салығын төлеуден босатудың мәні ерекше. Сонымен қатар, бізді мемлекеттің нысанды пайдалануға бергеннен кейін шетелдік инвесторларға күрделі шығыстарының 30 пайызына дейін өтеп беретіндігі қуандырды. Өнеркәсіп саласындағы инвесторлар үшін бұл жеңілдіктің де үлкен мәні бар. Сонымен қатар, банктерді де ынталандыра түсетіндігі айқын. Өйткені, өнеркәсіпшілер біздің несиелерімізді молынан пайдаланып қалуға ұмтылады. Осындай жағдайларды ескере келіп, Германия компаниялары алдағы 5 жылда тағы да 60 жаңа жобаға инвестиция салуға ниет танытып отыр. Яғни, осы арқылы біздің инвестицияларымыздың көлемі 3,5 млрд. долларға дейін жететін болады. Біз бүгін іс барысында Қазақстандағы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудың жоспарларымен таныстық. Бұл жоспарлар шындыққа сәйкес және өршіл мақсаттарды көздейді. Сондықтан, Қазақстанның алға қойып отырған мақсаттары мен оған жету үшін жасаған қадамдары бізді қанаттандырып тастады. Біз Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделілік танытудамыз. Маттео РенциМаттео Ренци, Италия Премьер-министрі: – Италия Қазақстанның сауда әріптестерінің арасында Қытай мен Ресейден кейін үшінші орынға ие болып отыр. Бұл біз үшін мақтанышты жағдай. Себебі, біз Қазақстаннан өте жырақта жатсақ та Еуразия құрлығының ортасында қанатын кеңге жайған осы елмен экономикалық қарым-қатынастар жасауда еуропалық мемлекеттер арасында бірінші орынға шығып отырмыз. Қазіргі күні Қазақ­станда 300-ден астам италиялық компаниялардың өкілдіктері мен бірлескен кәсіпорындары жұмыс істеуде. Біздің елдеріміздің арасында өнеркәсіп және экономикалық ынтымақтастық жөнінде Үкіметара­лық жұмыс тобы құрылған. Қарым-қатынастарымыздың нығайып келе жатқандығына қарап, оның жұмысы жемісті деп есептейміз. Осы ретте біздің Eni компаниямыз бен «ҚазМұнайГаз» арасында жасалған келісімге ерекше мән берудеміз. Осы келісім бойынша кеме жөндеу зауытының құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ, Исатай теліміндегі геологиялық барлау жұмыстарына Eni қатысатын болады. Менің Италия Премьер-министрі қызметін атқарғаныма 100 күн болды. Сондықтан Қазақстанмен арадағы екіжақты байланыстардың дамуына өз тарапымнан үлес қосқым келеді. Өйткені, екі ел арасындағы ынтымақтастық уақыт өте келе қазіргіден де нығая түсетіндігіне сенімдімін. Біз, мұнай саласы бойынша өте маңызды құжаттарға қол қойдық. Енді өнеркәсіп саласындағы байланыстарымызды нығайта түспекпіз. Сөйтіп, болашақта басқа салалар бойынша да әріптестік орнатып, қос мемлекет арасындағы ықпалдастықты жандандыра беретін боламыз. Ив-Луи ДаррикаррэрИв-Луи ДаРрикарРэр, «Total» компаниясының вице-президенті: – Қазақстан Үкіметінің елдегі инвес­ти­циялық ахуалды жақсартуға қатысты жасап жатқан барлық шараларын қолдайтындығымды білдіремін. Себебі, біз Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынаста түскеннен бері бұл елдің жағдайы жылдан-жылға жақсара түскендігіне, қабылданған шешімдердің өмірде нақты жүзеге асып жатқандығына куә болып жүрміз. Оның үстіне қазақ-француз бірлескен жобалары арта түсуде. Соның нәтижесінде Франция қазіргі күні Қазақстан экономикасындағы ең ірі төрт инвестордың бірі болып отыр. Бүгінгі күні Қазақстанда 150-ден астам француз компаниялары табысты жұмыс істеуде. Олар ел экономикасының авиағарыш, мұнай-газ, көлік секілді маңызды салаларында еңбек етіп келеді. 11 жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылып үлгерді. Олардың қатарында «Эйрбас» компаниясы үшін бөлшектер шығару, сондай-ақ локомотивтер, электроникалық заттар, су тазартқыш құралдар және фармацевтика мен тамақ өндірісіне қажетті құралдар және дәрі-дәрмектер бар. Біз алдағы уақытта да Қазақстанмен жұмыс істей беруге әзірміз. Өйткені, Қазақстан инвесторларға тиісті жеңілдіктерді қарастырумен қатар қосымша құн салығы мен акцизден басқа, барлық салықтар мен төлемдердің мөлшерлемелеріне қатысты заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беріп отыр. Оның үстіне Мемлекет басшысы инвесторлар үшін мемлекеттік мекемелермен жұмыс кезінде «бір терезе» қағидатының енгізілетіндігінен хабардар етті. Бұдан бөлек, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін «инвестициялық омбудсмен» институты заңнамалық деңгейде енгізілетіндігін айтты. Осы жағдайлар біздерді қанаттандырып отыр. Әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Еліміздің беделін көтере түседі

Теміржан ХАМИТОВ, Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы. Елбасы Н.Ә.Назарбаев күні кеше өзіміз жұмысына қатысқан үлкен форумды: «Шетел инвесторлары кеңесінің 27-ші кеңесі еліміздің ғажайып жері, халқымыз «Қазақстан Швейцариясы» атап кеткен Бурабайда ұйымдастырылып отыр», деген рух көтерер сөйлемдермен бастады. Бұл астаналық Ақмола облысының тұрғындарына айрықша жауапкершілік жүктейтін сөз деп білеміз. Өңірдің бүгінгі дамуы жерлестеріміздің ертеңгі күнді де екпінді істерімен әспеттейтініне күмән туғызбайды. Облысымызда өңдеу өнеркәсібі дамып, еңбек өнімділігі артуда. Мұнда бізбен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген шетелдік әріптестеріміздің үлесі де бар. Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасына инвестиция салу Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығында жұмыс істеу үшін оңтайлы болатындығын айту арқылы еліміздің инвестициялық саясатының мәнін анық ашып көрсетті. Еліміз индустрияландырудың бірінші бесжылдығын табысты аяқтады. Индустрияландыру картасы аясында 2,4 триллион теңгенің 651 жобасы іске асырылды. Ондаған мың жаңа жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл Қазақстанның әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына қосылуының шешуші кезеңі болып саналатын индустрияландырудың екінші кезеңіне мықты дайындықпен келіп отырғанымызды дәлелдейді. Бурабайдағы кеңеске бизнес әлемінің алпауыттары жиналып, өз ойларын ашық айтып, толғақты пікірлерін талқыға салды. Осының өзі Қазақстанның беделін көтерумен қатар, еліміздің ұстанып отырған бағытына тілектестік сезімін де қалыптастырады. Әсіресе, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакрабартидің, «Қазақстан-Франция», «Қазақстан-Германия» Іскерлер кеңестерінің төрағалары Ив-Луи Даррикаррер мен Питер Тильскенің, Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының акционері Александр Машкевичтің, «Анадолу Групп» компаниясының басқарма төрағасы Тунджай Озилхан­ның, тағы басқа тұлғалардың сөздерінен еліміздегі жүйелі жоспарлардың міндетті түрде жүзеге асатындығы аңғарылып тұрды. Ақмола облысы.

Инвестор көбейсе, сұраныс молая түседі

Жаңабай АЛШЫНБЕКОВ, «Новус Силинг Каспиан» ЖШС менеджері. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев отандық экономикаға шетел инвестициясын тартуға ұдайы көңіл бөліп келеді. Өйткені, бүгінгі дәуір өзімізбен өзіміз болып, іргені қымтап отыратын емес, әлемдегі ең озық технологияны елге неғұрлым көбірек әкеліп, ұлттық экономикамызға шетелдің әлеуетті компанияларының инвестициясын молынан тартатын кезең. Мұны Елбасы Бурабайда өткен кезекті шетел инвесторларымен кеңесте тағы бір мәрте баршаның есіне салды. Президентіміздің экономикаға инвестиция құюға ниетті шетел инвесторларын шақыруын өте орынды деп санаймын. Елімізге шетел инвесторлары инвестиция молынан құйып жатса, оның шапағатын алдымен біздің отандық компаниялар көретіндігіне көзіміз жетіп келеді. Соның бір мысалы ретінде 2011 жылдан бері мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар тапсырысымен сапалы өнім өндіретін «Новус Силинг Каспиан» серіктестігін айтуыма болады. НовусБіздің цехымыздағы білікті мамандарымыз жасаған әр деңгейдегі нығыздағыш прокладкалар Қазақстанды айтпағанда, ТМД елдерінде де шығарылған емес. Ал біздің кәсіпорынға әлемдік мұнай алпауыты қатарындағы «Шевроннан» арнайы тапсырыс түсіп, алғашқы өнімімізді осы компанияның сұрауымен Чикагоға жібердік. Бұдан өзге Әзербайжан, Түрікменстан елдерінен түскен тапсырыстарды да уақытында әрі сапалы орындадық. Қазір біздің сапалы өнімімізді тұтынатын тұрақты серіктестеріміздің қатарында отандық Атырау және Павлодар облыстарындағы мұнай өңдеу зауыттары, «Жайықмұнай» (Батыс Қазақстан облысы) кәсіпорнымен бірге, «Теңізшевройл», NCPOC, Аджип ҚКО, PSN, үндіс­тан­дық «Гетуей» компаниясының Ақтаудағы филиалы, «ДенхолмЖолдас», «Казстройсервис», «Дитсман», «Майерскойл» секілді еліміздегі шетелдіктермен бірлескен кәсіп­орындар бар. Сонымен бірге, көршілес Ресейдегі Аст­ра­хань мұнай айдау стансасы мен КТК-ның Мәскеудегі фи­лиа­лы да біздің өнімге тапсырысты көбірек бере бастады. Осындай компаниялар сенім артқаннан кейін бізде жұмыс жасайтын отандық мамандар өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Бірнеше маманымыз Ұлыбританиядағы осындай зауытта шеберлігін шыңдаған арнаулы курста оқып келді. Себебі, өзге кәсіптерге қарағанда, прокладка жонуда өте дәлдік те, шеберлік те қажет. Темірден түйін түйген мамандарымыз әр тапсырыс беруші компанияның сенімінен шығуды парыз санайды. Қазақстандық өнім ретінде шетелдік компаниялар қызығушылығын тудырған біздің прокладкаларымыздың сапалық деңгейі өте жоғары, Еуропа елдерінде шығарылатын осындай өнімдерден еш кемдігі жоқ. Анығын айтқанда, жұмыс жасай бас­та­ғанына енді ғана үш жыл толған кәсіпорнымыздың аты тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де таныла бастады дей аламыз. Енді Елбасы айтқандай, елі­мізге келетін шетелдік инвесторлар қатары көбейіп жат­са, біздің сапалы өнімімізге сұраныс та молая түсер еді. Атырау облысы. IMG_3499

Еуроодақ нарығындағы бәсекелестерімізді ығыстырып, АҚШ рыногына шықтық

iskandirov2013_2Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты. Жалпы алғанда инвестиция тарту – біздің тәуелсіз елдің эко­номи­ка­лық саясатының бір қыры. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төр­ағалығымен Қазақстан Прези­дентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жалпы отырысы бұл саладағы қарқынды әрі қарай қуаттандыра түсетіні анық. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қабылданып жатқан заңдар мен түрлі жеңілдіктер – еліміздің бейбітшілікке ұмтылысын, ты­ныштықты қалайтынын көрсетеді. Қазақстанға келген инвесторлар қаржысын көбейте алатынына сенімді. Оған беріліп жатқан кепілдік көп. Кәсіпкер тілімен айтқанда, ақша тыныштықты жақсы көреді. Ол ауызбіршілігі, берекесі бар елге барғысы келеді. Инвестициямен бірге жұмыс орны, түрлі бағдарламалар, ірі кәсіпорын, дамыған өндіріс келеді. «Қазфосфат» ЖШС соңғы бес жылда Еуроодақ нарығындағы өзінің бәсекелестерін толық ығыстырды деуге болады. Бәсекеге барынша қабілетті өнім өндіру – біздің нарықтағы көкжиегімізді кеңейте түсуде. Компанияда өткен жылдың қорытындысында 56,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Биыл бұл көрсеткішті 61,9 миллиард теңгеге жеткізу көзделуде. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде 2012 жылы АҚШ-тың нарығына шығып, үлкен көлемдегі сары фосфорды өткердік. Үстіміздегі жылдан бастап компания тарихында алғаш рет Үндістанға фосфор жеткізуді қолға алдық. Келешекте Жапония және Латын Америкасы нарықтарын игеруді көздеудеміз. Жамбыл облысы.

Нақты қолдауға ие болдық

General DirectorАлексей МЫҚТЫБАЕВ, «Zhanros Drilling» ЖШС бас директоры. Біздің серіктестік Қазақстан­ның оңтүстік өңірінде мұнай өндірісімен айналысатын ірі жекеменшік компания болып саналады. 1996 жылдан бастап үздіксіз жұмыс істеп келеді. Өз міндеттерін адал орындап, жүктелген жауапкершілікті толық сезініп жұмыс істейтін ұжым деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан болса керек, 2011 жылы Еуропа  Қайта құру және даму банкі біздің мекемеге 25 миллион доллар көлемінде несие берді. Әділін айтқанда, бұл банк бізге дейін Қазақстандағы бірде-бір жеке компанияға мұндай көмек көрсетпеген. Еуропалық қайта құру және даму банкі берген қаржыға біз жоғары технологиялы бұрғылау құрылғысын сатып алдық. Компания банк қолдауының арқасында жұмыс­шылардың еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық стандарттарын енгізді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде компанияның қаржылық айналымы бірден 2,5 есеге өсті. Бүгінде мұнай өндірісінде 12 бұрғылау және 15 ұңғыманы күрделі жөндеу құрылғысы жұмыс істеп тұр. Жаңа жұмыс орындарын аштық. Соның ар­қасында бүгінде біздің мекемеде 1300 адам жұмыс істеп жатыр. Бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі бойынша да «Zhanros Drilling» ЖШС талай игі істің бастауында жүр. Ел үшін жасап жат­қан еңбегіміз елеусіз қал­ма­ды. 2013 жылы Елбасының қо­­лы­нан «Парыз» сыйлығын алдық. Еуропа Қайта құру және даму банкі Қызылорда облы­сында бірнеше жобаны қар­жыландырды. Атап ай­тар болсақ, табиғи газбен жүре­тін 100 жаңа автобус сатып алуға көмектесті. Жаңа көлік­тер жолаушыларға, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қозғалысына өте ыңғайлы екенін айтқан ләзім. Бұл жоба үшін банк 18,8 миллион доллар несие ұсынып отыр. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының су және кәріз жү­йе­лерін жаңғырту жобасы үшін «Қызылорда су жүйесі» кәсіп­орнына 10 миллион АҚШ доллары көлемінде несие беру қарастырылуда. Бүгінде қалада су сапасы мен оны үнемдеп пайда­лану бағытында жұмыстар ат­­қарылып жатыр. Бұдан бөлек, атал­ған банктің тікелей көмегі­мен жұмыс істейтін «Таза техно­ло­­гия­лар қоры» Қызылорда қала­сы­­­ның орталықтандырылған жылу жүйе­сін жаңғыртуды қол­­­­­дау мақсатында «Қызыл­­­орда­­­жылу­электрорталығына» 4,3 мил­лард теңге несие беруді көз­деп отыр. Жаңғыртудан соң жылу стансасы мен тарату желі­лерінің тиімділігі арта түспек. Бұрнағы күні Бурабайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен шетел инвестор­ларының жиыны өткені белгілі. Міне, сол жиынның алдында Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті сэр Сума Чакрабарти Қызылорда облысына арнайы келді. Сапар барысында қонақ «Zhanros Drilling» ЖШС жұмысымен танысты. Сума Чакрабарти Қазақстан Үкіметі банктің аймақтарда жұмыс істеуіне қолдау көрсетіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, «Қызылорда облысын Қазақстандағы жобаларымызды жүзеге асырудағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз»,– деді. Мұны біздің жұмысымызға берілген үлкен баға ретінде қабылдадық. ҚЫЗЫЛОРДА.