13 Маусым, 2014

Ата мұратына адалдық

442 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлтжанды, талантты ақын Күдері Жолдыбайұлының шығармашылығы хақында

01 Өмірдің тылсым сыры – аяқ аттаған сайын қоюланып, күрделене түсетін сан алуан амалын оңайлықпен алғызбайды ғой. Тіпті, жылдар бойы оның астарлы қатпары көзге шалынбай, елеусіз, ескерусіз жата беретініне де куә болып жүргендейміз. Олжалы көмбені қазу үшін де әлдебір себеп, негіз, мақсатқа түйілген үлкен мұратты ой-пікір қажеттігі белгілі. Мына қызықты қараңызшы, Қостанай облысы, Қамысты өңіріндегі Бестау он бір жылдық мек­тебін 1965 жылы бітірген түлектердің ішінде Күдері Жолдыбайұлы (1861-1931 ж.ж.) дей­тін айтулы ақынның туған немересі Мереке Нәби­ұлының елеусіз жүргенін кім білді десейші сол кезде! Білмек тұрғай, санамызға кірмепті, түйсікке де түрткіленіп енбепті. Бір білетініміз – бойы кейін булығып өскен бәкене Мерекенің қыздардың туған күніне кәдімгідей жігін жатқызып, мөп-мөлдір сезім себезгілетіп өлең жазып әкелетіндігі еді. Сонда қыздардың өлең буымен балбырап, өзгеше күйге түсіп кететінін аңғарып қалған кейбіріміз «Әй,таста, мынауың өлең емес...», – деп қызғаныштан қып-қызыл болып кететінбіз. Өлең жүрегін тербемесе, қыздар мұңды ойға бата ма десейші. Демек, сол арнау өлеңдерде уыздың дәмі болғаны ғой... Жылдар өте берген. Есейе келе, жоғары оқу орнын бітіріп, облыстық газеттің жанкешті жұ­мы­сына жегілген тұстарда, яғни, өткен ға­сыр­­дың жетпісінші жылдарының басында Тор­ғайда Күдерідей ақын өткенін еміс-еміс құлағымыз шала бастаған. Көкірегі ояу қарттардың оның кейбір шумақтарын тақпақтап отырғаны жадымызда қалыпты. Сондай бір жалынды жырға деген ыстық ынтызарлық сәтім санамды әлі күнге сәулелендіріп тұрған секілді. Орақ тілді ақынның: «Ет жемейді, шөп сұрайды Күдері, Қиын екен ер жігіттің жүдері. Әлі-ақ кетер мал жайылып бір күні, Ағытылса зымыс­танның шідері...» – деген өлең жолдары балаң жүрегімізде жеңіл жатталып қалған-тын. Мазмұн, мәніне терең бойламасақ та тіршіліктің тауқыметін тілге тірек еткенін аңғаратынбыз. Ақынның әлденеге қатты езіліп алаңдайтынын сезетінбіз... Енді, қазіргі талғаммен әлгі бір шумақтың әр жолын зерделеп көрсек, Күдері ақынның ел мұңын, әлеуметтік теңсіздік әлімжеттігін өткір әжуалап өргеніне тәнті боламыз. Мал-дүние орны толығатынын, шаруа, күнкөріс жайлы арнаға түсетінін меңзей отырып, ал бірақ ел рухы көтеріліп, ұлт өркен жаятын күнді тұсаулап тастаған алып империяның құрсауынан қашан ғана құтылып, дербес өмір сүреді екенбіз дегендей, ұлағатты ұмтылыс сырын жарқырата ашып береді. Түп-түйсігі белгілі – Тәуелсіздікті армандау! Айтылмайтын кезде айтып тастаған неткен батыр жүрек, қыран түлек жан еді. «Әлі-ақ кетер мал жайылып бір күні, Ағытылса зымыстанның шідері...» – деп тас түйін жасайды. Тұғырлы түйін! Тәуелсіздік әне-міне келгелі тұрғандай зор үмітпен елең еткізеді. Әзірге зымыстанның қатты бұрап салған бұғаулы шідері ғана ел демін тарылтып, рухын жүнжітіп, бодаулықтың боданында шыжғырып еңсені езіп, көтерпей тұрғанын айқын аңғартады. Енді тек сол зымыстан шідерін бырт-бырт үзудің амалдарын іздестіру керек! Бодандықтан – бостандыққа жол сонда ғана сайрап жатпақ. Мұндай күреске қайтіп қол жетпек? Ел жиылып нендей қарекет етпек? Оның да мақсатты жолдары ақынның біраз өлеңдері мен дастандарында айқын шешімін тапқан екен. Өкінішке қарай, Күдері ақынның ондай батыл шешімдеріне біз кейінірек қанықтық. Бәлкім, ондай мүмкіндік тумас па еді, егер немересі Мереке мен келіні Бақыт екеуі ата мұ­ра­­ларын жалықпай іздеп, Алматы, Астана, тіпті, облыстардағы мұрағаттардан дерек сұ­растырып үлкен ізденіске түспесе. Соның нә­тижесінде Күдері ақынның бүгінге шекті беймәлім болып келген біраз туындылары жинақталып қалыпты. Олардың ішінде «Мешін – жұт жылы», «Аманкелдінің Торғайды алуы», «Күйік көлдің басында», т.б. өлеңдері қуатты кернеуімен ерекшеленеді. Зымыстанның шідері ағытыла бастағанының жарқын көріністерін осы туындылардан аңдап, байқап, ақынның көрегендік, болжағыш қасиеттеріне тәнтіліне түсеміз. Ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің батасын алып, білімді болған Күдері Жолдыбайұлы 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, уытты өлең-жырларымен де, нақты іс-қимылымен де елдің көзінде жүрген айтулы тұлға ретінде қалыптасты. Кейбір дереккөздеріне қарағанда, оның сол тұстағы Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы тұрғысында да ой өрбітуге болатын секілді. Әрине, алмағайып заманда пікір алуандығы, көзқарас қайшылығы болуы заңды ғой. Дегенмен, ақынның келешек жарқын өмірге деген ұстанымының солқылдақсыз, берік болғандығы оның өлеңдерінен жете сезіледі. – Атамның қадимше жазбаларының біразын осы әріп танушыны әрең тауып аударттырып алдым,– деп Мереке ата алдындағы парызға адалдығын аңғартып өтті. – Солардың ішінен қазақшаланған бір дүниесі, өзінің төл шығармаларымен қатар, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің үзінділері болып шықсын. Сонда деймін-ау, атам ұлылардың еңбегін жазып таратқанға ұқсайды. Немесе үйрену, еліктеу ниетімен осылайша ықылас қойды ма екен! Қандай ойы болса да ұлағатқа ұласқан таза ниет емес пе? Иә, осындай деректерге сүйене отырып, Күдері Жолдыбайұлының өз замандастары Ахмет Байтұрсыновпен, Міржақып Дулатовпен, Мағжан Жұмабаевпен кездесуі әбден мүмкін-ау деген ойға келеміз. Жүзбе-жүз жолығысты ма? Ол жағы беймәлім. Бірақ қандай көзқарасты күйттесе де рухани жақындастығына ешқандай шүбә келтіруге болмас. Сөзімізге бір дәлел, Торғайдағы Ахмет Байтұрсынов ұшқан алтын ұя – ақындар мектебінің бастауында Сейдахмет Бейсенұлының есімі аталып, одан кейін Отыншы, Есенжол жырау, Ақмолда, Әбіқай, Күдері болып жалғаса түсуінің өзіндік алтын арқаулы жүйесі бар екендігін тағы да қайталамақпыз. Яғни, осы дүлдүл ақындар шоғырының сапына кіруінің өзі Күдерінің елдің таңдаулы жыршысы болғанын айғақтай түспей ме! Бір басына сонша табиғи дарын, талант, т.б. қасиет дарыған оның әдебиеттегі әмбебаптығын Қазақстан Ұлттық энциклопедиясындағы мына анықтаулар одан әрі байыта, үстей түседі екен. Онда: «Күдері Жолдыбайұлы (1861, қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарықопа бойы – 1931, сонда) – халық ақыны, жырау. Жастайынан ән, жыр айтып, халық арасында кең танылған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті бар ынтасымен қолдап, жалынды жырлар шығарды... Өлеңдері, Хамзамен айтысы, көптеген сықақ-әзілдері сақталған. Көтеріліс тақырыбын арқау еткен бірнеше өлеңдерін П.Н.Кузнецов орыс тіліне аударған». Көрмейсіз бе, ақындығына қоса жыраулығы, айтыскерлігі, тағы бір қыры – әзіл-сықақ өлеңдер жазатындығын біліп отырмыз. Мұндай ақындар заманның зар-наласын жырлап, болашақ күннің арман-мүддесін асқақтатуға ерен еңбек еткені белгілі. Көксегендері келіп отыр емес пе? Қазақ елінде Тәуелсіздік таңы атты. Осы тәуелсіздіктің бұйыртқаны шығар, Күдерінің немересі Мереке мен келіні Бақыт жатпай-тұрмай ізденіп, ата мұрасын жинастырып, бір ізге салып, кітап етіп шығарғалы жатыр екен. Олардың бұл жанкешті еңбегіне қалай разы болмассыз. Екеуі де білімдар: Мереке – елімізге белгілі тәжірибелі су инженері, зейнеткер. Ал Бақыт Назыкеқызы болса, филолог. Ұзақ жыл Алматыдағы «Қазақстан» баспасында жемісті жұмыс істеген. Қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық банктің Астана филиалында еңбек етуде. Міне, осындай ұрпақтар ата-баба аманатына адалдығын әрдайым ісімен дәлелдеп жүргені шаттаныс сезімге бөлейді екен. Сөз реті келгенде айтайық, кезінде қарт журналист Бөгетбай Әлмағамбетов, сатирик-жазушы Сейіт Кенжеахметов үшеуіміз қол қойып, Торғай өңірінде туып-өскен Сейдахмет Бейсенұлы, Жарбасты Мәтібай Сарбасұлы, Есенбай Сасанұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Ақмолда Арғынбайұлы, Күдері Жолдыбайұлы секілді орақ тілді, от ауызды ақындардың еңбектерін «Бес ғасыр жырлайды» жинағының жаңа басылымында ескеріп, жариялау жөнінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде мақала жариялаған едік. Одан әзірге нәтиже шықпағаны көңілді пәстендіреді. Бірақ бұл мәселе күн тәртібінен түспесе екен деген өтінішімізді тағы қайталағымыз келеді. Күдері ақынның өлеңдері «Ұшқын» газетін­де де жарияланып тұрыпты. Бұл газет­тің бүгінгі «Егемен Қазақстанның» бастауында тұрғанын ескерсек, 95 жылдық тарихы бар төл басылымымыздың авторы болған Күдері ақынның шығармашылығына деген сүйіс­пеншілігіміз тіптен еселене түсетіні аян. Қайсар ӘЛІМ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.