13 Маусым, 2014

Саяси сапар жүгі салмақты

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Францияға ресми сапары жалғасуда. Сапары шеңберінде ол өзінің франциялық әріптесі Лоран Фабиуспен, Франция Президентінің көпжақты ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Жак Одибермен, сондай-ақ,  Қазақстан-Франция Іскерлер кеңесінің тең төрағасы, «Тotal Upstream» компаниясының президенті Ив-Луи Даррикаррермен кездесулер өткізді. Қазақстан мен Франция сыртқы саясат ведомстволарының басшылары екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі даму барысын талқылап, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Екі министр келіссөздерінің басты тақырыбы осы жылдың соңында Франция Президенті Ф.Олландтың Қазақстанға сапарына дайындық мәселесі болды. Е.Ыдырысов аталған сапар Қазақстан мен Франция ара­сын­дағы, ең алдымен, экономикалық бағыттағы бірлескен әрекеттердің өрісін кеңейтетін жаңа өзара тиімді келісімдердің жасалуымен есте қалуы керектігін атап өтті. Сауда-экономикалық ын­ты­мақтастық Қазақстан-Франция стратегиялық әріптестігінің бас­ты құраушысы болып табылады. Аталған контексте тараптар экономикалық сипаттағы маңыз­ды мәселелерді талқылап, Эконо­микалық әріптестік жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясы мен Қазақстан-Франция Іскерлер кеңесінің табыс­ты жұмысына қанағат сезімдерін білдірді. «2013 жылдың қорытындысы бойынша, Францияның Қазақ­стан­мен тауар айналымы 6 млрд. доллардан асып түсті. Бұл Фран­цияның біздің елімізбен жетек­ші сауда әріптестер қатарында бе­сінші орынға ие екенін көрсетеді. Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялар көлемі бойынша Франция төртінші орында. Францияның Қазақстанға салған инвестициясы қазіргі кезде  10 млрд. АҚШ долларына жетіп отыр», –  деп атап көрсетті ҚР СІМ бас­шысы. Сұхбаттасушылар екі елдің ғарыш саласындағы әріптестік, «Еурокоптер» тікұшақтарын өндіру, атом энергетикасындағы ынтымақтастық, машина жасау т.б. салалардағы өзара тиімді әріптестік  байланыстарын  одан әрі дамытуға ниетті екендіктерін білдірді. Е.Ыдырысов пен Л.Фа­биус Қазақстан-Франция ынты­мақ­тастығына, соның ішінде туризмді дамытуға,  бизнес-байланыстарды жандандыруға және инвестиция­ларды ынталандыруға маңызды серпін беретін Астана мен Париж арасында тікелей әуе байланысын  орнату мүмкіндігін талқылады. Сонымен қатар, қазақстандық СІМ басшысы Қазақстанның ғылым саласындағы ынты­мақ­тастыққа үлкен мән беретінін атап өтті. «Біздің елдеріміздің университеттері арасында бір­лес­кен ғылыми жобалар мен зерт­теулер табысты дамуда. Біз Алматыда Қазақстан-Сорбонна университетінің құрылуына және француз мектептерінің ашылуына тек ризашылығымызды білдіреміз», – деп мәлімдеді ол. Бұдан бөлек, халықтарымыз арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың маңызды рөлі атап өтілді. Осы орайда, былтыр Фран­цияның Қазақстандағы мәде­ни күндерінің сәтті ұйым­дас­ты­рылғанына назар аударылды. Биылғы күзде Қазақстанның Фран­циядағы мәдени күндері өз деңгейінде өтетініне де сенім білдірілді. Келіссөздердің көпжақты ынтымақтастық саласындағы негізі тақырыбы ҚР-ЕО арасын­дағы кеңейтілген серіктестік ту­ралы жаңа келісімнің жасалуы болды. «Жаңа келісім өзара серік­тестігімізді бүгінгі күн биігінен нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім мол», деді осы ретте Е.Ыды­рысов. Көпжақты ынтымақтастықтың келесі бір маңызды тақырыбы ретінде виза рәсімдерін өзара жеңілдету мәселесі қарастырылды. «Азаматтарымыздың өзара қаты­насу үдерісі өсе түсіп отыр. Жыл сайын жүз мыңнан астам Қазақстан азаматтары Еуропа елдеріне барып қайтады. Осы орайда, ҚР мен ЕО арасындағы ағымдағы визалық тәртіп саяси және экономикалық үнқатысудың қазіргі ахуалы мен даму деңгейіне сай келмейді», –  дей отырып, ҚР СІМ басшысы француз тарапының бұл мәселені шешуде қолдау көрсететініне үміт­ті екенін білдірді. Сұхбаттасушылар Ауғанстан­ды қалпына келтіру, Сирия мәсе­лесі, Иранның ядролық бағдар­ла­масы және Украинадағы жағдай секілді халықаралық өзекті мәсе­лелер бойынша да пікір алмасып, аталған тақырыптарда да екі ел­дің  ұстанымдары ұқсас екенін қуаттады. Ж.Одибермен кездесуі бары­сында ҚР СІМ басшысы Қа­зақ­стан-Франция саяси және экономикалық үнқатысуда өзінің жоғары  тиімділігін сақтап келе жатқанын атап өтті.  «Екі ел басшыларының ортақ көзқарасы нәтижесінде Астана мен Париж арасындағы саяси өзара түсіністік жоғары деңгейде қалыптасып отыр. 2008 жылы қол қойылған  Стратегиялық серіктестік туралы шарт өзара әрекеттестікке ерекше сипат беруде», –  деді Е.Ыдырысов кездесу кезінде. И.-Л. Даррикаррермен сұхбаты барысында ҚР СІМ басшысы Қазақстан-Франция экономикалық ынтымақтастығының жоғары деңгейін атап өтті. Осы орайда,  ол Қазақстан-Франция Іскерлік кеңесінің басым рөлін ерекше атап, бұл алаң болашақта да экономикалық қатынастарды дамыту мен ілгерілетуге мүмкіндік туғызады деген үмітін білдірді. «Жасыл технологияларды» дамыту мен енгізу бойынша Францияның кең ауқымды ғы­лыми-техникалық әлеуетін ескере отырып, Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы француз компанияларын ЭКСПО-2017-ні дайындау мен өткізуге белсенді қатысуға шақырды. Ал кеше Қазақстан Респуб­ликасы сыртқы саясат ве­домствосының басшысы Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ)   Бас хатшы­сының орынбасары Уильям Дэнверспен кездесті. Сұхбаттастар Қазақ­станның ЭЫДҰ-мен 2015-2016 жылдарға арналған ынты­мақтастық бағдарламасының дайындалу үдерістерін талқылады. Е.Ыдырысов бағдарламаның ұйымның құрылымдық бөлім­шелерімен өзара іс-қимылын нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз кезегінде бұл Қазақ­стан­ның мемлекеттік экономи­калық саясатын жүзеге асырудың тиімділігін арттыратын болады. «ЭЫДҰ-мен белсенді өзара іс-қимылға ұмтылу еліміздің келешекте осы ұйымға мүше елдердің деңгейі мен стандарттарына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру қажеттігіне негізделеді. Бұл туралы үстіміздегі жылдың басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында жария етті», – деп мәлімдеді Е.Ыдырысов. Тараптар, сондай-ақ, ЭЫДҰ-ның Жаһандық байланыстар жөніндегі хатшылығының директоры Бонтуридің Астанаға алдағы сапары мәселелерін талқылады. Е.Ыдырысов, сонымен қатар, ЭЫДҰ-ның Бас хатшысы Анхель Гуррианы жоғарыда аталған бағдарламаға қол қою үшін Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Парижге сапары шеңберінде Қазақстан Сыртқы істер министрі қазақстандық БАҚ өкілдері мен «Еуроньюс» телеарнасына сұхбат берді. Сәулебек БІРЖАН.