13 Маусым, 2014

Санитарлық жағдай талапқа сай

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Басқосудың бұл жолғы қонақтары Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мен аталған агенттік төрағасының орынбасары Нұрлан Ұранхаев болды. Брифингте еліміздегі са­ни­тариялық-эпидемиологиялық жағ­дай, тұтынушылар құқықтарын қор­ғау мен еліміздің ішкі нар­қында өнімнің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселелері айтылды. Жандарбек Бекшин ағымдағы жылдың өткен кезеңінде рес­пуб­ликадағы санитариялық-эпи­демиологиялық жағдай тұрақты екендігін айта келе, жыл  сайын мемлекет инфекциялық ауру­лардың алдын алуға  қомақты қаржы бөліп отыратындығын жеткізді. Мәселен,   соңғы 7 жылда тұрғындарды инфекциялық ауруларға қарсы вакцинациялауға бөлінетін қаржының көлемі 12 есеге артып, 15 млрд. теңгені құраған. Балаларды қызамыққа қарсы вак­цинациялау қызылшаға және эпидемиялық паротитке, b типіндегі гемофильдік инфек­ция­ға қарсы аралас вакциналар жүргізіледі және пневмококк инфекциясына қарсы вакцина­циялау кезең-кезеңмен енгізі­леді. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде оба, тырысқақ, құтыр­ма, туляремия, күйдіргі, Кон­го-Қырым геморрагиялық қыз­басы, іш сүзегі секілді аса қауіпті инфекциялық аурулармен тұрғындардың сырқаттануының бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Жыл сайын республикада инфекциялық ауруларға қарсы 3,8 миллионға жуық адам егіледі. Соңғы 20 жылда қызамықпен сыр­қаттанушылық – 291, көкжө­тел – 21, дифтерия – 96, эпиде­мия­лық паротит 122 есеге кемі­ген. Егуге дейінгі кезеңмен са­лыс­тырғанда (вакцинация 1998 жы­лы басталған) балалар арасында «В» вирустық гепатитімен сыр­қаттанушылық 137 есеге азай­ған. Биылғы жылдың 5 айының қоры­тындысы бойынша республикада қызылшаның 167 жағдайы тір­келген, ал 2013 жылы 73 жағдай тіркеліпті. Жаз мезгілі басталуына бай­ланысты, соңғы нәтижесі тұты­нушылардың денсаулығына әсер ететін санитариялық талаптардың бұзылуы анықталады.  Биылдың өзінде республика бойынша қо­ғамдық тамақтану кәсіпорын­дарының қызметімен байланысты тамақтан уланудың 3 жағдайы және жаппай тұрмыстық 1 жағдай орын алған. Жиында, сонымен қатар, бас санитар бизнестің жүктемесін азайту бойынша агенттіктің атқарып отырған жұмысына да тоқталды. Атап айтқанда, эпидемиялық маңызы жоғары объектілерге қатысты тексеру тоқсан сайын жарты жылда бір рет, эпидемиялық маңызы орташа объектілерге қатысты қазіргі жартыжылдықтың орнына жылына бір рет жүргізілетін болады, яғни аталған топтар бойынша жоспарлы тексерулердің жиілігін 2 есеге қысқарту ұсынылады. Бақылаудағы объектілердің жалпы санының 60 пайыздан астамын құрайтын эпидемиялық маңызы елеусіз объектілер бойынша жос­парлы тексерулерді толық болдырмау ұсынылмақ. Осылайша, жоспарлы тексерулердің жалпы санын 3 есеге дейін қысқарту ұсынылады. Нұрлан Ұранхаев өз кезе­гінде агенттік қызметінің басым­ды бағыттарының бірі өнім­нің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар болып табылатынын айтты. Сондай-ақ, ол үстіміздегі жылғы 7 маусымда Үкімет қау­лысымен Тұтынушылардың құ­қық­тарын қорғау жүйесін жетіл­дірудің 2014-2015 жылдарға ар­налған кешенді жоспары бекітілгенін атап көрсетті. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».