11 Маусым, 2014

Ешкі

2276 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
feed.photo«Есің кетсе...» деген мәтелдің мәні өзгергенін уақыт көрсетіп отыр Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде «Есің кетсе, ешкі асыра» депті атам қазақ. Тауып айтқан, дәлелдеп айтқан сөзге қол қойып, қол қусырасың. Көбіміз ауылда өстік. Қи ойдық, қора тазаладық, қар күредік, шөп шаптық, қой бақтық, қырықтықта болдық, жылқының күзетіне бардық. Ауыл тірлігін, тұрмысын бір кісідей көріп ержеттік. Содан кеміп қалған адамды көрмедім. Біздің үй төрт түлікті түгел бақты деу­ге болады. Тек ешкі асырамадық. Осы күн­ге дейін соның себебіне жете алмай жүрмін. Тауық, қаз, үйрек те өсірді. Әкей тек ешкіні ұнатпады. Бірде ауылымыздың іргесіндегі Жіңіш­ке сайда қасқырлар қасап жасап, Аққораның бірталай ешкісін қырып тастапты. Әкей сол өлексеге қақпан салды. Қасқырларға. 5-сыныпта оқимын. Жаман тайға жарбитып мінгізіп, мені жанынан тас­тамайды. Екі бел асып, сол сай табанына түстік. Қалың тобылғының ішінен бірдеңе шошаң ете қалды. Ат та, тай да үркіп, жалт берді. Әкей аттың үстінде қалды, мен тайдан ауып, мұрттай ұштым. Жылқы жарықтық құласаң, жалын төсейді екен. Еш жерім ауырмады. Шылбырын сүйретіп, тұра безген тайды ұстап әкеліп: «Өй, тақымы бос жаман неме. На­ға­шы­ларыңа тартқан екенсің», деп ұрсып жатыр әкей. Бүкіл Қара деген руға кіретін нағашы­ларым тақымым бос болғаннан сөзге қалды. Оны ол кезде кім ойлаған. Шошаң ете қалған қақпанға түскен түлкі екен. Ешкілерді қырып салған қасқырлар қайтып оралмаған өлексеге. Неге екенін әкемнен сұрамаппын. Өкінішті, әрине. Ес кіріп, ел танығаннан кейін ойланады екенсің. Қасқыр қазақ текті ме, қазақ қасқыр текті ме? Түз тағысы не ішіп, не жейтінін өте жетік біледі. Табиғаты, жаратылысы солай. Ешкінің майы тез қатады. Қасқырлар қаны тамып, жүрегі соғып тұрғанда дейік­ші, ешкілерді тойғанынша жеген. Одан кейін жоламаған. Қазақ та солай екен. Бұрын­ғылар. Бүгінгі жағдай басқаша. Қасқыр тек қана жылқы жарықтықтың өлексесіне келеді дейді білетіндер. Менің білетінім – жылқы етін қазақ тоңазытып жеп, сорпасын томыртқалатып та іше береді. Осының бәрін оқып алып, ешкіге едірейе қарамаңыз. Аттың жалы түйенің қомында, қысы-жазы киіз үйде өмір өткізген көшпенді бабаларымыз ас қадірін бізден гөрі жақсы білген. «Қараша, Желтоқсанмен сол бір-екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай. Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай», «Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?» деп, ұлы Абай суреттеген мұны. Қараша мен Желтоқсанда киіз үйде ас ішіп көріңіз. Қазақтың асының басы – ет. Бүгінге дейін. Ызғырықта ықтырмада отырып, аузыңа апарғанша қатып қалатын ешкі етін әлді бабаларымыз қорек етпеген. Жеген – кедей-кепшік (Ә.Бөкейханов). Солай десек те, жарты әлемді бір тарының қауызына сыйғызған Шыңғысханның бәйбішесі өзіміздің Қоңыраттың қызы Бөрте (ешкінің төресі) ғой. Яғни, ешкі қазақ түлікке қоспаса да, қой жарықтықпен қосарласып, адаммен бірге жасап келе жатқан мал. Әріге барып, әуреге түсіп қайтеміз. Берідегі безбенге ілініп, бедерленгендеріне бет бұрайық. Қой мен ешкіні ежіктеп отырып зерттеген Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың 1903 жылы Ресейдің Воронеж қаласында жарық көрген «Дала өлкесіндегі қой шаруа­шылығы» – «Овцеводство в степном крае» (Ә.Бөкейханов. Таңдамалы. Избранное. 153-бет. «Қазақ энциклопедиясы». Бас редакция­сы. Алматы) еңбегін оқып, ой қорытсаңыз жетіп жатыр. Біздің мал шаруашылығымен шұқшия шұғылдануға тиісті шенеуніктеріміз Әлекеңнің осындай зерттеу, сараптама монографиясы бар екенін білмеуі де кәдік. Орыс тілінде жазылған. Қиналмай оқи береді. Қазақшаға шорқақтарға жай ғана құлаққағыс қой. Мұның алдында қой туралы жазғанымда пайдаланғам. Ешкіге келгенде Әлекеңе тағы жүгінуге тура келді. 48ceb022c6ad28e6-large Ә.Бөкейханов 1900 жылы Қарқаралы уезінде ешкінің 56 648 терісі сатылған деп жазады. Әлекең өз зерттеуіндегі мәліметті малдәрігерлік бақылаудан өткен ешкілердің терісімен салыстырыпты. Айырма жоқ. Құндылығы – сойылған малдың барлығы малдәрігерлік бақылаудан өтіп отырған. Қазір ше? Білмедік. Облыстық ауылшаруашылық, статистика департаменттері облыста 200 мың ешкі бар деген мәліметтен басқа дерек бере алмады. Еті, сүті, жүні, мүйізі (тоқал ешкі болса да) туралы бейхабар. Ал, Ә.Бөкейханов Торғай облысында жылына 90 мың ешкі сойылатынын, Семей облысында 255 783 ешкі болғанын, 5 ешкі 1 сиырдың, 2 ешкі бір саулықтың пұлына тұратынын, 1 ешкі жылына 8 шелек сүт бере­тінін, салмағы 3 пұт болатынын, терісі жұқа келетіндіктен жарғақ, мес жасалып, текеметке әдіп тігілетінін жазады. Әлекеңнің түпнұсқасы орыс тілінде. Сол күйінде цитат келтірсем, түсінбейтін адам жоқ шығар қазір. «Одежда из «ешкытерсы» отличается большою носкостью, при этом кожи выделываются особенно тщательно закрашиваются в желтый цвет краскою, добываемой из корня «томар боя», растущего по краям покосов на солонцоватых низинах по всему Степному краю». «Козьи рога выделываются в «чахша» рожки, в которых киргизы, большие любители нюхательного табаку, закладываемого за губы, носят его; рога идут на «чонтай» – проховницы, «пшахсабы» – черенки для ножей, «камшысабы» – черенки для нагаек, и, наконец, на гвозди, употребляемые при ковке лошадей распрямленными копытами».  Бабаларымыз атты ешкінің мүйізінен жасалған шегемен тағалайтынын білмейді екем. Бұл дегеніңіз – қазекеңнің ертеректегі қалдықсыз технологиясы.  Қазір қой-ешкінің ішек-қарыны, сирағы далада ит-құсқа жем болып жатыр. Мүйізі түгілі. Бара-бара қой-ешкі тұрмақ жылқының қарыны мен қартасынан жиіркенетін ұрпақ соңымыздан келе ме, қайтеді?! Жарайды, қара аспанды төндіріп, қара суды тасытпай-ақ қояйық. Ешкі жөніндегі әлемдік дерек көздеріне жанарымызды суарып көрейік. Төрткүл дүниеде 1 миллиард шамасында ешкі бар екен. Ең көбі – Қытайда. 180 миллион. Қазақстанның бүкіл жаны мен малын қоссаң да, бұл санға жете алмайсың. Үндістанда – 130, Пәкістанда – 50, Бангладеште – 40, Иран мен Нигерияда – 30, Эфиопия, Судан, Сомалиде 20 миллионнан ешкі бар. Қазақстанда 2 миллионға жуық Сексек ата тұқымы өріске шығады дейді. Ешкі өсіру біздің өңірге таңсық шаруа емес. Кешегі Кеңес Одағы тұсында Қарқаралының «Восток» совхозының директоры Хакім Зәкішев ағамыз 400 ангор ешкісін өсіріп, тек түбіт жүнімен нарық келген бетте жүнжіп кете жаздаған ауылдастарын асырағанын бүгінгілер аңыз етіп айтады. Өз құлағымызбен естідік. Хакім ағамыз түйе де, бие де, сиыр да, ара да, қара түлкі мен құндыз да өсірген ғаламат жаңашыл директор болған. Әттең, сол шалқып тұрған шаруашылыққа ие болатын ешкім шықпады. Қайсыбірін айта бересің? «Текең желдеп бара ма?» деген сөз бар қазақта. Әдетте асығып тұрғандарға айтады. Тектен тек емес. Айталық, шіліңгір шілдеде бір отар қой жайылып жүр. Анығында жайылып жүрген жоқ, екі бүйірін соғып, көлеңке қуып жатқан болу керек. Аптапта қай малдың оты қанады дейсің. «Ақ серке қой бастаған ай мүйізді» деп, Манарбек Ержанов атамыз әнге қосқан ақ серке самал желді төске алып, жөнеп береді осы кезде. Жусаған қой да соңынан еріп жөнеледі. Қойшыға да тыныштық керек, бір уақ мызғып алуға. Шабан торысына амалсыз мініп, ешкіні қарғап-сілеп, ол да отарға ілеседі. Көзбен көрген, бастан өткерген көріністер. Ешкі желдеп, отар алдына түскеннен кейін белгілі. Шыбын-шіркейден құты­лады. Жайылымның оты мол ең мәйегіне мелдектейді. Қой жарықтық содан қалғаны­на тойынса да, қанағат тұтады. Бүгінгі ғылым ешкі екі жүзден төрт жүзге дейін шөп түрін жеп, негізінен гүлдермен қорек­тенеді дейді. Ағашқа секіріп, оның да жапырағын талғажау етеді. Таутекенің тұқымынан жаралғандықтан басқа түліктің аяғы жетпейтін тау-тастың да жұғымды шөбі ешкінің аузында. Салқын самалды төске алып, желдеп жүріп, жұғымды шөп жеп, тұнық су ішкен ешкінің сүтінде ағзаңа зәру, дертіңе дәру дәрумендер, әрине, мол болады. Ә.Бөкейханов атамыз ғұмыр кешкен заманда оны айыратын зертхана болмағаны аян. Қазір бәрі бар. Бүгінгі ғылым ешкі сүті ана сүтімен жетеғабыл, аллергия тудыратын ақуызы жоқ, асқазан, бауыр сырқаттарына, қан аздығына, демікпе, диатез, көз ауруларына мың да бір ем екенін дәлелдейді. Құрамында кальций, фосфордың көп болуы бала сүйегінің тез бекуіне себі мол. Сүтінде В, В2, С және А витаминдері жетіп артылады. Иогурт алғаш ешкі сүтінен жасалыпты. Қазіргісін кім білсін?  Ал, Швейцарияның ірімшігі әлемдік нарықта иығы неге озық тұрады? Ешкі сүтінен әзірленеді. Өсімталдығы өз алдына әңгіме. Қоймен қосамжарласып жүрген соң Шопан ата түлігімен еріксіз салыстырасың. Қара қой ілуде-шалу егізден қоздаса, ешкі шіркін қос-қостан, кейде үшеуден, шетелде төрт-бестен төл береді. Ешкісі есті, текесі текті, күтімдері келісті болса, жылына екі рет лақтап беруі де мүмкін. Қазір жылына бір рет егізден өсім берсе, ешкімнің тақиясына тар келмес. Терісі мен түбіті түлік атаулының ішіндегі үздігі. Бөрте – жүнінің түсі, түгі, сапасы жағынан ең әдемісі. «Ешкі жүні бөртеде» деген қазақ мұны бағзы заманнан білген. Ал, Еуропадағы әйелдердің ең құнды, ең қымбат, ең сапалы, ең жылы, жібектей жұмсақ бес саусақты биялайын «Лайка» деп атайды. Атына қарап, иттікі екен деп ойламаңыз. Ешкі терісінен тігіледі. Қазақ текеметті әдіптеуге қолданған мұны. Еділдің бойы ен тоғай, Сарыарқа сауы­ры сарыжайлау заманы өткен қазір. Көр­пемізге қарай көсілетін кезеңдеміз. Солай дегенімізбен, жеріміз Жиделі-Байсын болмаса да, мал тұяғы баса алатын түгінен ада-күде ажырай қойған жоқ. Қазақстанда 180 млн. гектар табиғи жайылым бар. Осыдан қазақ елей қоймайтын ешкі өріске шыға алатын таулы, қыратты, тастақ 20 млн. гектар аймақ бар дейді дерек көздері. Жартастан жартасқа секіріп, тұяғын тасқа қашап (әйтпесе өсіп кетеді), құздан ұшқанда мүйізімен түсіп, аман-есен шауып жүре беретін таутекенің тұқымы саналатын ешкі өсіруге жайылым жетеді екен. Біздің облыс та құралақан емес. Ұлытау, Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарының жер бедері келіп тұр емес пе? Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Ұлттық ғылым академиясының ака­де­­мигі Көпмағамбет Елемесов: «Жазғы және күзгі жайылымдықта  бағылған  мал­­дар­­дың  еті мен сүті арзан болады. Бұған дә­лел жетерлік. Мәселен, Кеңес өкіметінің кезін­де осы жайылымдықтардың арқасында Қа­зақ­станда өндірілетін 1 кило еттің өзін­дік құны Ресейдегіден 25-30 пайыздай, Бело­руссиядағыдан екі еседей арзан болатын. Ал енді, осы жазғы жайылымдықтарды пайдаланбай отыр­ғандықтан, керісінше жағдай орнап, Ресей мен Беларусьтегі мал еті бізден арзан болып шыға келді», дейді. («Егемен Қазақстан» газеті. 2013 жыл. 7 ақпан). Бұл – ен жайлауды иеленбеудің, барды ысырап жасап жатқанымыздың нақты дәлелі. Елбасы Н.Назарбаев осыдан 4-5 жыл бұрын Ақмола облысының Қосшы ауы­лындағы «Асыл түлік» мал тұқымын асылдандыру орта­лығын аралап жүріп, «Мұндай сүтті ешкіден де алуға болады» дегені осындайда еске түседі. Сол сиыр­лардың әрқайсысы небары 2 мың литр ғана сүт береді екен жылына. Өт­кенді ұмыта беретініміз жаман-ақ. 1986 жылы облысымыздағы бұрынғы Мичурин ау­да­нындағы «Көксу» совхозының Г.Фурдь сауған «Марка» атты сиыры 10167 литр сүт беріп, Мәскеудегі ВДНХ-ның бас жүлдесін жеңіп алған. Ақша шығарып, айырпланмен алыстан әкелген сиыр емес. Рекорд жасаған – осы өзіміздің өңірдегі қырдың қызыл сиырының тұқымы болатын жануар. Мал өнімі туралы сөз болған соң тілге тиек еткеніміз ғой. Қотанымызға оралсақ, ешкіні де сүттілі­гіне, түбіті мен терісіне қарай өсірген жөн. Дерек көзі 1 ешкінің сүтінен айына 30 мың, жарты жылда 180 мың теңге, 10 ешкінің түбітінен 450 мың теңге пайда табасыз дейді. Бұл – 1 литр сүтті 250 теңгеден сатқандағы есеп бойынша. Ақтөбе жағында 1 литрін 800 теңгеден, қыс мезгілінде 2000 теңгеден пұлдайды екен. Бұл есебіңізде ешкінің терісі енбей тұр. Пайдаңыз шаш-етектен деген осы. * * * Алла пендесін жаратқаннан кейін адамға азық болатын түліктерін де жаратқан. Бәрі құбылаға қарата бауыздалады. Бәрі Тәңірінің жазғанына көніп, тұяқ серіппейді. Тек ешкі байғұс қана бақырады. Содан да болар Ибра­һим пайғамбарға көктен ақ серке емес, көк қош­қар түсірген Алла. Қазақтың «еркек тоқ­ты – құрбандық» дейтіні содан. Ешкінің осы бір осалдығы болмаса, адамға пайдасы зор. Қазір «Ешкілі бай – есепті байдың» заманы. Мағауия СЕМБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қарағанды облысы.