11 Маусым, 2014

Еліміздегі алғашқы Шекшеката фермасы

623 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ешки фермасы Мұнайлы өңірдің Махамбет ауданында өткен жылдан бері ешкі фермасы жұмыс жасай бас­тады. «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Розметовтің айтуынша, фермада жылына 180 тонна ешкі сүті өндіріліп, 140 тонна ешкі сүтінің өнімі шығарылады деп жоспарланып отыр. Аталған фермаға  былтыр Голландиядан «Залинская» аталатын асыл тұқымды 150 ешкі әкелінген. Шетелдік ешкілер жергілікті ауа райына тез бейімделіпті. Биылғы көктемде шетелдік ешкілерден алғашқы төл алынды. Мамыр айына дейін 150 ешкі төлдеген.   Алынған төлдің ішінде 50-ге жуық егіз лақ бар. Болашақта фермадағы ешкі санын көбейту көзделіп отыр. Таяуда фермаға Сербиядан 300 ешкіні  әкелу жоспарлануда. Мұндағы мақсат – елде  ем үшін таптырмайтын ешкі сүтін өндіру. Сөйтіп, өңір тұр­ғын­дарына ешкі сүтінен алын­ған қаймақ пен  сүзбе, тіпті, шетелдік жеңсік ас саналатын балқытылған ірімшіктің 4 түрі енді атыраулықтар үшін алыс­тан емес, іргедегі ауылдан табылатын болды. Қазірдің өзінде осы заманғы озық технологияны меңгерген ешкі шаруашылығының мамандары тұтынушыларға 7 түрлі тағам ұсынып отыр. Және ол өнімдерге жергілікті нарықта үлкен сұраныстың барлығы байқалуда. Жалпы құны 600 миллион теңгені құраған бұл жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның 50 пайызын кәсіпкер Владимир Розметов өз есебінен салыпты. Әмбебап кешенде сүт өндіруден бастап оны өңдеу үдерісі толықтай автоматтандырылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы итальяндық ең озық техно­­ло­гияға негізделген кешен­де  40 түрлі өнім шығару жоспарланған. «Мем­лекет тарапынан жасалып жатқан түрлі жеңілдіктер ауыл шаруашылығын өркендетемін дегендерге таптырмайтын мүмкіндік», дейді кәсіп иесі В.Розметов. Кәсібін нәсібім деп ұғынған кәсіпкер дайын өнімді жергілікті сауда орындарына ұсына бас­тады. Атырау қаласындағы «Дина» сауда орталығындағы сауда нүктесінде ешкі сүтіне сұраныстың артып отырғанына куә болдық. Ешкі сүтін тұты­ну­шылардың бірі Кәмшат Ақ­бердиева жеті айлық баласына ешкі сүтін пайдалана бастапты. «Ешкі сүтінің құрамында, әсіресе, жас нәресте үшін дәрумен көп. Сол себептен тұрақты пайдалануды көздеп отырмын» дейді ол.  Келешекте өндіріс көлемін ұлғайтуды жос­парлап отыр. Ешкі сүтіне қызығушылығы оянған және бір тұтынушы Нұржан Аққалиев та «Ешкі сүтінде ана сүтін алмастыратындай дәрумен мол екенін үлкендерден еститін едік. Жалпы, ешкі сүтінің адамның ағзасына оң әсер ететін емдік қасиеті бар», дейді. Оның пікірінше, бұрын сауда орындарынан ресейлік ешкі сүтін алып жүрген. Енді міне, отандық өнім­нің көңілге қонымды баға­мен сатылғаны тұтынушы үшін тиімді болып отыр. Шаруашылыққа Махамбет ауданының тұрғындары жұмыс­қа тартылыпты. Мәселен, Жан­гелді Тоқов ешкі фермасы ашылғаннан бері жұмыс жасайды. Алғашында шетелден әкелінген ешкілердің жергілікті жерге бейімделуін қадағалады. Ешкілердің жемшөбі мен суының мерзімінде берілуін де, жарақат алмауын да  қадағалап жүрді. Мұнда Жан­гелдімен бірге, бұрын кітап­ханашылықтан табыс тап­қан зайыбы Гүлбаршын да жұмысқа орналасыпты. Сонан соң ұлы Еркебұлан мұнайшы мамандығын меңгергеніне қара­мастан ата-анасына қолға­быс жасау үшін ешкі фермасына жұмысқа келіпті. Жангелді Тоқовтың отбасы бұрын алыстағы Қызылқоға ауданында тұрған екен. Қазір оның  отбасына шаруашылық басшылары Сарайшық ауылынан үй алып беріпті. «Маман­­дығымның өзгергеніне өкін­беймін. Ең бастысы, отаға­сым мен ұлым қасымда. Бәрі­міз­дің де жұмысымыз бар», дейді Гүлбаршын.  Анасының айтқанын ұлы Еркебұлан да қостайды. – Қай кезде де жұмыссыз жүру адамның көңіл-күйіне, мінезіне теріс әсер етеді. Ертеңгі күнге деген сенімсіздік пайда болады, –дейді бір кездері жұмыссыз жүрген Жангелді Тоқов. – Ал қазір тұрақты жұмысымыз бар.  Озық үлгідегі технологиямен жабдықталған ферманың келешегіне сеніміміз мол. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылдарды қол­дауының арқасында қол жет­кізіп отырмыз. Біздің көңілге қонымды жалақымыз бар, бас­панамен де қамтамасыз етті. Қарапайым еңбек адамы үшін бұдан артық не керек? Владимир Розметов же­тек­­шілік ететін «Аты­рауАг­роӨнім­дері» шаруа қожалығын көпсалалы деуге болады. Мұнда көкөніс­тер де, алма мен шие де өсіріледі. Тоғандарда балық та өсіріледі. Табын-табын сиыр мен отар-отар қой өрісті толтырды. Осындай сан алуан шаруаны іске асыруға өңірдің 300-ден астам тұрғынын жұмысқа тартқан Владимир Розметов «Болашақта тауарлы-сүт кешенін, құс фабрикасы мен тауарлы-бекіре фермасын іске қосуды ойластырып жүрмін», дейді. Айтпақшы, шаруасына мығым кәсіпкер жақында ешкі сүті мен алуан түрлі өнімдерін Мәскеудің сауда орындарына шығару үшін келісім жасады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы, Махамбет ауданы.