11 Маусым, 2014

«Білімді мыңды жығар...»

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордада жақында мектеп оқушыларының 45-ші халықаралық физика пәні олимпиадасы өтеді деп күтілуде. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған сайысқа 89 мемлекеттен 410 оқушы қатысатыны мәлім болуда.  Бір айта кетерлігі, 45 жылдық тарихы бар білім сайысына олимпиадаға бұрын-соңды қатысып көрмеген 9 елдің жастары бақтарын сынауға өтініш білдірген. Бұрынғы олимпиадалардан қазақстандық жобаның тағы бір өзгешелігі, қатысушылар қатарының биыл едәуір арта түсіп отырғаны. Сайысқа ұлттық физикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, биылғы мектеп бітірушілер арасынан физикадан шашасына шаң жұқтырмаған кіл жүйріктер және жоғары сынып оқушылары іріктеліп алынды. Қатысушы елдердің команда құрамының саны квотамен анықталады. Аталмыш шара еліміздегі басты білім ордасы болып табылатын Назарбаев Университеті базасында өтеді деп жоспарлануда. Білім бәйгесінде Қазақстанның намысын 5 оқушы қорғамақ. Олар – халықаралық Жәутіков олимпиадасының алтын медаль иегері Әмір Бірәлин мен республикалық пән олим­пиа­дасының алтын медаль иегері Иса Данат. Сондай-ақ, физика пәнінен халықаралық олим­пиаданың қола медаль иегері Нұрбек Дінмұхаммед, «Туймаада» халықаралық олимпиадасының қола медаль иегері Тұрсынбек Нұрислам және жасөспірімдер арасындағы халық­аралық жаратылыстану ғылымдары олимпиадасының күміс медаль иегері  Дәулет Құрмантаев қатысады. «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Шолпан Қирабаеваның сөзіне сүйенсек, олимпиада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің қаулысына сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өткізілгелі отыр. Орталықтың басшысы бұл туралы егжей-тегжейлі әңгімелей келіп: «Өрелі жастарға Қазақстанды жоғары деңгейде таныту, дәріптеу – үлкен сынақ. Жетекші ұстаздарымен бірге келетін балаларға  Қазақстанның әсем де көрікті жерлерін аралатып көрсетуге біз қашанда әзірміз»,–деді. «Олимпиада 2 кезеңнен тұрады. Қатысушыға бірінші теориялық, ал екінші сынақта эксперименттік тапсырмалар беріледі.  Шығарылған есептер – 20, тәжірибелік жұмыстар 30 ұпаймен бағаланады. Сұрақтардың дені түгелдей дерлік жаңадан ойлап табылып отырғанын айта кеткен жөн. Есеп жұмыстарының мәтіндері өте ауқымды болғандықтан, мұны 5  сағаттың бедерінде орындап шығу кез келгеннің қолынан келе бермейді», – дейді олимпиаданы ұйымдастырушылардың бірі  Ернұр Рысмағамбетов. Оның айтуынша, қазылар алқасының құрамында 70 адам бар. Алты адам шетелдік, ал қалғандары бұрын олимпиадаға қатысқан өрендер мен шетелде білім алып жатқан қазақстандық жастар. Сайысқа әр елдегі орта білім беру стандарттарының өзгешелігіне байланысты тек 20 жасқа дейінгі оқушылар таңдалып отыр. Мысалы, АҚШ-та 12 жылдық білім беру жүйесіне сәйкес мектеп бітіруші түлектер 19-20 жас аралығында болып келсе, ал бізде бұл 17 жаспен шектеледі. Қазақстан 2008 жылғы олим­пиаданың көрсеткіші бойынша 28-ші орынды иеленсе, соңғы үш жылда 15,12,10 орындық ме­же­ге қол жеткізіп жүр. Жыл сайын сайыста қазақстандық 5-8 балғынның олимпиадаға қатысып, бақ сынауына толық мүмкіндік туғызылады. 800-ден аса жазба жұмыстары бар-жоғы 2-3 күннің ішінде тексеріліп, сайыс қорытындысы шығарылады. Білім бәйгесінің нәтижесі бойынша жеңімпаздарға  медальдар мен арнайы сертифи­каттар табыс етіледі. Мақпал ТӨРЕБЕК, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің III курс студенті. ТҮРКІСТАН.