11 Маусым, 2014

Соқпақбаевтың сыныптасы

245 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
555«Мектепте жақсы оқығандықтан 1940 жылы Алматы қаласында оқушылар арасында өткен олимпиадаға түйдей құрдасым әрі сыныптасым Бердібек Соқ­пақбаевпен бірге барып Нарынқол ауданының намысын қорғағаным жадымда жазылып қалыпты», деп әңгімесін бастаған анамыз Әртай Баяқынқызы ойына әлдене түсті ме терең бір күрсініп қойды. Сосын жадырай отырып сол жолы жыр алыбы Жам­былмен, күй анасы Дина Нұр­пейі­со­вамен және басқа да өнер адамдарымен кездескенін мақтанышпен есіне алды. 1941 жылы жетіжылдық мектепті тәмамдап әрі қарай білімін ұштауды мақсат етіп алдына қойған арманын екінші дүниежүзілік соғыс басқа арнаға бұрып жібереді. Теңдестері он сегізге толар толмастан майданға аттанып, соғыстың алғашқы айларында-ақ оққа ұшады. Ауылда шал-кемпір, бала-шаға ғана қалған уақытта белін бекем буған Әртай Баяқынқызы соқа сүйреп, жер жыртып, таңның атысы, күннің батысымен санаспай еңбек етеді. Астықты орақпен орып баулау­да өлшеп берілген норманы кіші бесінде орып бітіріп тастайтын қайратты адам болғанын сіңір­лі саусақтары көр­­сетіп тұр. Бү­гін­де жасы 90-нан асқаны сол тынымсыз еңбектің арқасы болар. Ол жылдардағы аналардың, шал-кемпір, бала-шағаның еңбектерін айта берсе шегі жоқ қой. «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де Отан үшін» деп жеңіс күнін жақындатқан еліміздің мыңдаған тыл ардагерлері ішінде біздің анамыздың да болғанын әрқашан мақтан етеміз. 1944 жылы Сталинград шайқасында бір қолынан айырылып, екінші топтағы мүгедек болып елге оралған Әкімбай Құдабайұлымен анамыз Әртай Баяқын­қызы шаңырақ құрады. Отағасы қол жұмысына жарамағандықтан анамыз екеуі қосылған уақыттан бастап Нарынқол ауданының сол кездегі іргелі шаруашылықтарының бірі Ворошилов атындағы колхоздың жылқысын бағып кетеді. Соғыс әлі аяқталмаған уақытта екеуі ақ қар, көк мұзда заңғар таулардың ішінде аттың алқымынан асатын қасат қар мен суыққа сыр бермей, ел экономикасын көтеруге үлесін қосады. Осылайша ерлі-зайыптылар 1952 жылға дейін тауда жүріп тұңғыш ұлдары мектепке баруына байланысты Әртай Баяқынқызы ауылға келеді де, жұбайы жылқыны жайдақ қоспен әрі қарай салт бағып кетеді. Ауылға келгеннен кейін де Әртай ана колхоздың қара жұмысын ерінбей атқарып, жалаң аяқ егін суарып, арық қазып, астық сапырып, өгіз арбамен аудан орталығына астық тартады. Кейіннен «триер», «молотилка» атты астық тазалайтын, универсал тракторға жалғап жүргізетін жабдықтарды меңгеріп, тапсырылған жұмысты атқарады. Зейнеткерлікке шығар алдында біраз жылдар ауылдағы амбулаториялық-фельдшерлік пунктте санитарка болып жұмыс істеді. Медициналық пунктте ағаш отынды өзі жарып от жағады. Әртай Баяқынқызы 8 баланы аман-есен өсірген ана. Перзенттері әртүр­лі маман­дық иелері. Баласының үшеуі педагог болса, өзгелері ауыл шаруа­шы­лығы, заң, экономика, медицина, құры­лыс салаларының жоғары білімді маман­дары болып еңбек етеді, біреуі ғылым кандидаты. 2008 жылы жол апатынан қайтыс болған асыл бауырымыз Ғалымжанның мезгілсіз өмірден өтуі ана­мызға өте қиын соқты. Бірақ, амал не­шік, ажалға араша бола алмайды екенсің. Әртай Баяқынқызы өсірген ұл-қыздарынан отыздан аса немере, жиырма бес шөбере сүйіп, мәуелі бәйтеректей ел-жұртының қазыналы қариясы болып отыр. Адам қартайғанда бір бала демекші, балаларына «Менің сыныптасым Бердібек Соқпақбаевтың кітабы шықты ма, қашан шығады, тезірек қолыма тигізсеңдерші», деп назданып қоятыны бар. Таяуда тасқа басылып шығады екен дегенімізге бірде иланып, бірде кейіп қалады. Көңілі көтеріліп, жайланып отырған кезінде немерелеріне өзі жылдар бойы сақтап жүрген сыныптасының «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» кітаптарын дауыстатып оқытып тыңдайды. Сірә, кейіпкерлер әрекетін, жер-су атауларын естігенде сол бір балалық шағы ойына түсер. Кімнен естігенін білмеймін, бірде Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың қолдауымен қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың қос томдығы жарыққа шығатынын құлағы шалыпты. Жасы 90-нан асқан ананың ендігі арманы сыныптасы Соқпақбаевтың су жаңа кітаптарын өз қолымен ұстау болып отыр. Соқпақбаевтың сыныптасы Әртай ананың арманы орындалып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұны елі мен жұр­тына адал еңбек етіп, төңірегінің сыйына бөленген қарияның «Жүзігің алтын болғанша, жүзің жарқын болсын» деген өмірлік ұстанымынан аңғару қиын емес. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Нұрлан Әкімбайұлы, зейнеткер-ұстаз. Алматы облысы, Райымбек ауданы.