11 Маусым, 2014

Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білу міндеттеледі

221 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбді­қа­лықова бастаған Үкімет мүшелері Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Онда Үкімет отырысында қаралған мәселелер сөз болды. Үкiмет отырысында Тiлдердi дамыту мен қолдану жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мем­лекеттiк бағдарламаның орындалу ба­рысы мен бірқатар әлеуметтік мәсе­лелер талқыланды, деді Пре­мьер-Министрдің орынбасары. «Қа­зiргi уақытта сарапшылар айтып отырғандай, Қазақстан халқының 62-63 пайызы қазақ, 92 пайызы орыс, ал 16,6 пайызы ағылшын тiлiн меңгерген. Елбасының жүргізіп отырған саясаты – елiмiзде үш тұ­ғырлы тiлдi дамыту. Осыған байланысты, бүгiн Үкiмет отырысында бағ­дарламаның орындалу барысы тал­қыланды», дедi Г.Әбдiқалықова. Брифингке қатысқан Мәдениет министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы бағдарлама аясында жасалған жұмыстардың нақты көрсеткiштерi туралы әңгімеледі. «Есептi кезеңде мемлекеттiк тiлдi дамыту мен қолдануға бағытталған бiрқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, ҚАЗТЕСТ жүйесiн жетiлдiру бойынша мемлекеттiк тiлдi оқытуға арналған 5 деңгейден тұратын оқу-әдiстемелiк кешені әзiрлендi. Олар елiмiздiң барлық тiлдердi оқыту орталықтарына таратылды. Ендiгi кезекте мемлекеттiк қызметшiлерге қазақ тiлiн меңгерудi мiндеттеген дұрыс. Мұны 2015 жылдан бастап орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына сатылы түрде ҚАЗТЕСТ жүйесiн енгiзу арқылы шешемiз», деп нығыздады министр. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова шетелге қарағанда Қазақстанда емделу 2 есе арзан екенін айтты. «Салада жоғары технологияларды енгізудің арқасында азаматтарымызды шетелге емделуге аз жібере бастадық. Айталық, бүйрек алмастыру шетелде 4,5 млн. теңге тұрса, Қазақстанда мұндай операцияны өзіміздің клиникаларда жасап, оған 2,1 млн. теңге төлейміз. Яғни, ешқайда барудың қажеті жоқ. Бір адамды шетелге жіберіп емдеткеннен гөрі, сол қаржыға Қазақстанда бірнеше адамды емдеуге болады», деді министр. Мұнымен қатар, ведомство жұмысына жаңа әдістер енгізіліп, нәтижесінде ағымдағы жылы бюджет қаражаты айтарлықтай үнемделіпті. Бұрындары салада көп қаржы стационарларға, қымбат емдеу шараларына жұмсалады екен. Бүгіндері стационарлардың ақша пайдалану деңгейін төмендете алған министрлік күндізгі стационарлар қызметін кеңейтудің арқасында 76 млрд. теңге үнемдепті. Брифингте Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрайымы Р.Кәріпжанова Жастар саясатын жүзеге асырудың барысы туралы, Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев Өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасы жөнінде, Сыртқы істер министрінің орынба­сары А.Волков Оңтүстік Корея пре­зи­дентінің мемлекеттік сапарына дайындықтың барысы туралы, Ин­дустрия және жаңа технология­лар вице-министрі А.Рау энергия үнем­деуді дамыту және энергия тиім­ділігін арттыру мен шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгері­лету мәселелері тақырыбында, Қар­жы вице-министрі А.Теңгебаев қыл­мыстық жолмен алынған табыс­ты тазартуға және терроризмді қаржы­ландыруға қарсы тұрудың халық­аралық стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз ету жөнінде қабылданған және қосымша шаралар туралы әңгімелеп, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».