05 Маусым, 2014

АСТАНА – ЕЛДІҢ БАЙТАҒЫ

409 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
пп34 Гүлзарлармен өріліп, жасыл желек жамылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өт­кен жылы елорданың 15 жылдық мерейлі мерекесіне орай жарияланған «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақаласында «Астананың өзінде жаңа саябақтар мен гүлзарлар құрылды, ал көгалды алаңдар көлемі миллиондаған шаршы метрге жетіп отыр. Бүтіндей алғанда, елорда айналасындағы қолдан отырғызылған ағаштар аумағы 65 мың гектарға жетті, мұның 14 мың гектарға жуығы қаланың өз ішінде бой көтерді. 2020 жылға дейін, тұтастай алғанда, қалаішілік және қала маңындағы далалы аумақтардың 100 мың гектары көгалдандырылатын болады», деп атап көрсетті. Иә, Есіл өзенінің қос қапталындағы Қараөткел атты сортаңдау жерге орна­ласқан елордамыз – Астана қаласы Сары­арқаның бел ортасындағы осындай жасыл желек жамылған гүлзар қала­ға айналатындығына біреу сенсе, енді біреудің күдіктенгендігі де хақ. Дегенмен, бұлтартпас ақиқат айға­ғы бүгінде әлемнің өркениетті қала­ларының бел ортасынан қылаң берген Астананың жасыл қалаға айналғандығын паш етеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолдан жасалған орман алқабы күннен-күнге қанатын кең жайып, салқын самал ескен саябаққа айналуда. Мәселен, тек өткен 2013 жылы ғана қаламызда 32 мыңнан астам ағаш және көшеттер отырғызылды. Ал ағымдағы жылы қала бойынша 16 мың түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Жыл сайын өткізілетін қалалық сенбілік елорданы абаттандыру және көгалдандыру мақсатында ауқымды шаралар жүзеге асырылатын науқанға айналған. Бұл дәстүр биылғы жылы да сәтті жалғасын тапты. Сәуір айында өткен биылғы жалпықалалық сен­білікте Алматы ауданының тұрғындары  –  2779, Есіл ауданының тұрғындары  – 1413, ал Сарыарқа ауданында 450 түп ағаш отырғызды. Сенбілік барысында бас қаламыздағы 59 904 ағаш түбі әктеліп, айналасы тазартылды. Соңғы кезеңде Астананың гүлзарларын қызылды-жасылды гүлмен көмкеру шаралары кең өріс алды. Осы игі дәстүрді жалғастыра отырып, биылғы жылы қала бойынша 8 миллион түп әртүрлі гүлдер отырғызылмақ. Қазіргі күні «Астана Зеленстрой» акционерлік қоғамының еңбеккерлері осы бір кешенді жобаны жүзеге асыру жолында жұмыла еңбек етуде. Жоба бойынша Астана қаласындағы жалпы аумағы 145 мың шаршы метрді құрайтын гүлзарларға 7,9 миллион түп гүл өскіндері отырғызыла бастады. Қалыптасқан тәртіп бойынша бұл гүл алқаптарын тыңғылықты баптау нәтижесінде жаз айларында қаулай өскен алқызыл гүл шоқтары қала жұртшылығының және қонақтардың көзайымына айналады. Сонымен қатар, қалада биыл өсімдіктен жасалынған 750 жасанды мүсін бой көтереді. Сонымен бірге, ағаштан өрнектеліп, гүлмен көмкеріліп жасалған әртүрлі бейнелер қала жұртшылығын қуантары сөзсіз. Қазір елордада саябақтарды, гүлзарларды, көгал алаңдарын, су- бұрқақтарды қалпына келтіру және әрлендіру жұмыстары қолға алынды. Бас қаладағы үш ауданның әкімдіктері қаладағы осындай нысандарға көктем айларында арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, оларды жөндеу және жетілдіру жөніндегі кешенді жұмыстарды қолға алды. Алматы ауданында «Жерұйық», «Студенттік» саябақтарында, «Отан қорғаушылар» алаңында, Абылай хан даңғылындағы желекте, Ататүрік ескерткішінің жанында, «Жастар» сарайының алдындағы гүлбақта жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 1 834 шаршы метр жерге гранит плиталар мен кеспе тастар төселді, 802 контейнер мен күл-қоқыс салғыш ыдыстар жөнделді, 2 212 метр кабель тартылды. Оның ішінде 1 330 метрі көшені жарықтандыру және 882 метрі саябақтарды жарықтандыруға арналған. Сонымен бірге, бүгінде «Қазақ елі», «Отан қорғаушылар» монументтерін, Чернобыль апатына қатысушылар мен «Ауғанстанда қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған» ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Есіл ауданында 5 мердігер ұйым көшелерді абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Қала бойынша субұрқақтардың 142 шаршы метр гранит плиталары алмас­тырылды, 3 662 шаршы метр кеспе тас жабындысы және ұзына бойы 170 метр жолдың шеті ауыстырылды. Бүгінгі таңда контейнерлер мен контейнер алаңдарын жөндеу және бояу жұмыстарының 85 пайызы, «Ғашықтар» саябағында және «Арай» саябағында, цирк жанындағы гүлзарда, Ислам мәдениет орталығының жанында, «Думан» ойын-сауық орталығының маңайында, «Атамекен» – Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешен­ін­де, дипломатиялық қалашықта, «Се­верная корона» тұрғын үй кешені және басқа аумақтардың жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының 40 пайызы орындалды. Сарыарқа ауданында күн сайын халық демалатын қоғамдық әлеуметтік маңызы бар жерлерді қалпына кел­тіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айт­қанда, Есіл өзенінің жағасында, қалалық алаңда және Конгресс-Холл сарайының алдында, Абай ескерт­кішінің жанында, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының, М.Горький атындағы орыс драма театрының, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының аумағында осындай кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Бекітілген жоспар шеңберінде 574 шаршы метр мәрмәр және керамикалық плита мен 314 шаршы метр плита жабыны ауыстырылды. Сонымен бірге, 208 шаршы метр жердің түсіп кеткен бардюрі ауыстырылды, 54 метр аумақ қайта монтаждалды. Түйіндей айтсақ, Астана қаласы бойынша көшелерді гүлзарлар мен саябақтарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары негізінен маусым айының басында аяқталады. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен соңғы төрт жыл ішінде Астана қаласында аулаларды абаттандыру жұмысы белсенді жалғастырылып келеді. Осы кезең ішінде елордада 729 аула күрделі жөндеуден өткізіліп, абаттандырылды. Тек өткен жылы ғана қаламыздағы 408 аула абаттандырылып, балалардың ойнау алаңдары құрылып, қала тұрғындарының шек­сіз ризалығына бөленді. Астана қала­сының осындай күрделі жөндеуден өткен аулаларындағы балалар ойнайтын түрлі-түсті қондырғыларды, құм төселген алаңдарды, асфальтталған жаяу жүргіншілер жолдарын көргенде көңі­лің толып, бас қаламызды көгал­дан­дыру және көркейту мақсатында шын мәнінде ауқымды шаралар атқарылып жатқанына тәнті боласың. Биылғы жылы да осы бір игі дәстүр лайықты жалғасын табады. Қала әкімдігінде белгіленген жоспар бойынша биыл елордадағы 111 аула абаттандырылмақ. Бұл жұмыс қазір қызу жүргізілуде. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».

 Көлік инфрақұрылымының көкжиегі

Инфрақұрылым қала тіршілігінің қан тамыры сияқты. Озық технологияға негізделген инфрақұрылымы бар мегаполис­те өмір деңгейі барынша сапалы әрі қолайлы болмақ. Астананың инфрақұрылымын дамыту мақсаты барысында экологиялық таза көліктерге арналған тұрақтар мен велосипед қатынасына қолайлы жол жасау мәселесі жиі көтеріледі. Иә, бүгінгі заман ағымына сай қаламызда велосипед тізгінін ұстағандар саны күн санап артып келеді. Сондықтан оларға мейлінше жағдай жасау қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты  Сарыарқа көпірінен Тельман елді мекеніне дейінгі аралықта арнайы велосипед жолын салу мәселесі қолға алынды. Осы жоба негізінде адамдардың экологиялық таза көлікпен жүріп-тұруы және серуендеуіне арналған кесте жасалынды. Онда жағажай аймағын дамыту, веложолды денешынықтыру-сауықтыру мақсатында барынша тиімді пайдалану жоспарланған. Веложол құрылысын салу жобасы барысында көлікке арналған тұрақ, велосипедтерді жалға беру орталығы, халыққа қызмет көрсететін шағын және орта бизнес субъектілерінің қызмет орындары және басқа да шаралар қарастырылған. Веложолдың ұзындығы 22 шақырымды құрайды. Велосипед жүргізушілердің бұл қатынас жолдарына жаңа технологияларға сай жабынды төселінеді. Сонымен бірге, веложолды 8 бөлікке бөлу көзделініп отыр. Әрбір  бөлік негізінде белгілі бір елді мекенді қамту ойластырылған. Мәселен, веложолдың бір бөлігі Ильинка елді мекенінде салынады. Ал елорданың ішіндегі веложол жағажай маңайы арқылы салынатын болады. Жалпы, велосипед жүргізушілерге арналған арнайы жол салудағы басты мақсат – бүкіл әлемде бүгінгі таңда белең алған адамдардың назарын экологиялық таза көлікке аудару болып отыр. Бұл мақсатта елордада басқа да кешенді шаралар жүзеге асырылмақ. Осы ретте жедел жүретін қоғамдық көлік жолын салу қолға алынады. Жолаушылар қоғамдық көлікке арналған жайлы  да қауіпсіз жолмен көздеген жерлеріне жедел қатынап отырады. Сонымен бірге, су көлігі, экотакси, экоавтобус жобалары іс жүзіне асырылуда. Осы орайда биылғы жылы мамыр айында Есіл өзенінде кеме жүзу маусымы ашылғанын айта кеткен жөн. Қазіргі кезде Есіл өзеніндегі кемемен жүзу жолының қашықтығы 9 шақырымды құрайды.  Су жолымен серуендеушілерге 8 кеме қызмет көрсетеді. Олардың қатарында 32, 45, 60 және 69 жолаушыға арналған 5 жайлы жолаушылар кемесі бар. Елорданың су жолында «Кенесары» және «Рэдиссон» атты екі айлақ жұмыс істейді. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында қаламызда екінші коммуналдық автобус паркінің құрылысын салу жоспарланып отыр. Алғашқы коммуналдық автобус паркінің құрылысы үшін Индустриялық парк аумағында 8,5 гектар жер телімі бөлінді. Құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың қазан айында басталады. Ал екінші коммуналдық автобус паркінің құрылысын салу биылғы жылдың екінші жартыжылдығында басталады. Қаладағы көлік инфрақұрылымын жақсарту мәселесінде құрылыс жұмыстары қолға алынған жаңа теміржол вокзалының да қосар үлесі қомақты болмақ. Сонымен бірге, қалааралық көлік қатына­сының қолайлылығы мен сапасын арттыру мақсатында елордада жаңа екі автовокзал салынады. Қазіргі таңда бұл ірі құрылыс жо­ба­ларының техникалық-экономикалық негіз­демелері жасалу үстінде. Қаладағы көлік инфра­құрылымын жақсарту мақсатында алдағы уақытта игілікті де кешенді жобалар іс жүзіне асырылады. Виталий СИЛЕЦКИЙ, Астана сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

Жүлделі экипаж жүйткіп жүр

Әрбір адамның бұл өмірде өзінің орнын таба білуі де оңай нәрсе емес. Көз майын тауысып, бірнеше жыл жоғары оқу орнында оқып, алған маман­дығын да игілігіне жарата алмай сергелдеңмен жүргендер қан­шама. Бұл  ретте Қанат Күл­таевтің жолы болды. «Сабақ­ты ине сәтімен» демекші, ақи­қатында ол мамандық таңдап бас қатыра қойған да жоқ. Са­на­лы ғұмырында игерген жал­ғыз кәсібі – жүргізуші маман­ды­ғының қыры мен сырын тереңдей зерделеп, оны адал да са­палы игеруге барлық күш-жігерін арнады. IMG_9647Қазір екінің бірі жүргізуші, маши­на­ның құлағында ойнайды. Бұл ай­налаға қарап, асығыс айтылған тұ­жырым. Куәлік алып, машина тізгініне отырғанның бәрі бірдей кәнігі жүргізуші емес. Тепкілей берген соң темір де төзіп, ерінбегеннің бәрі жүргізуші болып жүр. Оған еліміздің жолдары мен қалалар көшелеріндегі күннен-күнге көбейіп бара жатқан жол-көлік апаттары куә. Өмірдің осы шындығын санасы­на берік сіңірген Қанат машина тіз­гінін қолына алған алғашқы күннен біліктілік пен жауапкершілікті бірінші орынға қойды. Ол кәсіби шеберлігін жетілдіріп, техниканың тілін терең тү­сінуді бір сәт те естен шығарып көр­ген емес. Қанаттың бойындағы осындай қабілетті Астана қаласы №1 автобус паркінің басшылары да жете байқады. Бұл ұжымда жұмыс істей бастаған жылдар ішінде ол өз мамандығының шын майталманы екендігін нақты көрсете білді. Жолаушылар қауіп­сіздігі сеніп тапсырылатын автобус жүргізушісіне қаншалықты жауап­кершілік жүктелетінін Қанат бар бол­мысымен сезініп, соған лайық шебер­лігін шыңдай берді. №1 автобус пар­кінің басшылығы тәжірибелі жүргі­зушіге үнемі зор сенім білдіріп, жаңа техниканы, жауапты бағыттарды тапсырып отырады. Бүгінде Қанат Күлтаев Астана әуежайына қатынайтын №10 бағытта жолаушыларға қызмет көрсетіп жүр. Автобус паркі соңғы кезеңде сатып алған сыйымдылығы үлкен жаңа автобусты тәжірибелі жүргізушіге тапсырған болатын. Ол сенім биігінен көрініп, жолаушыларға қалтқысыз қызмет көрсетуді өзінің басты парызы санайды. «Әуежай елорданың қақпасы сияқты. Қаламызға төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келетін жолаушылар осы қақпа арқылы өтеді. Олардың біздің еліміз туралы алғашқы түсінігі, бас қаламыз туралы көзқарасы әуежайдан қалаға баратын осы №10 бағытта қалыптасады. Сондықтан олардың үмітін үкілеп, алғашқы пікірінің жоғары болуы үшін біз жолаушыларға деген қалтқысыз қызметтің шынайы үлгісін көрсетуіміз керек», дейді Қанат. Елордамызда соңғы жылдары Қала күні мерекесі қарсаңында өз ісінің майталман шеберлерін анықтау мақсатында қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен «Астана таңдауы» атты конкурс өткізу дәстүрге айналған. Еңбек ұжымдары ұсынған үміткерлер барлық астаналықтардың ашық дауыс беруі нәтижесінде конкурс жеңімпазы ретінде танылады. Өткен жылы осындай мәрелі бәсекеде Қанат Күлтаевтің мерейі үстем болып, «Астана таңдауы-2013» байқауының жеңімпазы болып танылды. Биыл «Астана таңдауы-2014» жары­сын ұйымдастырушылар конкурс қарсаңында қоғамдық көлік жүргі­зу­шілерінің арасында «Үлгілі қызмет экипажы» атты бәсеке өткізді. Бұл бәсекеде де Қанат Күлтаевтің «асығы алшысынан» түсті. Қазір оның «Үлгілі қызмет экипажы» құрметіне ие болған үр жаңа автобусы №10 әуежай – Астана бағытымен жүйткіп жүр. Жарас СӘДУАҚАСОВ.

«Ақберен» байқауында топ жарды

Елордалық оқушылар командасы «Ақберен» атты республикалық байқауда үздік атанса, команда мүшелері бір­неше аталым бойынша жүлделі орындарға ие болды. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының білім басқармасы хабарлады. Жарыс қорытындысы бойынша шешендік өнер аталымында Камила Еманғалиева, көркемсөз оқу шеберлігінде Жақып Мадияр, Анкей Елдос өлең оқуда, ал Алболсын Таңнұр «Көрермендер көзайымы» аталымында топ жарды. Еліміздің мектеп оқушылары арасында дарындарды ашуға арналған «Ақберен» байқауы елордадағы «Тілеп» қобыз сарайында өтті. Байқауға еліміздің 13 облысынан және Астана мен Алматы қалаларынан 5-10-сыныптың 96 оқушысы қатысты. Олар алты аталым бойынша бақ сынасты. Атап айтқанда, шешендік өнер, көркемсөз оқу, шығарма, ұлттық аспапта ойнау, ақындар айтысы, ақындар мүшәйрасы. Байқаудың мақсаты – гума­ни­тар­лық-эстетикалық бағытта дарынды балаларды анықтау, балалардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу. Байқауды «Қазақстан» теле­арнасының қолдауымен білім басқармасының «Дарын» респуб­ликалық ғылыми-практикалық орта­лығы ұйымдастырды. «Егемен-ақпарат».

Бетті әзірлеген Жылқыбай Жағыпарұлы,

«Егемен Қазақстан».