05 Маусым, 2014

Тұрмыстық қалдықтар қалай залалсыздандырылады?

423 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Басқосудың бұл жолғы қонағы Қоршаған орта жә­не су ресурстары министрі Нұр­лан Қаппаров болды.  «Ел Үкіметінің қаулысымен еліміздің су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс шаралар жоспары бекітілді. Бұл құжат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді. Жоспардың іс-шаралары Мемлекеттік бағдарламада көзделіп, су үнемдеуге, су ресурстарын қосымша ұлғайту және су объектілерін басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бес мақсатты индикаторлар бойынша топтастырылды», деді Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қаппаров. Жоспардағы іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2700 шақырымнан астам магистральды және бөліп тарату каналдары қайта жаңғыртудан және күрделі жөндеуден өткізіліп, 29 жаңа су қоймасы салынбақ. Үнемі суарылатын 400 мың және шабындық тәсілмен суарылатын 100 мың гектар алқаптардағы гидромелиорациялық жүйелер жаңартылып, қайта жаңғыртылады. Жуырда Үкімет Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бағдарламасын қолдады. Мұндағы мақсат тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласында көрсетілген қызметтер кешенінің тиімділігін жоғарылату, экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қолайлы ету болса, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үлесін ұлғайту мен олардың қауіпсіз көмілуін қамтамасыз ету де осы қатарда. Сондай-ақ, осының бәрі «жасыл» қағидаттар талаптарына сәйкес жүйелі түрде жүргізілмек. Сонымен бірге, бағдарламаның негізгі бөлімдерінің бірі өндірушінің кеңейтілген жауапкершілігі нормаларын енгізу болып табылады. Тауар және қаптама өндірісінің немесе импорттаушының оларды пайдаланғаннан кейін түзілетін қалдықтарды жинау және қайта өңдеуді жүзеге асыру міндеттемесін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Аталған мін­деттерді қолдау шараларын енгізбей іске асыру мүмкін емес. Бағдарлама міндеттерін ойдағыдай орындау мен жеке секторды жұмылдыру үшін бірқатар қолдау шаралары көзделген. Мемлекеттік және жеке тараптардың қызметтерін үйлестіру мен тығыз қарым-қатынасын орнату мақсатында министрліктің қазіргі еншілес компания­сы «Жасыл Даму» АҚ негізінде ТҚҚ басқару бойынша бірыңғай орталығы құрылмақ. Қазіргі таңда елімізде әкімдік, инвестор және қоқыс шығаратын компания арасындағы келісімшарттар өзара қатынастарды реттемеуі нәтижесінде қоқыс өңдейтін зауыттар тоқтап қалуда. Атқарылған жұмыстарға келер болсақ, еліміздің 9 қаласында ТҚҚ басқару бойынша инвестициялар тарту жұмыстары басталған. Ақтау және Қарағанды қалаларында жобаларды іске асыру жұмыстары басталып та кеткен. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».