05 Маусым, 2014

Ақпараттар ағыны

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
* «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» өңірлерге арзан бағамен 156 мың тонна астық жөнелтті. Акционерлік қоғам мемлекеттік сатылу ресурстарынан нан мен ұн бағаларын тұрақтандыру үшін астықтың тоннасын 28 300 теңгеден бөлді. Сонымен қатар, облыстарға коммерциялық бағамен 17 мың тонна астық жіберілді. * Қазақстанда 20 млн. долларға «жасыл» мектептер мен ауруханалар салынады. Бұл жұмыстар Қазақстан мен Орталық Азиядағы Бүкiләлемдiк банктің энергия тиiмдiлiгі жобасы бойынша жүзеге асырылады. Жоба 2017 жылға қарай аяқталады деп көзделіп отыр. * Қарағанды облысында биыл 3,9 млрд. теңгеге 16 жобаны жүзеге асыру көзделді.  Олар 2012-2020 жылдары Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыруға бағытталған. * Өскеменде Қазақстан мен Ресей тарихшылары өңірдің өткені мен келешегі жайын талқылады. «Тоталитарлық билік және XX ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы халық» деген тақырыппен өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда тарих сабақтарынан қорытынды шығару туралы айтылды. Жиынды жүргізген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев басқосудың алға қойған мақсатын толық орындағанын мәлім етті. * Үстіміздегі жылы 22 467 қызылордалық оқушы жазғы тынығу лагерьлеріне жолдама алды. Бұл жайында сөз еткен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұдан бөлек, 10 сыныпты бітірген 2 145 оқушының жазғы еңбек  бригадаларына 10 күндік жұмысқа, 7 500 оқушының көпқабатты тұрғын үйлер ауласындағы 177 спорт алаңы мен мектептер секцияларына баратынын  айтты. *Астананың «Барыс» хоккей клубы өзінің фирмалық ауызсуын шығарды.  Клуб баспасөз қызметі хабарлағандай, ауызсу жақын күндері еліміздегі барлық сауда орындарында сатылады. Бір айтатын жайт, бұл «Барыстың» бірінші жеке өнімі емес. Клуб биылғы наурыздан «Шайба» және «Біздің жеңіс» атты балмұздақтар шығара бастады. «ҚазАқпарат», BNews.kz, «Қазақстан жаңалықтары», Аltaynews.kz, Egemen.kz агенттіктері мен «Знамя труда» газетінің сайттары деректері бойынша дайындалды.