05 Маусым, 2014

ҰБТ: екінші күн

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ұлттық бірыңғай тестілеудің келесі күнінде алғашқы күннің жетістігін қайталаған, яғни 125 балл жинаған тағы бір түлектің аты-жөні мәлім болды. Ол – Алматы қа­ласындағы № 159 лицейдің оқу­шы­сы Әсия Жандосқызы Марат. ERA_7349Адамның болашағына ашыл­ған алғашқы жол сияқты өмір сы­нағынан кімнің сүрініп, қапы қалғысы келеді дейсің? Мәреге әркім­нің де бәрінен бұрын жетуге талпынуы заңды нәрсе. Маман­дығың – өмір бойғы серігің. Дәл қазір сы­нақ пен сұраққа тағды­рың­ның өзі көп тәуелді бо­лып тұр. Лүпілдеген жүректер, арманға қол соз­ған өрендер болашақ үшін жанұшырып, жан­­дарын сала жарысқа түскен. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, маусымның 3-і күн­гі сы­наққа түскен 17351 түлектің дүбірлі до­да­­сы еліміздегі басты білім сынағы жоғары дең­­гейде ұйымдастырылып отырғанын көр­се­тіп берді. Алдын ала сынақ талаптарына ла­йықталып әзірленген 60 тест тапсыру пунк­тін­дегі маңдайдан тер тамшылап, арқаны намыс қамшылаған білім сыны ҰБТ мәдениетіне біздің де жастарымыздың ой-өресі төселіп келе жатқанын байқатты. Биылғы көрсеткіш бойынша 2 012 түлектің (11,6%) 100-ден астам балл жинауы осы айтылғандарды растай түсетін айғақ. Өйткені, бұл сан өткен жылғымен салыстырғанда білімге бетбұрыстың біршама жақсара бастағанын аңғартады. Мысал үшін айтатын болсақ, былтыр мұндай нәтижеге 1 837 (8,4%) талапкер қол жеткізген болатын. Екінші күнгі ҰБТ балы­ның орта есеппен алғанда 75,7-ні құрауы жыл­дан-жылға сынаққа дайындық деңгейінің өсіп келе жатқанын аңғартатын тағы бір дәлел. Рес­ми деректерге сүйенсек, былтырғы орташа көрсеткіш 73,9 балға тірелген еді. Білім сапасын айқындайтын келесі бір өлшемнің жөн-жо­сығы қашанда бөлек әңгімеге арқау болып жататыны рас. Ол – көшке ілесе алмай, шаң қауып артта қалып қоятындар жайы. Мұн­дайлар да былтырғыға қарағанда біршама кеміген, мәселен, 2013 жылы ондайлар 6 895 (31,7%) адамды құраса, ең төменгі 50 балдық межеден биыл 3 883 (22,4%) өрен өте алмай қалған. ҰБТ талабы мен ережелеріне нұқсан тигі­зетін түрлі тәртіп бұзу­шы­лықтар туралы жыл са­йын айтылып та, жазылып та жүр. Мұн­дай өрес­келдіктер биыл да бой көрсетіп қалды. Үш талап­кер тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шы­ға­рылып жіберілді. Тест тапсырушыларды тек­серіс барысында олардан 2 307 ұялы телефон, 2 641 шпаргалка, 83 калькулятор, 13 фотоап­парат, 4 рация, 2 блютуз, 1 қол сканері, тіпті, 1 кеңсе пышағы табылған. Бұл ҰБТ тұсында жыл да алдан шы­ғып жататын таныс әуен. Мектеп бітіру­шілердің залға өзімен бірге алып кіруі­не тыйым салынған заттар күні бұрын ес­кер­тілгеннің өзінде ондай келеңсіз көріністер жыл са­йын қайталанады. Неге? Ендеше, жауын-жауы­н­ның арасынан айласын асырып, өтіп кете­тін пысықайлар жоқ емес деген пайым шын­дыққа жанасатын сияқты.  Абай не деді? «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген жоқ па? Біз де әр тү­лектің сынаққа өзінің күшіне өзі сеніп түсуін, білімді өзінің таза еңбегімен алуын тілейміз.  Білім жолы жазылмаған ақ парақ қой. Сол таза па­раққа түсетін алғашқы әріптер жалғандықпен емес, түзу қалыпта, шын кейіпте кескінделсе дейміз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».