05 Маусым, 2014

125 балл жинаған тағы бір түлек есімі анықталды

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматы қаласының оқушы­лары Ұлттық бірыңғай тест тапсыруда көрсеткіштері жағынан әлі де көш бастап тұр. Бүкіл республика бойынша бұрнағы күні бірінші болып ең жоғары балл жинаған Алматы қаласындағы физика-математика пәндерін тереңдете оқытатын №178 лицей түлегі Айғаным Әбдіжапардан кейін, кеше ғана Алматыдағы №159 Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның түлегі Әсия Жан­досқызы Марат 125 балл жинап, мектебінің де, ата-анасының да, ұс­таздарының да мерейін тасытты. DSCN1190_crАқиқатын айтқанда, Әсия Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің базасында бірінші күні өткен ҰБТ нәтижесінде 124 балл алғаны белгілі болып, жауабы дұрыс емес деп есептелінген жалғыз сұрақты аппеляцияға берген. Кеше комиссия түлектің абсолюттік білім нәтижесін көрсеткенін дәйектеп беріп, республика бойынша екінші жоғары балл жинаған оның есімі нақтыланды. Алматыдағы №159 гимназия басқа да жетістіктерімен мақтанып жүрген білім ордасы. Республикалық байқауларда, ғылыми жобалардың жарыстарында, түрлі мәдени шараларда алдыңғы қатардан табылып жүрген қаладағы маңдайалды білім мекемелерінің бірі. Бұл білім ұясынан биыл 52 түлек ҰБТ-ға қатысып, олардың ҰБТ қорытындысы бойынша орта балы 109,7 болды. – Егер мектептен 13 оқушы «Алтын белгіден» үміткер болса, соның 13-і де «Алтын белгісін» ақтады. Бір ғана мұғаліміміз Гүл­наз Тұңғышбаеваның сыныбынан 10 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл – өте үлкен табыс. Қол жеткен жетістік бір күннің еңбегі емес. Ол – ұстаз, шәкірт, ата-ана ынтымақтастығының нәтижесі, – дейді №159 Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова. Мұғалімдер Әсия Жандос­қызы Мараттың алдын ала тапсырылған тесттердің бәрінде ең төмені 123 балл, бес рет қата­рынан 125 балл жинағанын және оның бірінші сыныптан бастап тек қана бес деген бағаға оқып келе жатқанын, өте тиянақты да ұқыпты екендігін айтады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретте: Әсия Марат  гим­­назия директоры, Қазақ­станның еңбек ері Аягүл Миразовамен бірге.