05 Маусым, 2014

Түркітілдес, түгел бол!

251 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
04-06-01Газетімізде бұдан бұрын хабарланғанындай, Түркияның Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер басшыларының төртінші саммиті өтпек. Саммитке қатысуға келген Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше, яғни саммит қарсаңында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ын­ты­мақтастықтың басымдыққа ие бағыттарын, сондай-ақ халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, Нұрсұлтан На­зарбаев пен Ильхам Әлиев сау­да-экономика, мұнай-газ және көлік-логистика салаларындағы қарым-қатынасты күшейту перспективаларына тоқталды. Бұл ретте тараптар эконо­ми­­­калық әлеуетті жүзеге асыру мақ­сатында өзара сауда көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті. Бұдан бөлек, екі ел басшылары халықаралық және өңірлік ұйымдардың, Түркітіл­дес мемлекеттер Парламенттік Ассам­блеясының аясындағы өзара іс-қимыл барысын қарастырды. Кездесу барысында Мемлекет басшылары алдағы төртінші саммиттің күн тәртібіндегі негіз­гі мәселелерді талқылады, сон­дай-ақ халықаралық және өңір­лік құрылымдар аясындағы көп­жақты ынтымақтастықтың бас­ты бағыттары жөнінде пікір ал­масты. Жалпы, Қазақстан-Әзер­бай­жан қатынастарының тарихынан әңгіме қозғайтын болсақ, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 27 тамызында орнағандығын еске аламыз. Көпжақты форматта тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЭЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ТМД, ТҮРКСОЙ, ТМЫК және тағы бас­қа) белсенді түрде өзара әрекет­те­суде. Жалпы, Қазақстан мен Әзер­байжан арасында жоғары дең­гей­дегі кездесулер мен келіссөздер үнемі өткізіліп тұрады. Соның ішінде, әсіресе, Елбасының 2005 жылғы мамырда Бакуге жасаған ресми сапарының маңызы зор болғандығын атап көрсете кетсек артық болмас. Осы сапар қорытындысында қол қойылған Стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар туралы шарт ынтымақтастықтың мұнан кейінгі даму аясын айқындап берген болатын. Содан кейін 2009 жыл­ғы 2-3 қазанда Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.На­зарбаевтың Әзербайжан Рес­пуб­ликасына ресми сапары болып өтті. 2009 жылғы 3 қазан­да Қазақстан Президенті Н.На­зар­баев Нахчыван қаласында (Әзер­байжан Республикасы) Түркітілдес мемлекеттер басшы­ларының саммитіне қатысты. 2010 жылғы 18-19 қарашада Пре­зидент Н.Назарбаев Баку қала­сында өткен Каспий жағалауы мем­лекеттері үшінші саммитінің жұ­мысына қатысты. 04-06-02 04-06-03 2011 жылғы 19-21 қазанда Әзер­­байжан Президенті И.Әлиев­тің Қазақстанға ресми жауап сапары өтті. Сапар шеңберін­де Әзербайжан басшысы Түр­кітілдес мемлекеттер ынтымақ­тас­тық кеңесінің бірінші саммитінің жұмысына қатысты. 2013 жылғы 16 тамызда Қа­­зақстан Президенті Н.На­зар­баев Габала қаласында (Әзер­байжан Республикасы) өткен Түр­кітілдес мемлекеттер ынты­мақ­тастық кеңе­сінің үшінші сам­митінің жұмы­сына қатысты. Сауда-экономикалық қа­ты­настар жайына келетін болсақ, 2012 жылы өзара сауда көлемі 390 млн. 662,1 мың АҚШ долларын құраса, 2013 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сырт­қы сауда айналымының көле­мі 325,7 млн. долларды құрап (экспорт – 275,2 млн. доллар, им­порт – 50,5 млн. доллар), 2012 жыл­дың осы кезеңіндегі көрсет­кішпен салыстырғанда 3,9 пайызға өсе түсті. Қазақстаннан Әзербайжанға экспортқа шығарылып жатқан негізгі заттар – минералды ре­сурс­тар (мұнай және газ), хи­мия­лық шикізат, бидай, арпа, темекі өнімдері, көміртекті болат прокаты, электр жабдықтары. Әзербайжаннан Қазақстанға би­тумдық материалдардан алын­ған мұнай өнімдері, этилен по­лимерлері, машиналар және ме­ха­низмдердің қосалқы бөлшектері, құрама құрылыс конструкциялары импортталуда. Экономика саласындағы екі­жақты қатынастардың дамуына Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзер­бай­жан үкіметаралық комиссия­сының жұмыс істеуі қолайлы мүм­кіндіктер туғызуда. Қазақстанның Мұнай және газ министрі Ұ.Ка­раба­лин мен Әзербайжанның Энер­ге­тика министрі Н.Әлиев осы комис­сияның тең төрағалары болып табылады. Үкіметаралық комиссияның оныншы кезекті отырысы 2013 жылғы 10-11 желтоқсанда Ба­ку қаласында өткен болатын. Оты­рыс барысында энергетика, тасымалдау мен көлік жүйе­лері, ауыл шаруашылығы, білім мен туризм салаларындағы қа­рым-қатынастарды және инвес­тициялық байланыстарды кеңейту бағытындағы екіжақты ынты­мақтастық туралы мәселелер талқыланды. Қазіргі таңда мұнай-газ саласында ірі жобалар – Транскаспий бағыты бойынша қазақ мұнайын әлемдік рыноктарға тасымалдау мүмкіндіктерін жақсартуды көздейді. Ал ауыл шаруашылығы саласында қазақ бидайын қабыл­дау және одан әрі жөнелтуге ар­налған «Баку астық терминалы» Қазақстан-Әзербайжан бірлескен кәсіпорны базасындағы жобалар іске асырылуда. Азаматтық авиация сала­сын­дағы ын­тымақтастық тұрақты даму үстінде. Баку қаласында Бакуді Астана, Алматы, Ақтау және Аты­­раумен байланыстыратын тұ­рақты әуе рейстерін жасай­тын қа­зақ­стандық «Эйр Астана» және «Скат» әуе компания­ларының өкілдіктері жұмыс істеп тұр. Сон­дай-ақ, Баку-Ақтау-Баку бағыты бойынша паром байланысы орнатылған. Ақтау мен Баку ха­лықаралық порттары арасын­дағы қарым-қатынас жолға қойылған. Мәдени-гуманитарлық ын­ты­мақтастық саласында Ба­ку қаласында Қазақстан мен Әзер­бай­жанның мемлекет қайраткерлері мен белгілі өнер қайраткерлерінен тұратын «Әзербайжан-Қазақстан» достық қоғамы 1994 жылдан бері белсенді қызмет етуде. Бұл қоғам биылғы жылы өзінің 20 жылдығын атап өтпек. Сондай-ақ, Ақтау қаласында жыл сайын өткізілетін «Каспий – достық теңізі» халықаралық фес­тиваліне Әзербайжанның мәде­ниет және өнер қайраткерлері, спорт­тық делегациялары тұрақты қатысып келеді. Баку қаласында Г.Алиев қоры­ның қолдауымен жыл сайын өт­кі­зілетін балалар үйі мен интернат тәрбие­ленушілерінің «Дан улдузу» көр­кемөнер шығармашылығы ха­лық­аралық фестиваліне Қазақ­­станнан (Алматы, Ақтау, Тараз, Орал қалаларындағы) балалар үй­лері­нің тәрбиеленушілері белсенді қатысады. 2010 жылы 11 мамырда Ас­тана қаласындағы Л.Н.Гу­ми­лев атын­дағы Еуразия ұлт­тық уни­вер­си­тетінде Баку мем­ле­кеттік уни­верситетінің (БМУ) 90 жыл­ды­ғын мерекелеудің шеңберінде Әзербайжанның бұ­рын­ғы пре­зи­денті Г.Алиевке кабинет ашылды. 2011 жылы 13 мамырда Баку мем­­лекеттік университетінде Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының ресми ашы­лу рәсімі болды. 2011 жылғы 1 желтоқсанда Баку қаласының 7-шағын ауда­нын­да Абай Құнанбаев атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. 2012 жылдың 29 наурызы мен 3 сәуірі аралығында Баку қаласында Қазақстан киносының күндері өтсе, 2012 жылдың 6-9 маусым ара­лығында Астана мен Алматы қалаларында Әзербайжанның Қа­зақстандағы мәдениет күндері болып өтті. Ал 2012 жылдың 18-21 қарашасы аралығында Ба­ку қа­­ла­сында Қазақстанның Әзер­бай­­жан­дағы мәдениет күндері ұйым­дастырылды.   Міне, осылайша ынты­мақ­тас­тық арнасы сан түрлі мәселелер бойынша өрбіп келе жатқан Кас­пийдің екі жағалауындағы туыс­тас елдер басшыларының бұл жолғы кездесуінде осы қарым-қатынастарды одан әрі өрістетудің мүмкіндіктері жайында әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, осы күні Бодрум қаласында Түркітілдес елдер Сыртқы істер министрлері кеңе­сінің төртінші отырысы болып өтті. Оған Қазақстан Рес­пуб­ликасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Е. Ыдырысов өз сө­зін­де ұйым аясындағы ынты­мақ­тастықтың жыл өткен сайын даму үстінде екендігін атап көрсетті. Дегенмен ұйым әлеуетін ашуда әлі де пайдаланылмай отырған мүмкіндіктер аз емес. Осы басқосу өтіп жатқан кезде журналистерге мәлім болған тағы бір жағдай Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бұл жолғы басқосуына Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бер­ді­мұхамедов те келген екен. Бұл жайында Сыртқы істер министр­лерінің басқосуын ашқан Түр­кияның Сыртқы істер министрі де ауызға алып, бүгін өтетін саммитке Түрікменстан басшысының қонақ есебінде қатысатындығын жеткізді. Бұл жайында интернетте де қысқаша хабарлар бар екен. Содан мәлім болғанындай, Түрікменстан тарабы өздерінде қоры мол болып отырған көгілдір отынды Еуропаға шығарып саудалауға ерекше мән беріп, осы мақсатқа қол жеткізуде түбі бір туысқан Түркітілдес елдер ұйымының географиялық орналасу мүм­кіндіктерін пайдалануды көздеп отырғанға ұқсайды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Бодрум (Түркия).  Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.