05 Маусым, 2014

Отандық өнімнің 70 пайызын көршілер тұтынады

380 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
интеграцияЖуырда Қазақстан, Ресей жә­не Беларусь Президенттері Еура­­зиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Бұл экономикалық ықпалдастық еліміз­дегі ірі кәсіпорындардың жаңа тынысын ашады деп ойлаймын. Оның қатарында «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ та болуы тиіс. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Кеңес Одағы тұсында электр желілеріндегі шығындарды қалпына келтіруге арналған алғашқы конденсаторлар 1932 жылы пайда болды. 1950-жылдардың басында энергетика саласының қарышты дамуына байланысты конденсаторды тұтыну айтарлықтай өсті. Алайда, көптеген қалалардың өндірісі қажетті конденсатор мөлшерімен қамтамасыз етуге қауқарсыз болатын. Осыған орай қуатты конденсаторлар сериясын шығаруға арналған мамандандырылған зауыт құрылысын салу жөнінде үкіметтік шешім қабылданғаны белгілі. Aksenev-1Алғашында Том қаласына салын­бақ болған конденсатор зауы­тының құрылысы кейін Өскеменге ауысады. Себебі, 1952-1953 жылдары Том шаһарында мұндай ірі жобаны жүзеге асырарлық әлеует жоқ болатын. Ал Өскеменде бұл кезде су электр стансасының құрылысы аяқталған еді. Осылайша, Ертістің оң жағалауынан 6 жыл бойы салынған құрылыс 1959 жылы алғашқы өнімін берді. Тұңғыш рет конденсатор өнімінің 62 дана тәжірибелік-сынақтық легі шығарылды. Ал сол жылдың шілде айында тұңғыш өнім ретінде 1 мың дана конденсатор сериясы дайындалды. Сол уақыттан бері Кенді Алтай өңіріндегі тұңғыш әрі бірегей электротехникалық өнеркәсіп конденсатордың түрлі өнімдерін өндіріп келеді. 1992 жылы мемлекеттік кәсіп­орын ашық акционерлік қоғам болса, 2004 жылдан бастап акционерлік қоғам ретінде жұмыс істеуде. Кәсіпорынның ең үлкен нарығы Ресей Федерациясы болып табылады. Бұл ретте зауыт көрші ел­дің бірқатар аккредитациялық куә­ліктері мен сертификаттарына ие. «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ сапалы басқару жүйесі 2004 жылы Нидерландының КЕМА сертификатына ие болып, халықаралық талаптарға сай келетіні анықталды. Конденсатор өндірісінің технологиясын жетіл­діру мақсатында 2004 жылдан бастап кәсіпорындағы электрлі термикалық конденсатор өндірісі дамытылды. Өндірістік үдерістерді автоматтандыру мақсатында жапо­ния­лық «АМАДА» жоғары техноло­гиялы кешені сатып алынды. 2005 жылы қуаты 3000 кВар-ға дейін жететін жаңа электрлі термикалық қуатты конденсатор сериясы дайындалды. Одан бері де түрлі қуатқа ие өнімдер әзірлеп келе жатқан Өскемен конденсатор зауытының жоғары технологиясы мен сапасы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2013 жылы Мәскеуде өткен Ре­сейдің электр желілері жөніндегі көр­­меге қатысып, Өскеменде За­по­рожье зауытындағы әріптес­тері­­міз­­бен бірге техникалық се­ми­­­нар өт­­­кізген болатынбыз. Биыл нау­рыз айын­да Қазан қала­сындағы «Энер­гия. Ресурсты үнем­деу» атты 15 х­а­­­лықаралық мамандандырылған көр­­меге, сәуір айында Германияның Ган­новер қаласында өткен Hannover Messe әлемдік ірі өндірістік көрмесі­не қатыстық. Халықаралық көрме­лер мен жәрмеңкелерге қатысу ин­те­­г­­рациялық байланыстарға жол ашады. Еуразиялық экономикалық интеграцияның пайдасы жоғары болады деп үміттенеміз. Біз өз өнімімізді Ресейге үнемі тасымалдап келеміз. Себебі, Кеңес Одағы кезінде конденсатор және конденсатор құрылғыларын өндірумен айналысатын жалғыз кәсіпорын болдық. Сондықтан алыс және жақын шетелдерге өз өнімдерімізді тасымалдадық. Біздің өніміміз 25 алыс шетелге жіберілетін. Кеңес Одағы ыдыраған соң зауыт өнімдерін ТМД елдері аумағына шығару жолға қойылды. Өндіріс өнімінің жалпы көлемі өткен жылы 1 миллиард 820 миллион теңгені құрады. Бүгінгі таңда зауытта 390 адам жұмыспен қамтылып отыр. Олардың орташа еңбекақысы ағымдағы жыл­­дың сәуір айында 85 991 теңге­ге тең болды. Өнімді Ресей, Ук­раи­на, Белоруссия, Өзбекстан және Қыр­ғызстан елдеріне тасымалдаймыз. Биыл конденсатор өнімдеріне сұраныс өткен жылмен салыстыр­ғанда, төмендеді. Оған әлемдік на­рық­тағы түрлі жағдайлар әсер етті. Сондықтан, Ресей біз үшін үлкен нарық болып отыр. Осыған дейін де өніміміздің 70 пайыздайы Ресейге тасымалданатын. Одан кейінгі орындарда Беларусь, Украина тұр. Ал еліміз зауыт өнімінің 30 пайызға жуығын ғана тұтынады. Бұл отандық кәсіпорын үшін экономикалық интеграцияның пайдалы екенін көрсетеді. Владимир АКСЕНЕВ, «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ бас директоры. Шығыс Қазақстан облысы.