05 Маусым, 2014

Көкжиек кеңейеді

236 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
интеграцияЫҚПАЛДАСТЫҚ – ЫНТЫМАҚ ЫРЫСЫ Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің ынтымақ­тастығы негізінде құрылған Кеден одағы енді міне, Еура­зиялық экономикалық одақ арқылы өзінің айдынын кеңейте түсетін болды. Мұның ел экономикасын жаңа серпінмен өркендетуге тигізер пайдасы да, ықпалы да мол екендігі даусыз. Кеден одағына дейінгі және осы одаққа кіргеннен кейінгі Атырау облысының сыртқы сауда-тауар айналымын салыстырсақ, тауарлар импорттың 8,7 пайызға, ал экспорттың 71,3 пайызға өскені байқалады. Мәселен, 2009 жылы ел бюджетіне жалпы сомасы 29 млрд. 504 млн. 655 мың теңгені құраған кедендік төлемдер мен салықтар түскен болса, ал 2013 жылы бұл көрсеткіш 275 млрд. 887 млн. 695 мың теңгеге жетті. Алдағы жылдары да ел бюджетінің қомақты қар­жымен толығарына биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында ғана 48 млрд. 221 млн. 727 мың теңгенің кедендік төлемдері мен салықтарының түскені дәлелдеп отыр. К.Тасмаганбетов-1 Демек, біздің еліміз Кеден одағына кіруден еш ұтылған жоқ деуге толық негіз бар. Тағы да салыстырмалы дерекке сүйенер болсақ, биылғы қаңтар-ақпан айларында мемлекет бюджетіне түскен кедендік төлемдер мен салықтар 2009 жылдың көр­сеткішінен 60 пайызға арты­ғымен орындалып отыр. Міне, осының өзінен еліміздің Кеден одағына кіруі отандық эконо­микамыздың өркен жаюына септігі тиер түсімдерді ора­сан мөлшерде молайтып отыр. Осы ретте Атырау облы­сы­ның сыртқы сауда-тауар айна­лы­мының өсуіне алдымен отан­дық тауар өндірушілердің бел­сен­ділігінің ықпал еткенін айрықша атаған жөн. Одаққа мүше елдердің ара­сын­дағы жеңілдіктерге тоқта­латын болсақ, бұрын Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан тауарлар мен көлік құралдарын әкету және әкелу үшін кедендік жүк декларация­сын толтыру қажет болатын. Ол үшін кедендік ресімдеуде кедендік жүк декларациясының негізгі парағына 50 еуро, қосым­ша парақтарына 20 еуродан кедендік төлем төленетін. Және Ресей мен Беларусь тауар­ларының экспорты мен импортына жыл сайын орташа есеппен 9-10 мың кедендік жүк декларациясы ресімделіп келген болса, ал қазір мұндай декларация толтыру қажет емес. Бұл бизнестің уақыты мен қаржылық ресурстарын үнемдеуге тікелей септігін тигізеді. Кеден одағына кірмейтін үшінші елдерден тасымалданатын тауарларға мейлінше жоғары тарифтер бекітілді. Мысалы, бұрын барлық тауарларға кеден­дік баждар мөлшерінің орташа деңгейі 6,2 пайызды құраса, қазір бұл 10,6 пайыз болды. Яғни, тауарлар импорты азайып, оның орнын отандық тауар өндірушілер толтырды. Осы орайда экспорт көлемі ұлғайды ма деген заңды сауал туындауы әбден мүмкін. Атырау облысы бойынша жалпы сыртқы сауда-тауар айналымы 2013 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығындағы кеден статистикасының мәлі­метіне сәйкес, 28 млрд. 899 млн. АҚШ долларын құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 108,8 пайызға жетті. Сыртқы сауда-тауар айналымының жалпы көлемінің 94,6 пайызын экспорттық және 5,4 пайызын импорттық тауарлардың ста­тистикалық құны құрап отыр. Есепті мерзімде экспортқа шы­ғарылған тауарлардың статис­ти­калық құны 2012 жылмен са­лыстырғанда 9,7 пайызға көбейді. Экспорттың негізгі үлесін минералды отын, мұнай және олардан айырылып алынатын өнімдер құрайды. Олардың статистикалық құны 26 млрд. 938 млн. АҚШ долларын немесе барлық экспорт көлемінің 98,5 пайызын құрайды. Өткен жылы 29 млн. 377 мың 285 тонна шикі мұнай экспортқа шығарылды. Шикі мұнай экспорты негізінен Италияға (жалпы шикі мұнай салмағының 30,2%), Нидерландыға (16%), Францияға (17%), Канадаға (9,2%), Испанияға (5,6%), Түркияға (3,2%), ТМД аумағындағы Украинаға (0,6%) және өзге де елдерге жіберілген. Ал биылғы қаңтар-ақпан айларында жалпы сыртқы сауда тауар айналымы 5 млрд. 701 млн. АҚШ долларына жетіп, 2013 жылғы салыстырмалы кезеңге қарағанда, 140 пайызды құрады. Ал, сыртқы сауда-тауар айналымының жалпы көлемінің 96,4 пайызын экс­­порттық және 3,6 пайызын импорттық тауарлардың ста­тистикалық құны құрап отыр. Осы кезеңде экспортқа шығарылған тауарлардың ста­тистикалық құны 5 млрд. 498 млн. АҚШ долларын құрап, 2013 жылғы көрсеткіштен 41,8 пайызға өсті. Кеден одағы құрылғаннан кейін оған мүше үш мемлекеттің кәсіпкерлері бір-бірінің елінде өз кәсібін ашу құқығына толықтай ие болды. Олардың арасында өзара бәсекелестік артып, ел экономикасының өркен жаюына кәдімгідей ықпал етуде. Демек, үш елдің тұтынушылары өзіне қажетті тауарлардың ең сапалысын таңдауына мүмкіндік алды. Негізі, бәсекелестік күшейгенде ғана өнімнің сапасы артады, керісінше, оның бағасы арзандай түседі. Ресейлік кәсіпкерлердің біздің нарықта жұмыс істеуге қызығушылығы туып отырғаны рас. Бұған, әсіресе, салықтық жеңілдіктер оң әсер етіп отыр. Мәселен, біздің елімізде қосым­ша құн салығы 12% болса, Ресейде салықтың бұл мөлшері 16 пайызды құрайды. Кеден одағы аясында кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру үшін жаңғыртулар мен оңтайландыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі ретінде Қазақстан Республикасы, Беларусь Рес­пуб­ликасы және Ресей Федера­циясының шешіміне (2009 жылғы 27 қарашадағы №18) сәйкес бекітілген бірыңғай кедендік тарифі және бірыңғай сыртқы экономикалық қызметінің тауарлар номенклатурасын қолдануға көшірілгенін айта аламыз. Соны­­мен қатар, кедендік транзит рәсімі Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары арасында бірыңғай мәліметтер қоры жасақталып, ақпарат алмасу қолға алынды. Бұл кедендік транзит рәсімі Кеден одағы ау­мағына кірер жерден басталып, тауарлардың межелі кеден органына жеткізілуін ортақ ба­қылауға алады. Яғни, үш мем­лекет арқылы 1 транзиттік дек­ларациямен жүктер тасымалдана береді. Электронды ақпарат алмасу, мәліметтердің толыққанды, уақытында тиісті орындарға жеткізілуі кеден органдары жұ­мысының тиімділігін арттырды. Осындай халықаралық шарттардың қолданылуы кеден­шілер жұмысын айтарлық­тай жетілдіруге оң ықпал етті. Қорыта айтқанда, Кеден одағының негізгі қағидалары мен өзара қарым-қатынастарының тиімді бағытта іске асуы ел экономикасының өрлеуіне себепші болып, интег­ра­циялық байланыс айдынын одан әрі  кеңейте түсері анық. Құрманғали ТАСМАҒАНБЕТОВ, Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің басшысы. АТЫРАУ.