05 Маусым, 2014

Үміт одағы

355 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оқиғаға орайлас ой

Есетов К Е мор портҚалпен ЕСЕТОВ, «Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты» ҰК» АҚ нормалау және еңбекақы бөлімінің басшысы. Еуразиялық  экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюды үлкен тарихи оқиға деп есептеймін. Елбасы 20 жыл бойына айтып келген идея өзін жан-жақты танытып, мойындатқандықтан кейін қабылданды деп ойлаймын. Алып ғаламдық өз­герістер, түрлі дағдарыстар киліккен заман өтінде көрші елдер өзара тату болып, бір-бірімізге көмек­­тесе тірлік еткеніміз дұрыс. Қазақстанда жылы­на 80 млн. тонна мұнай өндіріледі, соның 13-15 млн.-ы ғана ішкі қажет­тіліктерге жұмсалады, ал 20-30 млн. тоннаға тарта бидайдың 10 млн. тоннасы қазақстандықтардың тұтынуына жетіп жатыр. Өзімізден артылған немесе өзіміз өндірген дүниелерді сату үшін лайықты серіктес керек-ақ қой. Енді Ресеймен кедендік салық алынып тасталады. Бұл нарықтық қатынастың еркін жүруіне жол ашады. Осыдан 5-6 жыл бұрын «Кемелер қозғалысын басқару жүйесі» бөлімін аштық. Бұл өзіміз жақсы білетін МАИ қызметі секілді, кемелердің жүрісін, қозғалысын реттеп, қада­ға­лаумен айналысады. Осы бөлімде жұмыс жасайтын штурмандарды Ресейден алдырдық. Қазір олар вахталық әдіспен жұмыс жасауда. Олар­дың дипломдарымен бізде жұмыс жасау, квота мәселесі қиындық ту­­дырған еді, енді бұл мәселе де өз шешімін табады. Сондықтан, одақ де­­ген­ге үрейленіп емес, жақсылықтарға жеткізеді деген үмітпен қарау керек. АҚТАУ.

Оқшаулану кім-кімге де тиімсіз

Айгуль КемелбаеваАйгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы. Президент Н.Ә.На­зар­баев Еуразиялық одақ тек экономикалық болуы керек деп баса айтты. Еліміздің өркен­деуі мен көкжиегі, мүмкіндіктері кеңінен дамуын ойласақ, бізге үлкен нарық керек екені ақиқат. Сол жағы кеңейеді деседі. Экономист-са­рап­шы емеспін, бірақ оның пайдалы жақтары көп болатынын түйсігім сезеді. Иә, бүгінде әлем тұтас жаң­ғыруда. Осы орай­да, бұл одақ тек интеграциялық негіз­дегі эко­но­микалық бірлестік болып қалады деп үміттенемін. Демо­кратиялық бағытта дамыса, пайдасы шашетектен екені тағы анық. Әуелі Жаратушы бір құдайдың құдіретімен ұлттық рух пен қор­ғаушы ұлы күштерді шақыратын иманның күшеюі қазақ халқын қандай қауіптен болсын аман сақтап, алып шығуға тиіс. АСТАНА.

Интеграциядан ұтарымыз көп

Мұхамет АязбаевМұхамет АЯЗБАЕВ, «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС директорының орынбасары. Астана қаласында Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қойылуын жүрекжарды қуанышпен қарсы алғандардың бірі екенімді жасырмаймын. Қазақта «араласпаса ағайын да жат болады» деген тамаша қанатты сөз бар. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде бірлесе іс-қимыл жасау арқылы ғана қиындықтарды жеңе­ті­німізді түсінетін мезгіл жетті. Сол себепті 170 миллион адамды біріктіретін әлеуеті зор тұтыну нарығына айқара жол ашылып, алып интеграция шеңберінде экономикалық, сауда-саттық байланысының жаңаша түзілім алатынына сенімдімін. Солтүстік Қазақстан облысы көрші мемлекеттің Омбы, Түмен, Қорған өңірлерімен шектеседі. Одақ кезінен бері сауда-саттық байланысымызды былай қойғанда, ағайындарымыз, құда-жекжаттарымыз тұратындықтан, «ауылымыз аралас, қойымыз қоралас». Қазір олардың жүріп-тұру, келіп-кету мәселелері әлдеқайда жеңілденіп, өздерін бір елде өмір сүретіндей еркін сезінеді. Мұны бір артықшылық десек, екіншіден, үйлестірілген эко­номикалық саясаттың арқасында тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына мүмкіндіктер тудырылды. Үш мем­лекеттің президенттері де территориялық тұтастыққа ешқандай нұқсан кел­мейтінін, саяси міндеттер қойылмайтынын, одақтың басты мақсаты бірың­ғай рынок түзуді, экономикалық стратегиялық әлеуетті арттыруды, ин­теграциялық қарым-қатынастар көкжиегін кеңейтуді діттейтінін мәлімдеді. Біздің кәсіпорын қазірдің өзінде еуразиялық экономикалық интегра­цияның басымдықтарын айқын сезініп отыр. Шыны керек, ел ішінде дайын өнімдерімізді өткізе алмай тығырыққа тірелген кездеріміз кездескен. Сөйтсек, көрші елден болат құбырларға деген сұраныс біз ойлағаннан да мол болып шықты. Құбырларға іштен шіруге қарсы қорғаныс қабаты орнатылып, сыртына жылу өткізбейтін пенополиуретан оралып, сапа жайына ерекше мән берілді. Нәтижесінде Қазақстанмен қатар Ресей Федерациясының да сапалық талғамына сай келетін өнімдер брендіне ие болдық. Кәсіпорынның қадамдары Челябі металл өңдеушілерінің де ерекше қызығушылығын тудырып, 3 мың тонна жіксіз болат құбырларын сатып алды. “Ачимгаз” АҚ 12 шақырым құбырмен жабдықтау шартын жасасты. Солтүстік Қазақстан облысы.

Келешектің кемел келісімі

DSC00613Әсел БИМЫРЗАЕВА, Ататүрік атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылған  күнді тарихи күн деп айтуға болады. Бұл аталған шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь сынды үш елдің экономикасына, әсіресе, көлік, энергетика, агроөнеркәсіп салаларының тең құқықты дамуына, шынайы бәсекелестікті өрістетуге үлкен ықпалын тигізеді деген сенімнен жасалған дүние деп білемін. Қазіргі таңда елдерді экономикалық мүдде жиірек  тоғыстыруда десек, бұл тұрғыда жасалатын игілікті шаралар да елдің болашағы үшін қызмет ететінін айтуымыз керек. Аталған идея –  қажеттілігі дәлелденіп, тиімді тұстары жан-жақты сараланған қозғаушы күш. Шетелдермен ұдайы экономикалық қатынаста, байланыста болу  сауда-саттықтың, нарықтың, өндірістің, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, сайып келгенде, ел экономикасының ертеңі ерен екенін көрсеткендей. Сондықтан да еліміздің өркендеп өсуіне мол ықпал ететін одақтың келешегі кемел болғай дегім келеді.  ТҮРКІСТАН.